04 Сәуір, 2014

Қара дауылға қарсы ұшқан қыран

1305 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Қазақ әдебиеті тағы да бір абыройлы биікке көтерілді. Ресей Федерациясының «Лучшие книги и издательство года-2013» атты ұлттық сыйлығы Немат Келімбетовтің «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Надежда. О самом сокровенном» («Үміт үзгім келмейді») кітабы үшін берілді. Бұл жайында «Литературная газета» 26 наурыз – 1 сәуір аралығындағы нөмірінде жазған. Танымал әдебиеттанушы Серік Негимовтің қаламгер шығармашылығы туралы толғанысын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Немат К Түркітанушы, жазушы, педагог Немат Келімбетов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың және Күлтегін сыйлығының лауреаты. Н.Келімбетов 1959 жылы Ташкент Халық шаруашылығы институтын тәмамдаған. Келес, Сарыағаш аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі міндетін атқарған. 1962-1965 жылдарда Қазақ КСР ҒА-ның Экономика институтында кіші ғылыми қызметкер, 1965-1970 жылдарда «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1970-1974 жылдарда Министрлер Кеңесінің мәдениет бөлімінде референт, Қазақ КСР Әдебиет, өнер және архитектура саласындағы Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитеттің жауапты хатшысы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің мемлекеттік терминологиялық комиссия­сы, баспасөз және кино істері жөніндегі референті. 1981 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде ұстаздық етті. *** Ғұмыры ұстараның жүзінде, иненің ұшында өтсе де, адам төзгісіз тағдыр талқы­сына тап болса да, есесін жібермей қайрат дейтін қыранның қанатында қалықтап самғап, білім теңізінде, шабыт шалқарында ойы гүлдеп, өршеленіп құлаштап, мағыналы, салиқалы шығармалар туындатқан Немат аға Келімбетовті 1969 жылдың көктемінде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, мейірбан тәлімгер Ханғали Сүйіншәлиевтің үйінде (Ушаков көшесі, 82 үй, Тастақ) көрген едім. Бойы есік пен төрдей, қақ-соқпен ісі жоқ, артық ауыз сөзі жоқ кісі сыңайлы сияқты көрінді. ...Сонан соң 1992 жылы менің докторлық диссертацияма пікір бергені, Немат аға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де докторлық қорғағанда басы-қасында болғаным да бұл күнде көңілге ерекше бір жылылық әкеледі. Профессор Немат Келімбетов грек тарихшылары Геродот, Страбон, Полиэн, Эфор еңбектеріндегі, Гомердің «Одиссея», «Илиада» эпостары және Эллада ақыны Эсхил шығармаларындағы, «Авеста» кітабындағы, Фирдоусидің «Шахнамасындағы», Бируни, Қашғари, Хамза Исфахани, Рашид-ад-Дин, Мұхамед Хайдар Дулати, Әбілғазы еңбектеріндегі сақтар әлеміне, олардың шаруа-кәсібі, наным-сенімдеріне, Тұран елінің әміршілеріне, ел мен жерді қызғыштай қорғаған қырандарына тікелей қатысты құнды деректерді, мағлұматтарды жіпке тізген меруерттей сипаттап, атам заманда ғұмыр кешкен Тұмар (Томирис), Шырақ, Алып Ер Тоңға (Афрасиаб), Шу сынды айбарлы қолбасшы батырлар жайындағы қаһармандық дастандардың зерттелу тарихнамасына, идеялық-мазмұнына ой жарығын түсірген. Тұмар патшаның, Шырақ батырдың керемет ерлік істері, отаншылдық рухының асқақтығы, тактикалық, стратегиялық ше­бер­лігі, тапқырлықтары ұрпаққа үлгі. Әде­биет