Қазіргі кезде отандық гуманитарлық ғылымда ерекше оқиғаларға, құбылыстарға, зерттеу нысанынан тысқарылау қалған мәселелерге ден қою көзге түседі. Солардың ішінде көркемдік қырлардың байырғы үлгілеріне, белгілеріне назар салу, олардың пайда болу генезисіне жан-жақты зерттеу жасау байқалып, байырғы жанр – поэзияға қатысты сан салалы еңбектер жарық көруде. Бұл халқымыздың сөз өнері ішіндегі поэзияның көне дәстүрді бойына жиған, үнемі даму, жетілу үстіндегі әрі қоғамдағы өзгерістерді бірден қабылдап, шапшаң үн қоса білетін сергек жанр болуымен түсіндірілсе керек.
Осы ретте ғалым Ж.Аймұхамбетованың “Мифтің поэтикадағы қызметі (Қазіргі қазақ поэзиясы арқауында) Алматы: Жазушы, 2010) монографиясын атауға болады.
Кез келген нақты архаикалық (көне) миф қазіргі кезде эстетиканың элементіне айналады. Оның орнын сезім, білім және әрекет басып, олар өз кезегінде дүниетанымның парадигмалық сипатын қабылдайды: яғни, қазіргі заманғы көне миф бір мезгілде өткенді танудың құралы ретінде де, екінші жағынан қазіргіні танудың әдіснамалық базасы да бола алады.
Көркем мәтін – суреткердің шығармашылық актісі, ол өзінің дүниетанымынан белгілер білімін, концепті мен қоршаған ортаның бейнесін өткізіп, ойдағы дүниелердің бәрі басқаша сипат алатын өзгеше шынайылықтың жаңа шегіне жетеді. Мәтінде берілетін көркем бейненің көп қырлылығы көпшілік жағдайда көркемдік сананың берілу түріне байланысты. Зерттеуде қазіргі қазақ поэзиясындағы мифтің қызметі жан-жақты сараланады. Автор мифтің бастау, негіздерін әдебиет пен мифтің сабақтастығын, көне танымның адамзат санасындағы орнын теориялық жағынан негіздеу үстінде, әлемдік мифтің арналарын саралап, оған байланысты әр кезеңде айтылған мифке қатысты пікір, тұжырымдарды зерделейді. Мифке қатысты шетелдік, отандық әдебиеттанушылардың ой-пікірлерін, жаңаша пайымдауларын жинақтап, өзара үндес немесе алшақ айтылған тұжырымдарды қорытып, дәйектеп береді. Сөйтіп, әлемдік әдебиетте ортақ құбылыс саналған миф ұғымының (моделінің) маңызын ашады.
Автор мифтің әдебиеттегі ағым-бағыттармен сабақтастығын орыс, қазақ поэзиясы (А.Ахматова, Н.Гумилев, О.Мандельштам, М.Жұмабаев, Б.Күлеев) арқылы негіздей отырып, бұл әдебиет өкілдерінің поэзия арнасын көркемдік тұрғыда кеңейткендігін тұжырымдайды. Қазақ поэзиясындағы осы уақытқа дейін дәстүрлі (немесе дағдылы) талдау өзегіне алынып келе жатқан мәселелерді зерттеуші жаңаша зерделеп, тың ойлар айтады. Мәселен, поэзиядағы жыл мезеттері, жаратылыс құбылысы мен оның жекелеген көріністері, аң мен құс, лирикалық бейне, діни, мифологиялық сюжет проблемалары ғалымның зерттеуінде жаңаша теориялық-әдіснамалық бағытта талданып, мәтіндік (Ж.Нәжімеденов, Ұ.Есдәулет, Е.Раушанов, Г.Салықбай т.б.) дәлелдермен тиянақталады. Автор қазақ поэзиясындағы мифтің поэтикалық қызметін зерттеу үстінде жаңаша тұжырымдар жасап, ғылыми айналысқа енгізген. Атап айтқанда, адам-қоғам-табиғат байланысын бейнелеуде, “ішкі әлемді” ашуда, жыл мезгілдерінің жаңа тұрпатын суреттеуде, табиғатты “адамиландыруда”, діни хикаят сюжеттеріндегі миф көрінісін беруде, көркемдік кеңістікті игеруде, постмодернизмнің негізін қалыптастыруда мифтің атқаратын қызметін қисынды, дәлелді түсіндірілген. Қазақ поэзиясын танып-таразылауда жаңаша теориялық қолданыс (концептуализм, метареализм, транслиризм, мифологем) енгізіп, қазіргі филологиялық ғылымда дәйектеле бастаған ұғымдарды қазақ поэзиясында орнықтырады, жаңа да негізді концепциялар ұсынады. Мәселен, ғалым мәтіндегі мифологемді талдау барысында ең алдымен, адам санасының көне бастауға ұмтылушылығын зерделей отырып, мифтің рөліне тек тар мағынасындағы мифология ғана емес, сонымен бірге тарихи аңыздар, тұрмыстық мифтер, алдыңғы кезеңдердегі тарихи-мәдени шындықтар, көне мәтіндер кірістірілетіндігін, осылайша, көркем мифологизм дербес сипатты да, тарихи шындықты да тасымалдайтындығын айтады. Мифологемдер шындықты ерекшелей көрудің механизмі бола отырып, метафораға жақындайды, алайда екеуі белгілі бір әлеуметтік ерекшелік тұрғысынан ажыратылады. Көркем мәтінде мифологемнің пайда болуы шындықтан тыс ойлаудың негізінде мифологиялық тәсіл арқылы мифологиялық-символдық кеңістікте игерілген жағдайға байланысты. Мәтінде мифологем “уақыттан тыс мәселе”, яғни, сол сәтте қоғамда құндылығы әлі беймәлім құпияны сақтаушы болып табылады. Мифологемге деген қажеттілік адамның санасында көненің белгісі, сұлбасы тереңдей сақталып, жету үшін керек. Осы тұжырымды зерттеуші қазақ поэзиясындағы ұлттық таныммен, көркемдік қабылдаумен қисынды сабақтастырған.
Алдағы зерттеу еңбектеріне тың бағыт сілтейтін, жаңаша бір көзқарас, пікір жаңалығын әкелген бұл еңбек қазақ поэзиясының ғылыми өрісін кеңейте түскен. Бұл зерттеуді филологтарға, әдебиеттанушыларға, поэзия жанрын зерттеушілерге жаңа бағдар танытатын маңызды еңбек деп санаймыз.
Құныпия АЛПЫСБАЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы.