Технология • 30 Наурыз, 2022

Қазақстанда радиожиіліктер аукцион үлгісінде бөлінеді – Бағдат Мусин

226 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл жайында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр Бағдат Мусин әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда радиожиіліктер аукцион үлгісінде бөлінеді – Бағдат Мусин

«Радиожиілік – бұл жаңартылмайтын шектеулі ресурс. Мәселен, ауыл шаруашылығына бөлінген жер тиімсіз және басқа мақсаттарға қолданылса, әлгі жер телімі қайтарылуы тиіс. Радиожиілік спектрінде де осындай жағдай. Былтыр біз осы бағытта үлкен жұмыс атқардық. Соттың шешімімен байланыс операторлары радиожиілікті пайдалану бойынша 8 рұқсаттамадан айырылды. Бұл рұқсаттар 2016 жылы алынған болатын, алайда 6 жыл бойы тиімсіз пайдаланылған. Босатылған радиожиілік ресурс халыққа сапалы байланыс қызмет көрсетуге жұмсалу үшін басқа технологияларға немесе басқа операторларға беріледі. Кейбір ірі байланыс операторлары жиіліктерді болашақта пайдалану үшін резервке қояды, яғни әзірше пайдаланбайды немесе бір-екі базалық стансаларда ғана пайдаланып, желіні әрі қарай дамытпайды», деп жазды министр.

Сондай-ақ ол мұндай жағдайда басқалардың байланыс қызметін ұсыну мүмкіндігі шектелетінін айтты.

«Бұл ретте біз радиожиілік спектрін бөлу механизмін толығымен өзгертеміз. Жуырда Қазақстанда радиожиіліктер аукцион үлгісінде бөлінеді. Мұндай механизм үрдісті ашық және жариялы етеді, сондай-ақ байланыстың жаңа буыны - 5G технологиясына өту процесін ұйымдастыруға септігін тигізеді. Кеше байланыс операторлары кеңесінің отырысын өткізіп, екі мәселені талқыладық - Қазақстандағы байланыс сапасын көтеру және әлемдегі жағдайға орай осы сала бойынша түрлі сценарий әзірлеу. Бірақ бұл туралы келесі жолы айтамын», деп жазды Бағдат Мусин.