Аймақтар • 25 Наурыз, 2022

Экология министрі Петропавлдағы апат болған жылу орталығына барды

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысына келген экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Петропавлдағы жақында апат болған жылу-электр орталығына барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Экология министрі Петропавлдағы апат болған жылу орталығына барды

 

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің және өз атымнан қаза тапқан әйелдің отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Ауыр қасірет. Жылу-электр орталығының жұмысшыларына бар жақсылықты және жемісті еңбек тілеймін», деді Серікқали Брекешов.

Экология министрінің айтуынша, Петропавлдағы жылу-электр орталығы өңірдегі ауаны ең көп ластайтын кәсіпорындардың бірі.

Атмосфераға таралатын барлық залалды шығарындылардың 70%-ы осы орталыққа тиесілі.

«Былтыр 40 мың тоннаға жуық, биыл 25 мың тонна ауаға зиянды заттар тараған. Жылу орталығында күл үйіндісіне қатысты да мәселе бар. Бас директордың айтуынша, кәсіпорыннан жылына 1 млн тоннадан астам күл шығады. Бұл да шешімін табуы тиіс үлкен мәселе.

Қазіргі уақытта кәсіпорын күлді жай ғана төгіп, үйіп жатыр. Бұл қалдықты тиімді пайдаланудың бірнеше жолы бар. Оны жол салғанда қолдануға болады. Қарағанды облысында сол мақсатта қолдануда. Сондай-ақ цемент өндірісінде де пайдалануға болады. Бұл технологиялар бұрыннан бар, тек кәсіпорынға мұны қолға алу қажет», дейді Серікқали Брекешов.

,

Жылу-электр орталығында министрге карбон шығарындысы туралы, мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесін және экологиялық кодексте бар озық қолжетімді технологияны енгізу бойынша сұрақтар қойылды.

«Бұл мәселелерді алда бірлесе қарауға келістік, ортақ бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Үздік қолжетімді технологияларды енгізу арқылы ауаны ластайтын заттардың шығарындысын азайтуға болады. Экологиялық кодекске сәйкес, компания 10 жыл мерзімге кешенді экологиялық рұқсат алып, эмиссия төлеуден босатылады. Бірақ біз оларды тексере аламыз, егер компания өз міндеттерін орындамаса, айыппұл салынады», деді экология министрі.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта апат болған кәсіпорыннан экологияға келер қауіп жоқ. Түтін мұржасы құлағаннан кейін экология департаменті санитарлық-қорғаныш аймағында мониторинг жүргізді. Ауаны ластайтын заттардың нормадан жоғары шығарындысы болған жоқ. Қазір де мамандар бақылауда ұстап отыр. Бұдан бөлек «Қазгидромет» күнделікті мониторинг жүргізеді.