Білім саласына өзгеріс қажет екеніне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған болатын. Былтыр қыркүйекте жариялаған халыққа Жолдауында Президент «Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр», деп мәлімдеді.
Осы орайда, жер-жаһанда шәкірт тәрбиелеуде артықшылығы анық аңғарылған бірнеше тәсіл жөнінде сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Соның біріншісі – онлайн сабақ. Коронавирус пандемиясы бүкіл өмірімізге өзгеріс енгізді. Індет әсер еткен саланың бірі – осы білім бағыты.
Мұның артықшылығы мынада. Онлайн оқыту арқылы үйден жұмыс істеу арқылы мұғалім де, оқушы да бос уақытын еркін пайдаланады. Ұзақ уақытын жолға сарп етпейді. Онлайн оқытудың тағы бір артықшылығы бұған көптеген адамның қолы жетеді. Әркім мектепке бара алмауы мүмкін. Бірақ дамыған және дамушы елдерде интернетке шығу оңай.
Сондай-ақ тәжірибе арқылы оқыту да кейінгі кезде кең таралған. Бұл идеяны алғаш ұсынған Дэвид Колб есімді педагог. Оның пайымдауынша, оқушы қоршаған ортамен байланыса отыра үйренгенде, білімді меңгеруі оңайға түседі. Тәжірибе арқылы оқыту – тамаша оқыту әдісі. Себебі ол шығармашылықты ынталандырады, студенттерге қателерден үйренуге көмектеседі, рефлексивті ойлауды дамытады және студенттерді болашақ тәжірибеге дайындайды. Бұл тәсіл бірнеше пән үшін тиімді. Әсіресе ғылыми эксперименттер, спорттық жаттықтырулар және топтық жобалар кезінде артықшылығы көп.
Саралап оқыту – оқушылардың жеке қажеттіліктеріне байланысты нұсқауларды бейімдейтін оқыту әдісі. Бұл әдіс қабілеті әртүрлі балаларды оқытуға таптырмас мүмкіндік береді. Мұның ең жақсы жолы – кітаптарды, фильмдерді, суреттерді және ауызша түсіндіруді пайдалана отырып, әртүрлі тәсілдермен оқыту. Бұл түрлі ортадан шыққан оқушылардың сабаққа қатысуына және сабақ мазмұнын түсінуіне мүмкіндік ашады.
Кейінгі кезде танымал оқыту тәсілінің бірі – ойын арқылы үйрету. Сабақты қызықтырақ, тартымды және интерактивті етуге жол ашады. Ойынға негізделген оқыту оқушыларды, әсіресе бастауыш және орта білім беруде оқитындарды тартудың тамаша тәсілі. Мұның басты мақсаты ойынға ұқсас элементтерді ойыннан тыс әрекеттерге енгізу арқылы оқушыны ынталандыратын стратегия. Балаларға видео ойындар мен мобильді қосымшалардан бастап қарапайым ойындарға дейінгі түрлі әдістерді қолдана аласыз.
Танымал тағы бір тәсіл – оқушылардың қалауына қарай оқыту. Осы арқылы олардың нені білгісі келетінін және оны қалай үйренгісі келетінін таңдауға көбірек мүмкіндіктер беріледі. Бұл дербес оқыту ретінде де белгілі. Оқушыға бейімделген оқыту тәсілінде студенттер дәріс тыңдау немесе эссе жазу секілді әрекеттердің орнына, сабақта белсенді рөл атқаруға көңіл бөлінеді. Олар өздерінің құрдастарымен және мұғалімдерімен көп пікірталас жүргізеді. Сонымен қатар олар сұрақ қою тәсілдерін меңгереді.
Осы орайда, оқу ордаларындағы мына бір үрдісті айта кеткен жөн. Қазіргі білім саласы қатты дағдыдан (hard skills) икемді дағдыға (soft skills) ден қоя бастады. Рас, қатты дағды, яғни кәсіби шеберлік әрдайым маңызын жоғалтпай келді. Мысалы, кез келген IT компанияға бағдарламалаушы қажет. Оны мектепте, жоғары оқу орындарында үйренуге болады. Сол секілді білім ордаларында берілетін білімнің басым бөлігі осы қатты дағдыға кіреді. Сондықтан жұмысқа тұру кезінде осы кәсіби дағдыға әрдайым көңіл аударатын.
Бірақ кейінгі кезде бұл үрдіс өзгергендей. Компаниялар икемді дағдысы бар адамдарға басымдық бере бастады. Мәселен, Стэнфорд зерттеу институты мен Карнеги Мелон қоры әлемдегі 500 үздік компания басшыларына зерттеу жүргізіпті. Соған сүйенсек, жұмыста сәттілікке қол жеткізуге икемді дағды қатты әсер етеді екен (75 пайыз).
Жасанды интеллект пен түрлі технологияның дамуы қатты дағдыларға қажеттілікті төмендетіп келеді. Мәселен, қазір ағаш сүріп, бұйым жасауды үйренудің қажеті шамалы. Бұрын осындай қара күшті қажет ететін жұмыстар қазір компьютер мен робот арқылы жасалады. Бір жағынан қатты дағдылардың өзін қатты дағдылар алмастырып жатқандай. Әлемдік экономикалық форумның болжамына сүйенсек, 2025 жылы әлемдегі 85 миллион адам заманауи технологиялардың дамуы салдарынан жұмыссыз қалады екен. Сондықтан олар жаңа дағдылар меңгеруі қажет.
Сарапшылар келешекте икемді дағдылар басымдыққа ие болатынын айтады. Мәселен, Әлемдік экономикалық форумның «Болашақтың жұмысы» баяндамасында мұндай машыққа қажеттілік жылдан жылға артып келе жатқаны келтірілген. Deloitte жүргізген талдауға сүйенсек, 2030 жылы Аустралияда бүкіл жұмыстың үштен екісі икемді машықты қажет етеді екен. Мұндай тренд АҚШ-та да байқалады.
Ендеше, білім беру саласын үлкен өзгеріс күтіп тұр деп айтсақ қателеспейміз. Дәстүрлі оқыту тәсілдері бүгінде ескіріп, заманауи оқу үрдісі күн тәртібіне еніп келеді.
Шымкент қаласы, «Cambridge Line» лицейі
Ағылшын тілі пәні мұғалімі
Есбенбетова Перизат Алтынбековна