Қазақстан • 29 Наурыз, 2022

Билік пен қоғамның сенімді институты

700 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әкімшілік әділет дегеніміз не? Бұл бір жағынан азамат немесе ұйым, екінші жағынан мемлекеттік басқару органы арасындағы жариялы-құқықтық дауларды шешудің ерекше процестік тәртібі. Құқықтық институт ретінде әкімшілік әділет атқарушы биліктің лауазымды адамдарының заңдар мен ережелерді сақтауын қамтамасыз ету үшін қоғамда және мемлекетте сот бақылауы функциясын орындайды.

Билік пен қоғамның сенімді институты

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Кез келген құқықтық мемлекетте заң үстемдігін бекіту маңызды. Ал демократиялық қоғамда мемлекеттік басқару органдарына, лауазымды адамдарға азаматтар үшін құқықтық салдар туғызатын әкімшілік актілер шығару құқығы беріліп қана қой­майды, сонымен қатар тиісті рәсім аясында әрекет ету, заңсыз әрекеттер үшін жауап беру және осындай әре­кеттерден келтірілген залалды өтеу міндеті жүктеледі.

Әкімшілік әділет – бұл сот ісін жүргізу арқылы билік тарапынан бұзушылықтар мен теріс пайдала­нулардан адам құқықтарын қорғау­дың сот механизмі. Бұл оның құқық­тық мемлекеттегі құндылығы. Әлем­нің көптеген мемлекеттерінде мұн­дай жүйе құрылған әрі құқықтық және «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» бас­ты белгілерінің бірі. Әкімшілік әділет институтын отандық құқыққа енгізу идеясы алғаш рет 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясатты дамыту тұжырымдамасында көрініс тапты. Бұл тұжырымдамада Қазақстанда дербес әкімшілік әділет қалыптастыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы қысқаша түрде баяндалған. Кейіннен Қазақстан Президенті «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында әкім­шілік әділет институтын енгізу қажеттілігін ерекше атап өтті. 2020 жылғы 29 мау­сымда ел Президенті 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске (ӘРПК) қол қойды. Жаңа кодексті қолданысқа енгізу шеңбе­рінде жаңа мамандандырылған ау­данаралық әкімшілік соттар құрыл­ды. Салық, кеден, монополияға қарсы, экологиялық, инвестициялық, жер, тұрғын үй даулары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешім­деріне (әкімшілік актілеріне) дау айту туралы өзге де талап қою­лар, яғни жария-құқықтық даулар енді осы соттарда қаралады. Бұрын бұл даулар мамандандырылған эконо­микалық және аудандық соттарда Азаматтық – процестік кодекстің 27-29-тарауларының тәртібімен қара­латын. Олар мемлекеттік би­лік, жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің ше­шім­дері мен әрекеттеріне (әрекет­сіздігіне) дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу тәртібін регламенттеді. Аталған тараулар ӘРПК күшіне енуі­не байланысты жойылып, бұл даулар іс жүзінде әкімшілік соттарға ауысты, ал оларды қарау тәртібі енді әкімшілік соттың нормаларымен реттеледі.

Азаматтық процестік кодекс (АПК)бо­йынша негізінен жеке құқықтық және коммерциялық даулар қаралады жә­не шешіледі. Ал жаңа кодекс – мем­ле­кет­тік органдардың әкімшілік рәсім­дерін жүзеге асыру, жария құқық­тық қатынастар саласындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін өзгеше заң­на­­малық акт. Сондықтан да ӘРПК қол­да­нысқа енгендіктен «Әкімшілік рәсім­дер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңдардың күші жойылды.

