04 Сәуір, 2014

Текетірес

466 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Редакцияға Алға ауданы Бестамақ ауылы­ның бір топ ақсақалының атынан жеті адам қол қойған хат келді. Хаттың қысқаша мазмұны төмендегідей: – 1996 жылы біздің Бестамақ ауылы орталығы болып табылатын «Аққұс» құс фабрикасы» акционерлік қоғамының басым көпшілік акциялар пакетін Ақтөбе қаласының тұрғыны Серік Үмбетқалиев деген азамат сатып алды. Соңынан халықтың қолындағы шамалы акцияларын азын-аулақ ақшаға сатып алып, бұрынғы құс кеңшарының бүкіл мүлкіне ие болды. Сол кезде ол жиналыс ашып, халықтың алдында «Кеңшар кезіндегідей егін егеміз, тоқтап қалған құс фабрикасын іске қосамын, ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз етемін», деп уәдесін берген еді. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар, атап айтқанда, «Мәдениет үйі, балабақша мен дәрігерлік пункт өз бағыттары бойынша жұмыс істей береді», деген-ді. Алайда, берген уәдесін орындамай, «Бестамақ» және «Туған жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін құрып, бүкіл техниканы, құрал-саймандар мен қосалқы бөлшектерді, басқа мүліктерді, яғни №1 құс фабрикасы кешенін, балабақша ғимаратын, үлкен екі өндірістік қойманы сатып жіберді. Бүгінгі күнге Серік Үмбетқалиевтің меншігінде сатылмай қалған тек үш нысан – Мәдениет үйі, ауылдық дәрігерлік амбулатория мен МТШ ғимараттары ғана қалды. Ол бастапқыда ауылға келіп, мерекелерде ардагерлерге азын-аулақ сыйлықтар беріп, халықты алдарқатып кететін. Соңғы 6-7 жыл бойы ауыл халқымен кездесуге мүлдем келмей қойды. Себебі, ол уәдесінен шықпай, халықты алдап келеді. Текетирес-2 Ауылдағы бар әлеуметтік нысандарды халық өз игілігіне пайдалана алмауда. Бестамақ ауылында 5 мыңға жуық халық тұрады. Оның 60 пайызы жастар. Ауыл жастарының бос уақытын көңілді өткізетін Мәдениет үйінде құлып тұр. Жастар көшеде сандалып, бос жүреді, арақ-шарап ішеді. Осының салдарынан жастардың арасында құқық бұзушылық көбейіп барады. Бүгінгі күні Мәдениет үйі азып-тозып тұр, төбесінен қар мен жаңбыр суы ағады да тұрады, жылу жүйесі жұмыс істемейді. Біздер, ауыл ақсақал­­дары, болашақ ұрпақтың қамын ойлап, үлкен басымызбен Серік Үмбетқалиев мырзадан Мәдениет үйін мемлекет меншігіне қайтарып беруді сұрап бірнеше рет алдынан өттік. Бар­ған сайын «жақсы, қайтарып беремін» деп уәдесін береді, бірақ, соңынан айнып шыға келеді. Ол оны мемлекет меншігіне берсе, құры­лыс-жөндеу жұыстарына бюджеттен қар­жы бөлінер еді. Мәселе әлі күнге шешіл­ме­ген күйінде қалып отыр», – дейді ауыл ақса­қалдары. Міне, әділдік іздеген ауыл қарт­та­рын толғандырған мәселенің ұзын-ыр­ғасы осындай. Хаттың мазмұнымен танысқан соң ауыл ақсақалдарымен кездесу үшін Бес­тамақ ауылына жолға шықтық. Осы аттас село­лық округ­тің әкімі Тағыберген Исенов өз ор­нында екен. Сапарымыздың мақсатын айт­қан соң-ақ, мәселенің мән-жайына қанық екенін жеткізді. Ауыл ақсақалдары жиналғанша осы мәселе төңірегінде ауыл басшысын сөзге тартқанбыз. – Бұл өзі көптен әңгіме болып келе жат­қан мәселе. Редакцияға жазылған хаттағы айтыл­ғандардың барлығы да шындық. Серік Үмбетқалиевтің өзін осында шақырып, ауыл ақсақалдарымен кездестірдім. Сонда ақса­қалдар «Жақсы, өткен өтті, сол кездегі ауыл шаруа­шылығын жаппай жекешелендіру желе­уімен бірталай байлықты иеленіп алдың. Оны енді қайтарамыз деп әуре болмай-ақ қояйық. Мына, Мәдениет үйін мемлекет мен­ші­гіне қайтарсаңшы, ел игілігін көрсін. Бұлай азып-тозып тұра бермесін», дегенде, «Жарайды, қайтарамын», деп уәдесін берді. Сол бойда Мәдениет үйіне кейін қайтарып алуға қажетті құжаттарды алып барсам, Серік Үмбетқалиев айнып қалыпты. «Бюджеттен ақша шығарып, сатып алыңдар», деп қарап тұр. «Жығылған күреске тоймайды» дегендей, жас жігіт қой, түсінер деп тағы да хабарластым. «Кел, сөйлеселік», дедім. «Жоқ, енді өздерің келің­дер», деген соң, ауыл ақсақалдарын екі ма­шинаға отырғызып, қаладағы соның жеке­меншік «Адмирал» мейрамханасына бардық. Шыны керек, әдемі қарсы алды, ақсақалдарға дастарқан жайды. Тағы да «Мәдениет үйін қайтарып беремін» деген соң ақсақалдар риза болып, батасын беріп тарасты. Уәденің ізі суы­май тұрғанда мәселені шешіп алмақ болып, қайта соққанымда тағы баяғы әуеніне басты. «Тегін бере алмаймын, сатып алыңдар», деп қарап тұр. Міне, содан бері ауданда үш әкім ауысты. Осы даулы мәселеге араласқан үшінші әкім Айбек Сағиевке де алып кірдім. Оған айына сегіз жүз мың теңге төлеп, жалға алыңдар деген ұсыныс жасады. А.Сағиев «бұл Мәдениет үйі осы күйінде пайдалануға келмейді. Жөндеп бер, сонан кейін осылай істеудің жолдарын қарастырайық», деді. Одан кейін де «ақшам жоқ, жөндей алмаймын, сатып алыңдар», дегені­нен танбады. Бұған да келіселік деп, Мәде­ниет үйінің ғимаратына 15 миллион теңге ұсы­нылды. Ал ол одан қымбатырақ сатқысы келді. Бюджетте ондай қаржы жоқ, – дейді Бес­тамақ ауылдық округінің әкімі Тағыберген Исенов. Ауыл әкімі де, ауыл ақсақалдары да Мәде­ниет үйін соттасып қайтара алмайтындарын бек түсінеді. Себебі, Серік Үмбетқалиев оны өз атына жекешелендіріп алған, құжаттап Әділет басқармасына тіркетіп қойған, барлығы да заңды. Дегенмен, кезінде болмашы қаржыға су тегін алған ғимаратты осы жерге еңбегі сіңген халыққа қайтарып беріп, азаматтық жасайды деген сеніммен осыншама уақыт онымен келіссөздер де жүргізілген. Ауылдықтарды алаңдататыны осы халық игілігіне қызмет етуі тиіс Мәдениет үйінің азып-тозып тұрғаны, сон­дай-ақ, ертеңгі күні біреуге балабақша сияқ­ты са­тып жіберсе, талан-таражға түсіп кете ме де­ген қауіптері де жоқ емес. Ал, мұн­дай үл­кен 400 орындық Мәдениет үйі ауыл тұрмақ, ауда­ныңда да жоқ дегенді алға тартады бестамақтықтар. Біз осылай ауыл әкімімен әңгімелесіп отыр­ғанда ақсақалдардың да алды көріне бастады. Кезінде осы ауылдың экономикалық дамуына, әлеуметтік нығаюына бір кісідей маңдай терлері сіңген ақсақалдар әңгімені әріден бастады. «Аққұс» құс кеңшары қала іргесіндегі іргелі шаруашылықтың бірі болыпты. Бір мыңнан астам адам еңбек еткен. Ауыл шаруашылығын жаппай жекешелендіру басталғанда кеңшар директоры Житинский деген бір түнде іс қағаздарын да тапсырмай Ресейге табанын жалтыратқан. Ауыл ақсақалдарының айтуын­­­­ша, оның орнына кел­ген басшы да көп тұрақтамаған. 1996 жылы кеңшар акционерлік қоғамға айналып, оның акцияларының 61 пайызын Серік Үмбетқалиев сатып алып, кейін бұрынғы кеңшардың мүлкін түгелдей өзіне қаратып алған. Әрине, акционерлік қоғамды құру барысында өздеріңіз қатысқан жоқсыздар ма деген сауалымызға ақсақалдар «Ол кезде ешкім ештеңе түсініп болды ма? Акционерсіңдер деп 30 акциядан ұстатты. Оны сол уақытта 30 теңгеден қайта сатқандар да болды, тіпті, әлі күнге сандықтарының түбінде сақтап жүр­гендер бар болуы мүмкін. Ешқандай түсінік жұмыстары жүргізілмеді, Серіктің үйіп-төгіп берген уәдесіне малданып қалдық» дейді қазір. Әрине, енді бұдан он бес жылдан астам уақыт өткен жекешелендірудің қан­ша­лықты адал өткізілгенін саралап жатудың өзі артық. – Біз де өткенді қазбалағымыз жоқ. Басқасын былай қойғанда, екі