тарихшысы «Алып Ер Тоңға» дастанына нәзік талдаулар жүргізу барысында қыруар деректерді жетік сөйлетеді. Әсіресе, «Алып Ер Тоңғаны жоқтау» жырының көне түркі фольклорының дәстүрі рухында шығарылғаны әрі қазақтың батырлық эпо­сында, ақын-жыраулар өнернамасында нақ­ты көрініс тапқандығы тиянақты дәйектеледі. Тарихи сана-зердемізді жаңғыртатын, жаңартатын, тереңдететін «Аттила» дастаны жөніндегі тарихи-мәдени дерек көздері, қадау-қадау ой-пікірлері зерттеудің рухани құндылықтарын жетілдіре, айқындай түседі. Мұнда Батыс ғұн империясының билеушісі, құдіретті қолбасшы, майталман дипломат Аттиланың Рум әскерімен шайқасы мейлінше әсерлі, көркем суреттеледі. Екі жүз мың сарбаздарын бастап Рум қолын даңқты қолбасшы Аэций бастап шықса, одан екі есе аз жасағымен ақбоз аттың үстінде отты семсер ұстаған Аттила қарама-қарсы шығады. Есепсіз әскер санымен, соншалықты нөпір ат тұяқтарының дүрілдеген дүбірінен қара жер дүркіреп-күркіреп қаңылтырша қалты­рағандай, көкжиекті шегірткенің бұлтындай тастай қараңғы ғып жібергендей. Соғыс тәртібі бойынша, садақтың жебесі жетіп жығылатындай арақашықтықта екі жақтың әскері де шұғыл кідіріп, қолбасшы көсемдері жекпе-жекке шығады екен. Сол сәтте алтын жалды тұлпарымен Ат­ти­ла ойқастап, дауылпаз дауысымен саңқ етеді: – Ей, Аэций! Шық бері! Румды ұятқа қалдырма! Айбынды сөзге азулы Аэций селк етпейді. Маңғаз, сырбаз, тәкаппар қалпынан айнымайды. Бұ да сес көрсетудің бір тәсілі шығар. Сөйтіп, тор көз сауыт киген, найза ұстаған Аэций Аттилаға оқ жыландай атылады. Кірпік қаққанша Аттила оны ат үстінен жұлып түсіреді. Дереу жойқын, аласапыран соғыс оты тұтанып, қан суша ағады, өліктер тау-тау болып үйіледі... Сонымен әупіріммен тірі қалған Рум әскері жым-жылас болып табанын жалтыратады. Қаһарман Аттила әскерін бастап, Рум қайдасың деп суыт жүріп кетеді. Рум қаласының қақпаларына жеткенде, Рум Папасының өзі бастаған бір топ өкілдер Византия сенатының шешімін тапсырады. Онда былай делінген: «Аттилаға түгел бағынамыз, айтқанын істейміз, қазынаның бар байлығын береміз, тек ол қасиетті қала Румды өртемесін». Ар-намыстан жаралған Аттила баһадүр барша ноянзадаларымен шаһарға соқпай, Шығысқа бет түзейді. Профессор Немат Келімбетов келтірген «Аттила» дастанының сюжеті осындай. Қытай көне жазбаларында сақталған «Көкбөрі» дастаны ғұндар тайпасының құрамдас бір бөлігі «елу шаңырақ» Ашина руы жайындағы аңыздардан құралған. Немат Келімбетов «Ашина» ұғымының түп-төркініне назар аударады. Бұл туынды сөз «асыл текті қасқыр, бөрі» деген мағынаны береді екен. Түркі тайпалары мен Түрік мемлекетінің тізгінін ұстаған қайраткер Ашина есімді болған дейді. Түркілік дүниетаным бойынша, Көкбөрі – қасиетті, киелі тотем. Профессор Немат Келімбетовтің көрсетуінше, ерте заманда Алтай өлкесінде ғұн тайпасының бір бұтағы Күнбатыс жаққа көшеді. Онда қала салып, мемлекет құрып, қарулы әскер ұйымдастырып, бақытты заман құшағында еркін тыныстап жатады. Айдың аманында осы елге жау қырғидай тиіп, халқын қырып жібереді. Тек 9 жасар ұл аман қалады. Түзде жортып жүрген бөрінің қаншығы қансыраған баланы ініне апарып, асырап, сақтайды. Ақырында қаншық осы ұлдан жүкті болады. Өршеленген дұшпан қайтып оралып, жеткіншекті тауып алып, кескілеп өлтіреді. Үрейі ұшқан буаз қаншық ит арқасы қияндағы Алтайды паналап, он баланы жарық дүниеге әкеледі. Олар өсіп, есейіп, өркендеп, тұтас бір ұлысқа айналады. Әдебиеттанушы Н.Келімбетов ғасырлар тереңінде туған «Көкбөрі» дастанының әдеби-тарихи және этнографиялық сипат­тарын зерделеу барысында Н.Я.Би­чу­рин, Мехмет Фуат Көпрүлү, Л.Н.Гу­ми­лев, Н.С.Банарлы тәрізді айтулы оқы­мыс­ты­лардың тұжырымды ой-пікірлеріне жү­гі­ніп отырады. «Ергенекон» дастаны түр­кі халықтарының қоныстануы немесе Жер­ұйықты іздеп тапқаны туралы толғау десе де болады. Автордың түсіндіруінше, «Ергенекон» «шатқалдағы қоныс» деген ұғым­ды мәлімдейді. Осынау құтты-қайырлы қоныста жаны да, малы да көбейіпті, көркейіпті. Бірде ел тізгінін ұстаған әмірші: ақылгөй, батыр Бөрте Шене халқына жалынды сөз арнайды: – Уа, қасиетті Көк Бөрі ананың ержүрек оғыландары мен әулеті! Біздің ата-бабаларымызға ерте дәуірлерден бері осы Ергенекон жері құтты мекен болған. Көк тәңірі бізді қолдап, өстік, өндік. Ергенекон жеріне баршамыз бас иіп, тағзым етейік. Әйтсе де ұлы бабаларымыздың зираты жатқан қасиетті атамекеніміз заңғар таулардың арғы жағында екенін ұмытпайық, атажұртқа атбасын бұрайық. Табғаштарды жерімізден аластайық. Дастандарда ұлы көштің атажұртқа бет түзегені, биік таулардан көштің өте алмай дағдарғаны, сонда темірден түйін түйген ұстаның жетпіс түйенің терісінен көрік жасағаны, сөйтіп, тауды балқытып еріткені, керуеннің өткені, табғаштардан құтылғаны, Түрік Қағанаты мемлекетін құрғаны кеңінен жырланады. Задында, ұлттың рухани-мәдени тұрғы­дан көркеюі жолында қадым замандағы рухани сұлулыққа бөленген ізденістер, ізгі мұраттар, идеялық-көркемдік дәстүрлер мейлінше өміршең. Бұл орайда ойшыл Бөрте Шененің арнау сөз айту дәстүрі «Күлтегін», «Ер Қосай» жырларында, Асан қайғы толғауларында жалғастық тапқанын профессор Н.Келімбетов нақты дәйектермен дәлелдейді. Сақтар мен ғұндар заманында туған ежелгі түркі әдеби жәдігерліктерінің ішіндегі қаһармандық дастандардың әдеби-тарихи ерекшеліктері көркемдік дәстүр заңдылықтары негізінде сараланады. * * * Жазушы Немат Келімбетовтің «Қария­лар», «Ұлыма хат» дейтін эсселерін­де бабалар тағылымы мен тәжірибесі, ата-ананың ардақты істері мен өнегесі, «толымды-білім­ді», «сәулелі кісі» тәрбиелеу ісіндегі, ұлт­тық болмыс, ой-сана жайындағы келісті ой-тол­ғамдары, «алты батпан азапқа батқан қасіретті күндерінің» көріксіз суреттері, «зілдей ауыр ойлары, білгені елге қыруар қызмет көр­сет­кен кемеңгерлердің даналық, ізгілік, адам­гершілік дәрістері, қазақ халқының замандар мен дәуірлер бойғы жасаған рухани та­рихы, ата-тек шежіресін таратып айту дәс­түрі, ел басқару мен адамды ойлай білуге үй­рету өнері, билік-шешендік кесімдері, дос­тық, бақыт, татулық, сыйластық мәнісі, қайы­рым-мейірім, ар-ождан, қаһармандық, тұлғатану, дүниеқоңыздық, ішмерездік, қыз­ған­шақтық, тәкаппарлық, ашкөздік, мен­мендік, жатыпатарлық, жантықтық, жа­тып­ішерлік, мансапқорлық, құбақандық (екі­жүз­ді­лік), «зымыран-уақыт» мәселелері терең парасатпен пайымдалып, тебіреністі баяндалады. Ойшылдық пен көркемдікті шығарма­шылық еңбегінің қазығы еткен қайсар мінезді, от жігерлі Немат ағаның асыл ойларына бір мезет зейін-зердемізді аударайық: «Мейірімділік» деп аталатын пәннен анам марқұм маған ғұмырлық дәріс беріп кеткен екен», «Ақсақал атану – ер-азамат бақытының бір көрінісі», «Берілген өмір – аманат. Ете біл соған қанағат» және т.с.с. «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп Абай айтқандай, қаламгер Н.Келімбетов «Ақсақалдыққа дайындық жастық шақтан басталады» атты сұхбатында: «Кезінде әкем Бұхарадағы Көкелташ медресесін бітірген екен. Ол араб, парсы және шағатай тілдерін жетік білетін. Үйімізде араб әрпімен жазылған қисса-дастандар көп болатын... Әкем жоқ кезде сол көне дастандарды мен де оқи беретінмін. Арабша жазуды маған әкем үйреткен еді» депті. Қисса-хикаялардың меруерт толқындарын, сырлы да сиқырлы суреттерін жүрегіне ұялатқан Немат ағаның сөз өнеріне деген жан құмары, ілтипаты ерте оянғаны, әу баста-ақ қиял құсы қанаттанғаны, сезім дүниесі гүлденіп көркейгені, дүниетаны­мының кеңейгені көрініп-ақ тұр. Қайраткер әкесі Келімбет Қалдыбекұлының «Менің иманым жүрегімде» деген қасиетті сөзі әрі түркітанушы, әрі драмашы, әрі жазушы, әрі ұстаз Немат Келімбетовтің шығармашылық өмірбаянында жарық сәуле шашып, жарқын көрініс тапқан. Осы орайда әкесі Келімбеттің қыран құс туралы хикаяны жұтынтып, тамылжыта жеткізгенін былайша сөйлетеді: – Бүркіт көп өмір сүреді, – деп бастады әңгімесін әкем. – Бірақ ол өзінің ұзақ өмірінде ұяда жатқан әр балапанын небәрі бір рет қана ұшырып үйретеді. Енді ғана темір қанат болып келе жатқан балапанын бүркіт тістеп алған күйінде көз жетпес биік аспан тұңғиығына самғап ұшып шығады да, кенет аузындағы балапанын төмен қарата лақтырып жібереді. Әлі бір рет те қанат жазып, ұшып көрмеген өз балапанын аямайды екен-ау деп қаласың. Бірақ қас-қағым сәтте әлсіз қанаттарын ашуға шамасы келмей, жерге қарай құлдырап бара жатқан балапаны соңынан ана бүркіт құйындай ағып келеді. Егер балапан жерге жақындағанша қанатын аша алмаса, онда ана бүркіт шүйіліп кеп оны қағып алады да, қайтадан биік шың басындағы өз ұясына апарып қояды. Бірақ ана қыран шексіз аспан әлемінде өз күш-қуатымен бірден самғап кете алмаған темір қанат балапанына қайта мойын бұрып қарамайды екен. Енді әлгі балапан өзінің жер бауырлап жүретін жылан емес, аспан әлемінде құйындап ұшатын қыран екенін тек өз қайратымен, ерік-жігерімен ғана дәлелдей алады. Егер оған рухы жетпей қалса, онда қайырымсыз қанаттарына қарғыс айтып, үн-түнсіз мына жарық дүниемен мәңгілікке қоштасады екен, – деп бітірді әңгімесін әкем. Ол эпистолярлық мұрасында: «Менің мақсатым – бабаларымыз ешкімнен кем болған емес, олармен терезесі тең тұрған дегенді айтпақпын» деп жазады. * * * Ой мен сөз зергерінің ақылдың алтын астауы іспетті «Күншілдік» атты сұхбат-диалогы «Азап шеккің келмесе, күншіл болма», «Досыңның бақытты болғанын кешіре аласың ба?», «Күншіл адам – мұңшыл адам», «Әйелі сұлу жігіттің шынайы досы болмайды», «Дұшпаныңды құрметтесең досыңдай...», «Сабыр дейтін мықты бар», «Жарғанат жарықты жақтырмайды», «Есіл жастық, қайран жастық күндерім», «Өтірік, өсек, мақтаншақ...», «Сен өзіңді-өзің алдай аласың ба?», «...