Әкімшілік рәсімдер мен әкімші­лік сот ісін жүргізу бірыңғай қағи­дат­­тар негізінде жүзеге асырыла­ды. Олардың ішінде азаматтар мен бизнес субъектілері үшін құ­­­қық­­тар басымдығы мен сенім құқығын қорғау қағидаты ерекше тартымды. Яғни заңнамадағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер азаматтардың пайдасына түсіндіріледі және адал азамат, кәсіпкер әкімшілік орган қабылдаған шешімнің заң­ды екеніне сенімді бола алады. Олай болмаған жағдайда залал міндетті түрде өтеле отырып, заңсыз шешімнің күші жойылады. Сондай-ақ формалды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу мен анықтық презумпциясының алар орны ерекше. Бір сөзбен айтқанда, формалды негіздер бойынша жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын іске асырудан бас тартуға, шектеуге немесе тоқтатуға жол берілмейді. Ал анық­тық презумпциясы бойынша әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған құжаттар әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше, анық деп есептеледі. Тағы бір қағидат – соттың белсенді рөлі. Сот өз бастамасы бо­йынша дәлелдемелер жинайды, даудың мән-жайларын зерттейді, талаптардағы ресми қателіктерді жоюға көмектеседі. Бұл ретте дә­лел­деу ауыртпалығы мемлекеттік ор­гандарға жүктеледі, ал барлық кү­мәндар азаматтар мен бизнестің пайдасына түсіндіріледі.

Жеке және заңды тұлғалардың мүм­кіндіктері мемлекеттік аппа­рат­тың ресурстарымен салыстыруға келмейтіні анық. Сондықтан әкімшілік әділет осы айырмашылықты жоятын дауларды шешудің арнайы тетігін қарастырады. Азамат немесе заңды тұлға үшін билік органының немесе лауазымды адамның шешімімен келіспеу туралы талап қоюмен жүгіну жеткілікті.

Әкімшілік соттар бұл талаптарды мемлекеттік аппараттың кінәсінің пре­зумпциясы қағидаты бойынша қарайды, ол өз шешімінің, әрекетінің не әрекетсіздігінің заңдылығы мен не­гізділігін дәлелдеуге тиіс. Яғни сот рө­лінің белсенділігімен бекі­тілген қа­ғида «билік шабуылдары­нан» сот қорғауын қамтамасыз етеді. Әкімшілік сот тарапынан сот шешімдерінің орын­далуын қатаң бақылауды ӘРПК жаңа­лықтарына жатқызуға болады. Ал жауап­керді сот шешімін орындауға про­цес­тік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақшалай өндіріп алу қарастырылған, оны сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолдануға болады (оның мөлшері 50-ден 100 АЕК-ке дейін өзгереді).

Шын мәнінде, бұл мемлекеттік ор­ган­дардың азаматтық соттарда АПК тәртібінде шағымданған шешім­дері, ал осы органдар мен лауазымды адам­дардың әрекеттері (әрекетсіздігі) қазір әкімшілік деп аталады. Әкімшілік актіні қабылдаудың алдында міндетті түрде әкім­шілік рәсімге қатысушыларға алдын ала шешім жіберу және олардың ұс­­­та­­нымдарын тыңдау болатыны маңызды.

Жалпы, ереже бойынша әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгіну сотқа дейінгі шағымданудан кейін мүмкін болады (яғни сотқа дейін акт неме­се әрекет (әрекетсіздік) дауланып отырған сол органда реттеуге бо­лады). Сондықтан егер азамат немесе заңды тұлға әкімшілік орган­ның шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) қана­ғаттанбаған жағдайда, талаптар, дә­лел­демелер және т.б. негізделген мән-жайларды көрсете отырып, үш ай ішінде оған жаңа шағыммен жү­гіну қажет. Осыдан кейін әкімшілік органның өз шешімін қайта тексеру және қате болған жағдайда, артық әуре-сарсаңға салмай, бұзушылықты өз бетінше жою не жоғары тұрған органға шағым жіберу үшін үш жұмыс күні бар.

Егер өтініш беруші жоғары тұрған органның шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) келіспесе, ол дереу әкімшілік сотқа жүгіне алады, яғни бұл кезеңде әкімшілік рәсім аяқталып, біртіндеп келесі кезеңге – сот сатысына өтеді. Бұл ретте сотта талап қойылған әкімшілік орган немесе лауазымды адам жауапкер бола алады. Егер азамат талап қоюдың қандай түрін таңдауды білмесе, онда сот оған, оның ішінде талап қою талаптарын тұжырымдау немесе өзгерту арқылы көмектесуге міндетті.

