«Біздің ауруханаға науқас А.Оразбекова шұғыл түрде өте ауыр жағдайда екіжақты вирустық пневмониямен және өкпе тінінің жалпы – 100% зақымдануымен түсті», деді №2 көпбейінді қалалық аурухана директоры Нұрбол Тұрсынбаев.
Жансақтау бөлімшесінде ананың өмірі үшін дәрігерлер екі ай күресті.
«Босанғаннан кейін науқастың жағдайы нашарлады: сатурациясы төмен, температурасы жоғары, өздігінен дем ала алмады, интоксикация синдромы сақталды. Бірнеше рет консилиум жүргізілді, нәтижесінде, пациент ЭКМО-ға (экстракорпоралды мембраналық оксигенация) қосылды. 20 күн бойы оксигенация және гемодиафильтрация жүргізілді», деп толықтырды шұғыл кардиология және кардиохирургия орталығының басшысы Сейіл Мұхаметқалиев.
Науқас оттегі терапиясына қосылғанына қарамастан, оның десатурациясы өзгермеді. Сондықтан консилиумның шешімі бойынша науқас ӨЖЖ аппаратына ауыстырылды.
«Екі ай бойы дәрігерлер мен мейіргерлер науқасты емдеп, барынша күтті. Көп ұзамай ауыр өткен отаның – жоғары технологиялық медициналық қызметтің нәтижесі бәрімізді қуантты. 50 тәуліктен кейін пациент реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Біздің аурухана мамандарының командалық жұмысының арқасында науқастың жалпы жағдайы жақсарды, гемодинамикасы тұрақтанды, ең бастысы, ол өз бетінше тыныс алады», деді инфекциялық блоктың меңгерушісі Гүлнұр Аширбекова.
«Айнагүл үшін туысымыздай алаңдадық. Бізді күйеуінің дәрігерлерге толық сенім артып, бәрі жақсы болатынына нық сенгені шабыттандырды», деді емдеуші дәрігер, пульмонолог Гүлжан Байырбекова.
Айта кетейік, медициналық қызметтер МӘМС жүйесінде жүргізілді. Сақтандырылмаған азамат үшін мұндай ота мен медициналық көмек 16 млн теңгені құрар еді.
Ауруханадан жазылып шыққан Айнагүл дәрігерлер мен мейіргерлерге, санитарлар мен барлық қызметкерлерге алғысын айтты:
«Дәрігерлерге, мейіргерлерге, санитарларға және АРҚТБ және инфекциялық блоктың барлық қызметкерлеріне алғыс айтамын. Баршаңыздың алдарыңызда басымды иіп, тағзым етемін. Көрсетілген көмек пен кәсіби біліктіліктеріңіз үшін тағы да рахмет. Бұл сөздерден басқа ештеңе айта алмаймын, ризамын. Тез сәбиімді қолыма алғым келеді», деді А.Оразбекова.