Қаржы • 31 Наурыз, 2022

Ең төменгі жеткіліктілік шегі өседі

421 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдағы 1 сәуірде зейнетақы жинақтарының 2022 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегі күшіне енеді. Негізі мұндай норма жыл басынан бері қолданылуы керек еді. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны осы жылдың 1 сәуіріне дейін шегерді.

Ең төменгі жеткіліктілік шегі өседі

Ең төменгі жеткіліктілік шегі деп отырғанымыз – зейнетақы жинағының белгілі бір сомадан асқан бөлігі. Оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалануға болады. Ең төменгі жет­кіліктілік шегін enpf.kz сайты немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильді қосым­ша­сы арқылы, сондай-ақ egov порталы мен мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.

Салымшы шекті сомадан артылған зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда, уәкілетті операторлардың интернет-ресурсы арқылы алдын ала өтінім бе­реді. Бүгінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтініш қабылдайтын уәкілетті операторлардың қатарында Отбасы банк, «Халық банк», Altyn Bank, «Банк ЦентрКредит» және «Банк Фридом Финанс Қа­зақстан» бар. Ал емделуге арналған өтініштерді Отбасы банк қабылдайды.

Уәкілетті оператор біржолғы зейнетақы төлемін алу туралы өтінішті қарағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электронды хабарлама жібе­реді. БЖЗҚ тарапынан алуға қолжетімді қара­жат уәкілетті оператордан электронды хабарлама келіп түскен күнгі ең төменгі жеткіліктілік шегі бо­йынша тексеріледі. Одан кейін БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде алушының арнайы шотына біржолғы зейнетақы төлемін аударады.

Осы орайда биылға арналған ең төменгі жет­кі­лік­тілік шегі осы жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енетіндіктен, зейнетақы қоры уәкілетті операторлардан БЖЗҚ-ға 2022 жылдың 31 наурызына (қоса алғанда) дейін келіп түскен өтініштер бойынша біржолғы зейнетақы төлемдерін жүргізеді. Яғни 31 наурызға дейінгі өтініштердің бәрі 2021 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегіне сәйкес есептеледі.

«Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң­да ең төменгі жеткіліктілік шегі Үкімет бекіт­кен әдіс­те­меге сәйкес айқындалған міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері деп айқындалған. Оның айқындау әдістемесі Үкіметтің 2013 жылғы 2 қазандағы қаулысымен (2021 жылғы 6 қаңтарда өзгерістер мен толықтырулар енгізілді) бе­кі­тілген.

Әдістемеге сәйкес, ең төменгі жеткіліктілік ше­гі жыл сайын әр жас үшін есептеледі және бо­ла­шақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жар­на­ларының өсуін (индекстелуін) ескереді. Бұл ретте «Республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең тө­менгі зейнетақы, базалық зейнетақы төлемінің ең тө­менгі мөлшері сияқты әлеуметтік көрсеткіштер пай­даланылады.