04 Сәуір, 2014

Әзіл әлемі

822 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде М.Жұмабаев атындағы әдеби бірлестік пен «Алқа» әдеби ұйымының ұйымдастыруымен «Әзіл әлемі: қазақ қалжыңы және сатира сипаты» атты әдеби-сазды кеш болып өтті. Аталмыш шара қазақ сатирасының саңлақтары – Шона Смаханұлының 90 жылдығы мен Оспанхан Әубәкіровтің 80 жылдығына орайластырылып өткізілді. Шона Смаханұлы – Ұлы Отан соғысында ел намысын ту еткен, соғыстан кейін ауыл мектебінде мұ­ғалім, «Қазақстан пионері», «Қазақ­стан мұғалімі», «Ара» басылымдары мен «Жазушы» баспасында редакторлық қызмет атқарған. «Ұры тіс», «Қу түлкінің сыбағасы», «Алтын жұмыртқа», «Қоңыраулы шеңгел» сияқты көптеген жинақтардың авторы. Шона Смаханұлы: «Қай газетте я журналда жұмыс істейін, журналистік өмірдегі мақсатым айқын болды, ол мақсат – белең алған кемшіліктерді аяусыз сынау», деген екен бір естелі­гінде. Ең бастысы, ол ұлт жанашыры болған азамат еді. Ал Оспанхан Әубәкіров Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерв­а­­­­ториясының театр факультетін бітір­генмен, елге сатирик болып танылды. Сатиралық жанрмен бірге балаларға арналған өлең, ертегі, пьеса, белгілі композиторлардың әндеріне мәтін жазумен, аудармамен де айналысқаны белгілі. Әзиз Несиннің «Ахиреттен келген хаттарын», Бранислав Нушичтің «Менің өмірбаянымын», Лао Шэнің «Мысықтар қаласын», Э.Рапкенің «Мюнхаузеннің хикаяларын» қазақ оқырмандарына ұсынды. Балаларға арналған «Қағаз қалпақ» сатиралық жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын алды. Кеш шымылдығын сатирик Табыл Құлиясов қос жүйрік жайлы есте қал­ған естеліктерімен ашса, одан кейін С.Негимов «Шона Смаханұлы – қайраткер, қаламгер» тақырыбында, Р.Тұрысбек «Ш.Смаханұлының шығармашылық мұрасы», Б.Түкібаев «Әзіл әлемі: тарихы мен тағылымы», Т.Мәмесейіт «Қазақ әдебиетіндегі сатиралық туындылар: көркемдігі мен стильдік құбылыстары» атты тақырыптарда сөз қозғап, келісті қалжың, орнықты сөз айтты. Ал айтыс­кер ақын С.Дүйсенғазин сырлы домбырасымен қазақ айтысындағы сатиралық шумақтарды, студент жастар қос сати­риктің сөзіне жазылған әндерді, сы­қақ өлеңдерді нақышына келтіріп орындады. Камшат ЖҰБАТХАНОВА, Еуразия ұлттық университетінің студенті.