Кодекс талап қоюды қабылдау және қарау рәсімін айтарлықтай жеңілдетті. Сот талап қоюды қараусыз қалдыра алмайды, талап қоюды қа­былдаудан бас тарта алмайды не дау бойынша іс жүргізуді тоқтата алмайды. Сот талапты қайтаруға ғана құқылы, мысалы, егер дау сотқа дейін реттелмеген болса, талапты іс-әрекетке қабілетсіз адам берсе, осы соттың қарауына жатпаса, мемле­кеттік баж төленбесе және т.б.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардың (МАӘС) жал­пы юрисдикция соттарынан айырма­шылығы, та­лаптарды қараудың процес­тік мерзім­дерімен байланысты емес. Талап қою ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап 3 айдан аспайтын мерзімде қаралады және шешіледі. Жаңа кодексте соттардың үш сатылы жүйесі сақталған. МАӘС-тің шешіміне ол шығарылған күннен бастап 2 ай ішінде апелляциялық тәртіппен, ал апелляция қаулысына Жоғарғы соттың кассациялық алқа­сына бір ай ішінде шағым жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайларда әкімшілік іс бойынша сот шешімі істі Жоғарғы сот қарағаннан кейін заңды күшіне енеді.

Кодекс аясында прокурордың өкілеттіктері де бекітілген. Әкімшілік әділет енгізілген көптеген елдерде прокурордың сотқа дейінгі сатыда қатысуы көзделмеген. Сонымен қатар азаматтар мен заңды тұлғалардың бұ­зылған құқықтары мен заңды мүд­делерін қалпына келтіру – прокуратура органдарының негізгі міндеттерінің бірі екені белгілі. Сондықтан прокурорлар әкімшілік рәсімдер сатысында да, әкімшілік сот ісін жүргізуде де ұсынылған. Яғни прокуратура шағымдарды қарайтын әкімшілік органдардың қатарына кіреді.

Бұл жерде прокурорлар өтініш­терді «Прокуратура туралы» Заң­да белгіленген шегінде ғана қарай­тындығын атап өткен жөн. Сондай-ақ ӘРПК-ке сәйкес прокурор бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және адамдардың мүдделерін қорғау үшін (қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын); қоғам мен мемлекет үшін, егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстанның қауіпсіздігі үшін орны толмас салдар­лардың алдын алу үшін қажет болса, талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы. Орган немесе ла­уазымды адам әкімшілік актіге немесе іс-әре­кет­ке прокурордың наразылығын қабылдамаған жағдайда, прокурор ӘРПК шеңберінде талап қою береді.

Прокурор салықтық, кедендік, бюд­жеттік, жер, экологиялық әкім­шілік даулар бойынша, сондай-ақ сайлау құ­қық­тарын қорғау және мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағым жасау туралы (мемлекеттен жә­не мемлекет пайдасына өндіріп алу кезінде) істер бойынша қатысады жә­не қорытынды береді. Прокурор істер­дің көрсетілген санаттары бойынша апел­ляциялық, кассациялық өтініш хаттар мен наразылықтар келтіре алады.

ӘРПК қолданысқа енгізілген сәт­тен бастап 8 ай өткеннен кейін мем­лекет пен қоғам арасындағы қаты­нас­тардың жаңа кезеңіне көшу туралы айтуға болады. Мәселен, есептік де­ректер бойынша республиканың әкімшілік соттары 2021 жылғы 1 шіл­­­­деден 31 желтоқсанға дейін 4 161 іс­­ті қа­­рап, шешім шығарған, 2004 іс бо­­й­ын­­ша немесе 48% жағдайда та­лап­тар қа­нағаттандырылды. 822 әкім­ші­лік акт заңсыз деп танылып, күшін жойды.

Ең көп шағым әкімдіктердің (3 025, оның ішінде қанағаттандырылғаны – 517), әділет органдарының (2 689, оның ішінде қанағаттандырылғаны – 288) және салық органдарының (475, оның ішінде қанағаттандырылғаны – 266) актілері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалды. Сондай-ақ 535 жеке ұйғарым шығарылды. 225 адамға қатысты 10 648018 тең­ге сомаға ақшалай өндіріп алу түрін­де процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылса, оның 105-і лауазымды адамдарға қолданылған. Бұл сандар қазірдің өзінде осы институттың адамдардың құқықтық қорғалуының жаңа сапасын қамтамасыз ететіндігін және болашақта адам құқықтары саласындағы құқықтық реттеудің тиімді моделінің қалыптасуына түрткі болатындығын көрсетеді.

 

Сапарбек НҰРПЕЙІСОВ,

Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы