Қазақстан • 30 Наурыз, 2022

Наурыздағы наз

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел қатарлы Наурыз мерекесін атап өттік. Жылдағыдай Тәуелсіздік алаңына жағалай алқа қотан ақшаңқан, алты қанатты киіз үйлер құрылыпты. Сарғая тосқан, сағына көріскен Наурыз тойының жып-жылы әсерінен болар, ел көңілі көтеріңкі. Ән шырқалып, күй тартылып жатыр. Ұлттық ойындар ойнатылуда. Әлмисақтан жалғасып келе жатқан салт-дәстүр көрсетілді.

Наурыздағы наз

Өңі өзгерген өзгеріс көре алмадық. Ел назарына ұсы­нылған салт-дәстүр бәз-баяғы қалпында. Еш өзгеріс жоқ. Қыз ұзатып, келін түсіріп, тұсау кесіп, бесікке салып жатқан жалпақ жұрт. Ақ шаңқан киіз үйлердің ішінде не бар екені белгісіз. Бір кесе көжелік беделі барлар кіріп-шығып жатыр. Дәріптеген  дәстүріміз әбден жауыр болды. Қазақ түгіл қаймана жұрт жатқа біледі. Бәлкім ендігі арада өмірдің өзінен ойып тұрып орын алуға тиісті дүниені қайта-қайта көрсетудің қажеті де жоқ шығар. Жалпақ жұртқа жөн айтып тұрғандардың өзі дәстүрдің дәмін тұшына бермейтін сыңайлы. Әне жігіт ағасы жасындағы азамат киіз үйдің есігін керіп, айналаға беймарал көз салып тұр.

– Босағаны керме, – деді ақ жаулықты әжей іргеден айғай салып.

Білетін едік. Бірақ ұят та болса мойындауға тура келді. Ептеп әжейге жақындадық. Бала кезімізден көкірекке сіңген ырымның мәнін сұрадық. Әжей  соны да білмейсіңдер ме дегендей таңырқай қарады.

–Үйге келген адам еш уақытта табалдырықта тұрып шаруасын айтпайды ғой, – деді ол, – бұл қонақжай, бірін-бірі ағайын-туыс санайтын ұлттық болмысымызға жат көрініс. Өкпек жолаушының өзін төрге шығарып, дәм татқан соң барып келген себебін сұрайды. Ал ел шетіне жау келген алас-күлесте жаушы киелі табалдырықты басып, босағаны керіп тұрып суық хабарын жеткізген. Кейінгінің де біле жүргені дұрыс.

Сәл ұзадық. Тағы бір көрініс. Бұл жолы жас келін бесік тербетіп отыр екен. Сызыла шырқаған бесік жыры қандай тәтті. Тұла бойың қорғасындай балқып, тыңдай бергің, тіпті қайтадан сәби болғың келе ме, қалай? Көп тұруға мүмкіндік жоқ еді. Көктемнің қара суығы өңменімізден өтіп барады.   Бесігі қанша жылы болса да сәби қалай тоңбай жатыр екен деп таңырқағанбыз. Суық ауа өкпесін қауып қалмай ма?

Жамылғының астына көз салсақ, келіншек тербеткен бесік бос екен. Әлгі әжейді қайта шақырғымыз келді. Салт-дәстүр көрсетеміз деп танау­лап жүргенде, қырын кетіп бара жатқан жоқпыз ба осы?! Мүмкін көне үрдістің көсегесін көгертеді деп жүргендердің өзін бір ұшықтап алу керек шығар...  

 

Көкшетау қаласы