құс шаруашылығы кешенін, бір шошқа шаруашылығы кешенін, сондай-ақ, 160-қа жуық автомашинаны, 17-18 «К-700» тракторын, 120-дан астам әртүрлі маркалы тракторлар мен құрал-жабдықтарды сатып жібергенін індеттіріп жатудан аулақпыз. Біз Серік бауырым, алғаныңды алдың, сатқаныңды саттың, ешкім қолыңды қаққан жоқ. Енді халыққа ауадай қажет болып отырған Мәдениет үйін мемлекетке қайтарсаңшы. Соған қарап отырған жоқсың, біз білетіндей қалада үш бірдей мейрамханаңның өзі тіршілігіңе жетеді ғой, дейміз біз, – дейді ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманжол Ахмет. Біз әңгімелескен ауыл ақсақалдары Бекбо­лат Нұрпейісовтің, Шапай Қошмағамбетов­тің, Сағидолла Оразмағамбетовтің пікірлері осы мағынада өрбіді. Олар ауылдағы жастардың бос уақыттарын өткізетін мәдени орынның жоқ екенін, сондықтан кейбір жастардың ислам дінінің жат ағымдарына бой үйрете бастағанын да жасырмады. Бұлай бола берсе, арты үлкен қасіретке соқтыруы бек мүмкін еке­ніне қауіптенеді қарттар. Сондай-ақ, Серік Үмбетқалиевтің ауылға бірде-бір техника қал­дырмай кеткенін, кәріз құдықтарына жиналған шайындыларды құс фабрикасынан немесе жеке су соратын көліктерді жалдап, лаждап келе жатқандарын да құлаққағыс жасады. Әрине, мұндай жағдайдың сол күні кешегі ауыл шаруашылығын жаппай жекешелендіру салдары екені айтпаса да түсінікті. Енді оның ақ-қарасын айырып алудың өзі қиын. Ал ауыл ақсақалдарының өтінішін қисынсыз деуге де келмейді. Сондықтан Серік Үмбетқалиевпен тілдесіп, оның да бұл бағыттағы ой-пікірін білуді жөн санадық. Кәсіпкермен кездестік, Мәдениет үйіне қатысты қандай ойы барын сұрадық. Әңгімесін бастамас бұрын бір бума құжаттарды алдымызға тосты. Онда әр жылдары ауылға, онда өткен шара­ларға, ауылдықтарға қандай қаржылай қолдау көрсет­кені туралы құжаттар тіркеліп қойы­лып­ты. Ұсы­нақтылығы көрініп-ақ тұр. Алай­да, Мәдениет үйін мемлекет меншігіне қайтарып беруге қалай қарайсыз деген сұрағымызға алыс­тан орағытып жауап берді. – Мен шаруашылықтың берешегін өтедім. Тарағанға дейін адамдарға жалақы төлеп тұрдым. Сұрағандарын бердім, қиын кездерде қолдай ақша әкеліп, жалақыларын бердім. Есет батырдың басына түнемелік үй салдым. Ауылдағы су құбырын өз күшіммен ұстап тұрдым. Мәдениет үйін қаржылай қиындық қысқан 2002 жылы күрделі жөндеуден өткі­зіп, ауылдықтарға қызмет көрсетуіне жағдай туғыздым. Екі штат ашуға ұйытқы болдым. Кейін Мәдениет үйі талан-таражға түсті. Әкімдер мемлекет меншігіне қайтаруға ұсыныс жасады. Мен өз талабымды қойдым. Олар ол талабымды орындамады. Яғни, су құбырын ұстауға жұмсалған қаржыға өтем жасамады, әкем Тағыбергеннің атына көше атауын беремін деген, оны да орындамады. Ал Мәдениет үйін бірден күрделі жөндеуге менің күшім жетпейді. Біртіндеп жөндеу үшін есік-терезелеріне тас қалап бекіттім. Болашақта күрделі жөндеу жүргізетін болармын. Ал ауыл әкімі ақсақалдарды маған айдап салғанша, өзі жұмыс істеуі керек. Ешқандай жұмыс істемейді, – деді Серік Үмбетқалиев. Кәсіпкердің кезінде ауылға жасаған азды-көпті жақсылықтарын ешкім де жоққа шы­ғара алмас. Дегенмен, бергенінен алғаны көп екенін айтады ауылдықтар. Алайда,оның сөзінен Мәдениет үйі менің жекеменшігім деген пиғыл аңғарылып тұрды, мемлекетке қайтару туралы нақты ештеңе айтпады. Әрине, біз де оның құқығына қол сұғудан аулақпыз. Дегенмен, ақсақалдарға қайта-қайта уәде беріп, тайқып кетуінің мәнісін ұққандай да болдық. Қайткенде де Мәдениет үйін тегін бермейтіні әңгіме ауанынан аңғарылып қалды. Ауыл ақсақалдарын да, осы ауданды