Аймақтар • 28 Наурыз, 2022

Өрмекшінің өмірі

771 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскеменде өрмекшілер көрмесі өтті. Әдетте буынаяқ­тылардың қимыл-қозғалысына мән бере бермейді екенбіз, сөйтсек әр қозғалысынан әлденені аңғаруға болады екен. Оны көрермендерге араханология, яғни өрмекшілерді зерттейтін маман көрсетіп, айтып берді.

Өрмекшінің өмірі

Суретті түсірген автор

Көрмеге Қазақстан аума­­­­ғында кездесе бер­мей­­тін улы өрмекшілер қо­йыл­ды. Ауылдық жерде бау-бақшаларда жүретін бүйі­лерден бөлектеу. Қы­зылды-жасылы, үлкенді-кішісі бар. Шыны жә­шіктердің ішінде тұр­са да, жылтыраған көз­де­ріне, жыбырлаған буынды аяқтарына, түкті арқасына қарап, тіксініп, тітіркеніп қаласың. Улы болғанымен, адамды албаты шақпайды. Өзіне төнген қауіпті сезгенде ғана шабуылға кө­ше­ді екен. Көздері көп бол­ғанымен, бұл жән­діктердің көруі нашар, есту қабілеттері де жоқ. Маңайын дауыстың тол­қындары арқылы ғана сезеді.

Араханология ма­ма­ны, көрмені ұйымдас­тырушы Рүстем Есен кө­рермендерге өрмек­шінің өздіктерінен шақ­пайтынын тәжірибе жү­зінде көрсетіп, көздерін жеткізді. Алдымен өрмек­шінің түкті арқасын сипап көрді. Ондайда өрмекші зу етіп қаша жөнелді. Со­дан соң қолындағы затты сермеп еді, өрмекші айбат шегіп, шағып алуға ыңғайланды. Демек, бұл тіршілік иесінің өздігінен адамға деген зияны жоқ екендігін көрмеге барған көпшілік түсінді.

Жалпы, жер бетінде өрмек­шілердің 42 мың түрі бар екен. Статистикалық деректерде мыңға жуық түрі жойылы­п кеткендігі көр­сетілген. Де­генмен көбеюі тез секілді. Ұрғашы өрмекші бір салғанда, 3 мыңға жуық жұмыртқа салатын көрінеді. Қоректенуі де қызық. Бірі азығын тор құрып ауласа, енді бірі жыртқыш аңдай аулап алады. Сөйтіп тіршілігі жалғаса береді. Міне, тір­шілігі табан астындағы өр­мек­шілердің өмірімен ай­нал­дырған бір сағатта-ақ таны­сып шықтық. 

 

ӨСКЕМЕН