1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін билік басына келген Кеңес өкіметінің қазаққа жасаған қиянатын айтуға ауыз бармайды. 1921-1923 жылдардағы ашаршылық халқымызды бір тұралатса, 1928 жылы ұжымдастыру жүргіземіз деп ел ішіндегі байлардың мал-мүлкін тәркілеп, олардың өзін түрмеге қамап, отбасыларын қаңғыртып жіберді. Одан соң 1931-1933 жылдардағы солақай басшылардың қолдан жасаған реформасынан халқымыз ашаршылыққа қайта ұрынып, қынадай қырылды. Енді осы зұлматтан ептеп ес жинағанда, 1937-1938 жылдары көзі ашық зиялыларды қуғын-сүргінге салып, солардың көбісін ату жазасына кесіп, одан аман қалғандарын ұзақ жылға түрмеге жапты. Шындығын айтсақ, осы зобалаңнан әрбір қазақ шет қалған жоқ. Соның мысалы ретінде, аяулы әжеме қатысты бір оқиғаны айтсам деймін.
Әжемнің айтуынша, әкесі Асан − мыңғырған мыңды айдамаса да, орта дәулеті бар адам болыпты. Алайда 1928 жылы байларды қудалау басталғанда ауылдағы шолақ белсенділер алдымен сол кісіні көрсетіп, барлық мал-мүлкін тәркілеп, түрмеге жапқан. Ақыры, ол кісі түрмеде ауырып, қайтыс болған. Отбасын жер аударып, әжем анасы екеуі заман тынышталғасын елге оралған.
Ол кісі бетің бар, жүзің бар демейтін, тіке айтатын адам еді. Осы мінезін білетіндер одан ығып жүретін. Өйткені әкесі ер баласы болмағасын, жалғыз қызын он үш жасқа дейін еркекшора етіп өсірген. Он үш жасқа дейін атқа мініп, ер балалармен бірге жүріпті. Әкесі мен оның бауырлары тартқан азапты көзімен көргесін бе, әжем Кеңес өкіметіне жанымен қарсы болып, үнемі кемсітіп сөйлейтін. Кейде «Құл-құтан басқарған өкімет қайдан оңады» деп, әлдебіреулердің атын айтып, жақтырмай отыратын. Тіпті әжем үкіметтің сол кезде кәрілікке деп берілетін он екі сом зейнетақысынан бас тартып: «талай адамның қанын мойнына жүктеген өкімет мені жарылқамай-ақ қойсын» дейтін. Кейбіреулер оның осы қылығын «алжығанға» санады. Алайда әжем ақырғы демі үзілгенше өз ұстанымынан тайған емес. Енді мұны ол кісінің жан-тәнімен жек көрген Кеңес өкіметіне қарсылығы деп айтуға болады.