Қазақстан • 30 Наурыз, 2022

Talqylau қоғамдық диалог алаңы жұмысын бастады

576 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

AMANAT партиясының Қоғамдық саясат институты жанынан TALQYLAU жаңа диалог алаңы өз қызметіне кірісті. Парламент депутаттарының, сарапшылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен алғашқы талқылау Мемлекет басшысының Жолдауына және аралас сайлау жүйесіне көшу мәселесіне арналды. Талқылау әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тарату арқылы интерактивті форматта өтті.

Talqylau қоғамдық диалог алаңы жұмысын бастады

AMANAT партиясы ашық, кәсіби және тең жағдайда – жария диалогтың жаңа стандартын қалыптастырады. Отырыстың негізгі уақыты саяси жүйені трансформациялау және аралас сайлау жүйесіне көшу туралы пікірталастарға арналды. Бұл ретте спикерлерге сұрақтарды залдағы сарапшылар мен қатысушылар ғана емес, сонымен қатар онлайн режімде көрермендердің де қоюына мүмкіндігі болды. Жалпы, 700-ден аса пікір мен сұрақ келіп түсті.

TALQYLAU-дың алғашқы отырысын ашқан AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов Президент жариялаған реформалар Қазақстанның мемлекеттік құрылысы тарихының жаңа кезеңіне бас­тайтынын атап өтті. «Сайлау туралы заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл елдегі демократиялық өзгерістердің катализаторы мен негізіне айналатыны сөзсіз. Саяси партияларды тіркеу ресімдерін жеңілдету жаңа саяси қозғалыстардың құрылуына серпін береді және жұмыс істеп тұрған саяси бірлестіктердің өз қызметін жандандыруына алып келеді. Бұл бағытта AMANAT партиясы белсенді жұмыс істеуде. Съезден бері бір айға да жетпейтін уақыт өтті. Соған қарамастан оның барысында айтылған міндеттер мен бас­тамалар бүгінде іске асырылып жатыр және TALQYLAU – сол бастамалардың бірі», деді партияның атқарушы хатшысы.

Өз кезегінде AMANAT партиясы депутат­тық фракциясының мүшесі Саясат Нұрбек талқылау алғаш рет тікелей эфирде өтіп жатқанын алға тартып, «Біз бүгін құрылым­данбаған, цензурадан өтпеген ашық диалог дәстүрін бастаймыз деп үміттенеміз. Бұл Президент Жолдауы аясында өте маңызды, өйткені Жаңа Қазақстан жұмысын жаңа қағидаттар мен жаңа жұмыс форматтарынан бастау керек», деді.

«Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева мықты қоғамсыз мықты мемлекет құру мүмкін емес деген пікір білдірді. «Біз жаңа реформаларға дайынбыз. Жұрт көп нәрсе өзгереді деген үмітпен Жолдауды ықыласпен қабылдады. Азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп заңнамалық өзгерістерге қатысты көптеген жұмыс атқарылады деп күтеміз», деді ол.

Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, қазір елімізді жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіншілік бар. Ол үшін Жаңа Қазақстанда өзгерісті әркім өзінен бас­тауы керек. «30 жылда жеткен жетістіктеріміз бар. Бірақ кемшіліктеріміз де аз емес. Жаңа Қазақстанда партиядан бастап, әрбір азаматқа дейін, ауыл әкімінен Президенттің жұмысына дейінгі жіберілген кемшіліктерді анықтап, тіпті соның тізімін де жасасақ. Бюджетті құруда бізде көптеген гигантонамия болды. Қаншама миллиардтаған қаражат басқа жаққа жұмсалып, ал мына жақта халық үйсіз-күйсіз жүрді. Оның барлығы кемшілік пе? Әрине, кемшілік. Сондықтан Президенттің айтқаны, бірінші кезекте басымдық өзгеруі керек. Ол үшін халықтың жағдайына қарау қажет. Барлығының өлшемі – адам. Міне, қазіргі біздегі нағыз қағида осы. Біртіндеп соған келе жатырмыз», деді депутат.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» туралы айтқанда, біз әрқашан «құлақ асатын мемлекет» жағдайында «айтатын» қоғам қажет екенін түсінуіміз керек. Егер «ашық айтатын қоғам» болмаса, онда олар кімнің үніне құлақ асуы керек? Енді бұл процесті жыл­дам­дату керек. Өйткені Жолдауда идеялар ғана айтылды, ал оларды қалай жүзеге асыра­ты­нымызды біз бірге ойлануымыз керек. AMANAT партиясы өзінің алғашқы өзгеріс­терін ашық алаңнан бастағаны және бізді ша­қырғаны құптарлық», деді қоғам қайраткері, «Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті Мұрат Әбенов.

Сондай-ақ Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов, БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков және басқалар өз пікірлерімен бөлісті.

Келесі TALQYLAU отырысы подкаст жазбасы, дебаттар, пікірталастар сияқты түрлі форматта өтеді. Әрі қарай тақырыптар Қоғамдық саясат институтының телеграм-арнасында дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады.

Естеріңізге сала кетейік, TALQYLAU пікірталас алаңын құру бастамасы 1 наурызда өткен кезектен тыс съезде партияны трансформациялау бағдарламасының бір тармағы ретінде жарияланған еді. Алаңда азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешетін ұсыныстар әзірлеу үшін сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері тұрақты түрде кездеседі. Сонымен қатар пікірталас «Айқын» және «Литер» газеттерінің арнайы айдарларында жарияланатын болады.