басқарған үш бірдей әкімді де құрғақ уәдемен алдарқатуды азаматтық дей алмасымыз анық. Біз кәсіпкердің уәжі қаншалықты шын­дық­қа саяды деген сауалды Бестамақ ауылдық округінің әкімі Тағыберген Исеновтің алдына тартқанбыз. Ол су құбырын ұстауға халықтан ай сайын ақша жинап алғанын, оны жекешелендіруге үлгере алмай қалғанын жеткізді. Су құбыры иесіздікке ұшырап, халық арыз-шағым жазғаннан кейін иесіз екені анықталып, сот арқылы коммуналдық меншікке берілгенін айтты. Сөйтіп, бюджеттен 138 миллион теңге бөлініп, күрделі жөнделгенін мәлімдеді. Қазір су құбыры қалыпты жұмыс істеп тұр. – Ал әкесі Тағыбергенге көше атауын бермеді дегенге келсек, біз ол талабын да ор­ын­дағанбыз. Жеме-жемге келгенде мұнысы да әншейін желеу болып шықты. Біз оның әкесі Тағыберген Үмбетқалиевке көше атауын беру туралы шешімімізді қайта қарап, бұзуға мәжбүр болдық. Бұл әңгіменің ұзын-ырғасы осындай, – деді ол. Ауыл басшысы қаладан жер телімін алып бер деген соң Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровқа кәсіпкер талап етіп отырған көлемде жер телімін бөлуді сұрап өтініш жазғандарын тілге тиек етті. Бірақ, шаһар әкімі Бестамақ ауылы қалаға қарамайтындықтан бұл мәселені шеше алмайтынын айтып жауап берген. Аудан орталығынан ұсынған жерді Серік Үмбетқалиев алмаған. Біз бұл арада ауылдықтар мен кәсіпкер ара­сындағы текетіреске төрелік айтудан аулақпыз. Дегенмен, кәсіпкердің «су ішкен құдығыңа түкірме» дегендей, өзі біраз пайда­сын көрген шаруашылық ізіндегі ауылдық­тардың жанайқайына құлақ түргені де жөн болар еді. Кім дүниенің түбіне жеткен. Оның үстіне кәсіпкерліктің әлеуметтік жауап­керші­лігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Екі жақ ортақ мәмілеге келіп, мәселені оң шешудің жолын қарастырудың орнына жоғарыда айтылғандардан кәсіпкердің «буынсыз жерге пышақ ұрушылығы» да көрініп тұр. Осы дау­лы мәселені шешуде ауданның жаңа әкімі Асқар Шерияздановтың қадамынан көп үміт күтеді ауылдықтар. Бұл осы мәселені оң шешуге талаптанып отырған ауданның төртінші әкімі. Біз екі жақтың да уәжді пікірлерін ортаға салдық. Ашуға жеңдірмей, сабырға келіп, ортақ түсіністік болып жатса, жөн-ақ дер едік біз де. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкер­лер­мен, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесулерде сөйлеген сөздерінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ұдайы ай­тып келеді. Осындай кездесулердің бірін­де кәсіпкерлерге «Сіздердің қалай байыған­дарыңызды да білемін, мемлекет сіздерге істеріңізді жүргізуге түрлі жеңілдіктер қарастырып, барынша қолдау көрсетіп келеді. Енді сіздердің елге көмектесетін кездерің келді» дегендей ой тастаған-ды. Кешегі ханта­лапайда халықтың маңдай терімен құрал­ған дүниесін жеп-жеңіл иемденіп шыға келгендердің «болдым, толдым» деп айна­ласындағыларға көз салмайтыны қалай деген ой туады осындайда. «Бай болсаң, бәсең бол» дегенді ұмытып кететініміз қалай? Қазір көптеген кәсіпкерлер бұрын арзанға алған әлеуметтік-мәдени нысандарды мемлекетке қайтарып беріп жатқанының мысалдарын осы өңірдің өзінен көптеп келтіруге болады. Тіпті, бүгінгінің «Атымтай жомарты» кәсіпкер Исламбек Салжанов бауырымыз өзі туып-өскен Қобда ауылына 400 миллион теңгеден астам қаржыға бірегей балабақша салып бергенін көргенбіз. Мұны айтып отырғанымыз, осындай жайттар кәсіпкер Серік Үмбетқалиевке ой салар деген ниет қана. Мұндайда елдің мүддесімен санасатын азаматтықтың орны бір бөлек, әрине. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.