Ашкөзділер жаһанды жеп, тояр ма?», «Тәкаппарлық – тексіздіктің белгісі», «Күншіл адам өлсе де, күншілдік өлмейді» сияқты баптардан тізіліп түзілген. Автор күншілдіктің себеп-салдарын, зардабын түсіндіріп, әшкерелейді. Жамандық дегеніміз бүйі мен шаян тәрізді. Мұны алуан түрлі мысалдар, тәмсілдер, салыстырулар арқылы көрсетіп отырады. Айталық: «Қызғаншақ жан өзі қызғанып отырған адамға дүрбімен қарайды. Сонда әлгі адамға түймедей кемшілік түйедей боп, оймақтай ойы орасан зор шындық боп көрінеді». Тобықтан қағу, іштен шалу, сөз тасу – көргенсіздік. Ендеше, былық-шылықтарға тас ату, көзін жою, арамшөптерден тазарту – өсер елдің басты парызы. Жазушы Н.Келімбетовтің «Күншілдік» дейтін философиялық шығармасы оқырман­дарға «ұятың, арың оянсын» деген ойды ұқ­ты­рады. Даналық ілім тарихындағы «Кабус­нама», «Рабғұзи қиссалары», Әлішер Науаидың «Ғашық жүрек» дүниетанымыңды, әлеуметтік-этикалық көзқарасыңды, тәжірибеңді, білім-білігіңді қалай тереңдетсе, Тәуелсіз Қазақ елінің рухани көркеюіне, түлеуіне соншалықты әсер етері сөзсіз. * * * ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында жазушы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деген повесі жарық көргенде атақты ақын Әбділда Тәжібаев: «Мен бүгін адам туралы әсем әңгімелер айтқан жас жазушымен кездестім. Оқымасаңдар – оқыңдар!» деп жар салған-ды. Мен соның куәгерімін және Әбекеңмен бір бөлімде қызметтес едім. Дереу ғалым, жазушы, ғылым докторы Мырзабек Дүйсенов (1928-1988) «Лениншіл жасқа» «Ерлік монологы» дейтін жалынды пікір жазды. Онда былай делінген: «Шынында да бұл тағдырдың қатал сынына түскен азаматтың сын сағаты соққан сәтте ақтарыла айтқан ішкі сезімінің толқынысы екен. ...Үрей, қорқыныш қана емес, махаббат пен ғадауаттың, бақыт пен бақытсыздықтың, сиықсыздық пен сұлулықтың жігі несімен көрінеді? Уақыт – кеңістік туралы қалай түсінеміз? Не үшін өмір сүреміз? Міне, осы­ның бәріне мүгедек Ержанның көзімен бір қарап көрелікші, сонда біз өмірдің бү­ге-ші­гесіне тереңірек үңіліп, жаңаша бағалаймыз. Қанша нала, өкініш, қиналу мен қынжылуды өткергенмен, түңілу жоқ. Болар іске болаттай беріктік, қайсар мінез бар.» Сыншы Мырзабек Дүйсенов «адалдықтың тәңірісіндей» Гауһар, Ержан, Қуат болмысында «табиғаттың дәл өзіндей тазалық байқалатынын» дәйектеп көрсетеді. Бір айта кетерлік жайт, Немат ағадай тағдырдың тақсіретін көрген, көнген, о дүниеден қайта оралған ұстазым Мырзабек аға өзінің ұбақ-шұбақ бейнетқорлығы хақында ойында пісіріп жүрген еді, мынадай керемет шығарманы оқығаннан кейін, шұғыл райынан қайтты. Тегеурінді талант тәржіма өнерімен де шұғылданды. Ол украин жазушысы Василь Казаченконың «Найзағай», өзбек жазушылары Саид Ахмадтың «Көкжиек», Пірімқұл Қадыровтың «Жұлдызды түндер» дейтін романдарын кемел суреткерлікпен аударған. Аудармашы Н.Келімбетов «түпнұсқадағы гүлдей құлпырып тұрған ғажайып көріністерді» табиғи ажар-көркімен, төлтума қасиеттерімен жеткізген. * * * Жүрек қазынасы, асыл ой дүниесі «Қорқыт жаққан шырақтай» жалындап-жарқырап отырады екен-ау! Соқыр көзден жас ағызатын, тасжүректі балқытатын «Үміт үзгім келмейді» деген повесі әдебиет майданындағы бәсеке-жарыста тағы бір биік мәртебеге ие болыпты. Әдебиет дәстүрлері берік орныққан Ресейдей елде жылдың үздік кітабы болып Немат ағаның «Үміт үзгім келмейді» хикаяты танылыпты. Қуанамыз. Мақтанамыз. Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.