Қырғызстанда орын алған және жалғасып жатқан оқиғалар бауырлас елге қатерлі сынақ болып отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде және Қырғыз Республикасында орын алған қантөгістен кейін саяси үдерістердің бейбіт жолға бағытталуына тікелей мұрындық болған Қазақстан үшін бұл сынақтың ерекше маңыздылығын атап өткен жөн.
Қырғызстандағы мемлекеттік төңкерістен бір айдан астам уақыт өткендіктен, белгілі бір қорытындылар жасауға болады. Көршілес елдің толыққанды азаматтық қақтығыс табалдырығында болғаны көпшілікке мәлім жағдай. Кейбір саясаттанушылар мен саясаткерлер тіпті қырғыз мемлекетінің ыдырау мүмкіндігі жайында пікір білдіріп үлгерген болатын. Қазіргі күнде сырттан саяси араласусыз биліктен айырылған Қ.Бакиев пен бұрынғы оппозиция мүшелерінен құрылған Уақытша үкіметте ауызбіршілікке, не болмаса бір келісімге келуге ешқандай мүмкіндік қалмағаны белгілі.
Қазақстан аумалы-төкпелі қақтығыстың бірінші күнінен бастап, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде, Ресей мен АҚШ мемлекет басшыларымен қауіпті жағдайдан шығу туралы өзара ішкі келіссөздер мен кеңестер өткізіп жатты.
Қазақстанның Қырғызстанға қатысты ұстанымы шиеленістің бірінші күнінен айқындалды. Қандай саяси қайшылықтар болса да, олардың шешімі тек келіссөз, ашық үнқатысу арқылы табылуы тиіс. Осы ұстанымның көрінісі ретінде тағынан тайған қырғыз еліне қанды қақтығыстан кейінгі дәп келесі күні, яғни сәуірдің 8-інде ЕҚЫҰ төрағасының арнайы өкілі Ж.Кәрібжанов бет бұрды.
Қырғызстандағы ахуал жедел әрі нәтижелі шешім қабылдауды талап етті. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі белсенді іс-әрекеті нәтижесінде көршілес елдегі қатерлі оқиғалар әлемдік қоғамдастықтың назарына салынды. Бірнеше тәулік бойы өткізілген Н.Назарбаев, Д.Медведев және Б.Обама аралық кеңесі нәтижесінде 15 сәуірде кешке қарай Елбасының бұйрығымен Қазақстан әуе күштерінің ұшағы Бакиевті алдыру үшін қырғыз еліне аттанды. Расында да, бұрынғы қырғыз президентінің елінде қалуы ол үшін өте қауіпті еді. “Бұл өз кезегінде жаңа қантөгістен, бейбіт халықтың ажал құшуынан басқа түк те әкелмейді. Қазірдің өзінде қаза болған адамдар саны сексеннен асқаны мәлім. Одан да көп болуы мүмкін. Сондықтан мен Қазақ елінің атынан жақын көрші, жан қиыспас ағайын қырғыз халқына, өмірден озған адамдардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын”, – деді осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев.
Қ.Бакиевті Қырғызстан аумағынан шығару арқылы қантөгістің алдын алу көршілес елде тұрақтылық орнату жолындағы аса маңызды, бірақ тек алғашқы қадам болған еді. ЕҚЫҰ мен қазақ төрағалығының бітімгершілік әрекеттері 20 сәуірде Ұйымның Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Бішкекке жұмыс сапары арқылы өз жалғасын тапты. Ерекше атап кетер жағдай, билік ауысқан сәттен кейін бұл Қырғызстанға шет елдің сыртқы істер министрінің алғашқы сапары еді. Уақытша үкімет, саяси партиялар, азаматтық қоғам, халықаралық құрылымдар өкілдерімен, шетелдік дипломаттармен келіссөздер нәтижесінде Қазақстан тарабы көршілес елдегі жағдайдың тұрақтануына қатысты бірқатар ұсыныстар енгізіп, халықаралық қоғамдастықтың қырғыз халқына жәрдемдесуін тиімді үйлестіру жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізген болатын.
Қырғызстандағы келеңсіз жағдайды реттеу мен қақтығысты тоқтату – бұл біздің мемлекет үшін ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде басына алған міндеттемелеріне қатысты алғашқы сынақ болды.
Сарапшылар бұл мәселе жайында: “Қазақстан төрағалығындағы мұндай іс-әрекет ТМД кеңістігінде қақтығыс жағдайларды реттеуді көздейтін халықаралық құрылымдардың өзара әрекеттесуіндегі алғашқы табысты тәжірибе болғандығы анық”, – деп атап өтті.
Қырғызстандағы саяси дағдарыстың бейбіт шешімін қамтамасыз ету Қазақстанға ЕҚЫҰ-ға төраға ел ретінде үлкен жауапкершілік жүктегені рас. Қырғыз еліндегі жағдайды реттеуге Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуроодақтың да қосқан үлесін мойындау қажет. Алайда, кең ауқымды қақтығыстың алдын алуда ЕҚЫҰ мен оған төраға елдің шешуші рөл атқарғанын шетелдік сарапшылар ерекше атауда.
Ендігі мақсат – айырқалпақты ағайынның жаңа билікке деген сенімін орнатып, елдегі топтардың баршасын ауызбіршілікке тарту. Өкінішке қарай, Қырғызстандағы соңғы күндердегі оқиғалар тағы да алаңдатарлық сипат алып отыр. Елдің оңтүстігіндегі екі облыс орталығы – Жалалабад пен Ошта Уақытша үкіметтің жақтастары мен қарсыластары арасында қақтығыс болды. Ауыр жараланғандар бар көрінеді. Оның алдында тағынан тайдырылған экс-президент Қ.Бакиевтің сойылын соғушылар аталған қалалардағы әкімшілік ғимараттарын басып алған еді.
Сөйтіп, Жалалабад қаласының әкімшілік үйі Уақытша үкімет жақтастарының бақылауына көшіп үлгерді. Бүгінде Жалалабад пен Ошқа арнайы мақсаттағы әскерилер енгізіліп, олар қалалардағы жағдайды бақылауларына алған сыңайлы. Бірақ бұл тыныштықтың қанша уақытқа созылатыны белгісіз.
Жалпы, қырғыздар екіге жарыла беретін болса, елдің тұтастығына, тіпті мемлекеттілігіне қауіп төнетіні анық. Сондықтан ел тұрғындары билікке таласушы жақтардың мүддесінен гөрі, елдік мүддені жоғары қойса дейсің.
Сөз орайында Алматыда өтіп жатқан “ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі” Трансазиялық парламенттік форумында бүгін, сенбіде осы тақырып қозғалатынын айта кетейік.
Осындай сәтте Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Ынтымақ кеткен жерде ырыс тұрмайды” деген сөзінің орындылығы тағы да таныла түседі.
Қанат ЫСҚАҚ.