Аймақтар • 31 Наурыз, 2022

«Бала барысы» анықталды

533 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы №28 мектеп-гимназияда өткен «Бала барысы» облыстық турнирі өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының 150 жыл­ды­ғы мен балалар жылына арналған белдесуге бұған дейінгі іріктеу кезеңдерінде жеңімпаз атанған Арқалық, Лисаков, Қостанай қаласы, Қостанай және Федо­ров аудандарынан келген 25 жас балуан күш сынасты.

«Бала барысы» анықталды

«Бала барысы» облыстық тур­нир­інің ашылу рәсімінде Балалар мен жасөспірімдердің ұлттық спорт мектебінің басшысы Айбат Қабажаев жас балуандарға сәттілік тілеп, өңірде қазақ күресін дамытуға үлес қосып жүрген спорт ардагерлеріне алғыс айтты.

Жас спортшыларды құттықтаған қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева бүгінде мектеп қабырғасында білім алып жүр­ген жасөспірімдердің ұлттық спорт­қа, әсі­ресе қазақ күресіне деген қы­зы­ғу­шы­лығы мол екенін атап өтіп, мұндай спорт жарыстарының өске­лең ұрпақты тәрбиелеудегі өнеге-тағылымы ай­рықша екендігіне тоқ­талды.

– Жалпы, Қостанай жері көптеген ұлт қайраткерін дүниеге келтірген киелі мекен. Кешегі Алаш арыстары осы елдің жарқын болашағы үшін, бүгінгі жастар үшін қызмет етті. Спорт пен білім егіз. Осы қағиданы жадына түйіп өскен жас жақсы азамат болып қалыптасады. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағанын білесіздер. Президент балалардың құқықтарын қорғап, дарынды балаларды қолдау керектігін ерекше атап өткен болатын. Өнегелі білім, үлгілі тәрбие алу сіздердің басты міндеттеріңіз. Биыл, міне «Рухани жаңғыру» бағдарламасына да бес жыл толады. Ұлттық спортымызды насихаттау осы рухани жаңғырудан басталады. Бүгін боз кілемге шығып бағын сынайтын жас балуандардың бәріне сәттілік серік болсын! – деді білім бөлімінің басшысы.

«Бала барысынан» үміткер өрен­дердің қай-қайсысы да осал емес. Бұған дейін аудандық, облыстық турнирлерде ысылып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген кіл мықтылар. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орынның бәрін Қостанай ауданының жас балуандары ұтып алды. III орынды Дәулет Мұхабетқали еншілесе, II орын Нұржан Аманбаевқа бұйырды. Ал қарсылас шақ келтірмеген Ерлан Айдос Қостанай облысының «Бала барысы» атағын жеңіп алды.

– Төрт жыл қатарынан тынбай жаттығып келеді. Шәкіртімнің бо­лашағынан зор үміт күтемін. Алда Шымкентте өтетін республикалық чем­пио­натқа жолдама алды, сонда бағын сынайтын болады, – дейді Айдостың бапкері С.Дәрменбаев.

 

ҚОСТАНАЙ