Қоғам • 31 Наурыз, 2022

Балалар ән салып, би биледі

637 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балалар жылында республикада түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, күні кеше ғана «Астана Опера» музыкатанушыларының шығармашылық тобы ұйымдастырған «Балаларға арналған классикалық музыка апталығы» фестивалі аяқталды. Аталған жоба 5-15 жастағы балаларға арналды.

Балалар ән салып, би биледі

Демалыс күндеріне жоспарлан­ған фестиваль «Музыка әлемі» кон­цертімен басталып, Сергей Про­кофьевтің «Петя мен Қасқыр» сим­фониялық ертегісі, Камиль Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» зоологиялық фантазиясымен жалғасты.

Айта кетейік, фестивальдың салтанатты ашылуында балалар­дың өздері жүргізуші болып, театр жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетті. Бағдарламаға енген концерттер мен спектакльдер қазақ және орыс тілдерінде өтті.

– «Балалар апталығына» қызы­ғушылар көп болды. Театрға балаларын алып келетін ата-аналарға музыкаға деген махаббатты ба­ла­лық шақтан бастап сіңіру керек­тігін түсінгендері үшін ризамыз. Фестиваль бағдарламасына балалар театр жұмысын бастаған сәттен-ақ ұнатқан концерттер мен спектакльдер енді. Фестиваль танымал композитор Т.Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісінің көрсетілімімен жабылды. Бұл – көктем, Наурыз, жақ­сылық пен күн, бақыт пен бала күлкісі жайлы хикая. «Балаларға арналған классикалық музыка апта­лығы» фестивалі жыл са­йын өткізіледі деген үміттеміз әрі оның бағдарламасын жаңа кон­церт­термен байытуға дайынбыз, – дейді Әдеби-музыкалық жұмыс департаментінің директоры Мар­жан Жәкенова.

Сондай-ақ оның айтуынша, фес­тиваль афишасында көрсетілген концерттер тізіміне Күләш Бай­сейітова атындағы Камералық залдың репертуарындағы музы­ка­лық бағдарламалардың барлығы дерлік енбеген. Мәселен, ағарту­шылық сипатта, шамамен 20 концерт өткізілсе, солардың аясында балаларға аспаптардың түрлі топтары, опера дауыстарының түрлері таныстырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар – мемле­кетіміздің жарқын болаша­ғы­ның кепілі екенін тілге тиек етіп, оларға айрықша көңіл б­ө­лу керектігін айтқан болатын. Осы орайда «Астана Опера» театрын­да бастау алған жаңа жо­ба балалардың өнерге деген қы­зығушылығын арттырып, шы­ғар­машылық қырларының ашы­луына сеп болмақ.