Аймақтар • 01 Сәуір, 2022

Тасқын судан 25 үйге су кіріп, халық көшірілді

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын ауылындағы төтенше жағдай тіпті асқынып кетті. Наурыз айының 31-і күні Шилі өзенінің суы көтеріліп, ауылдың 25 үйіне су кірген. Үйлердің алды құлай бастады деген хабар бар, деп жазады Egemen.kz

Тасқын судан 25 үйге су кіріп, халық көшірілді

Қаратөбе ауданының елдімекендерінде қар суының мейлінше еруі және су тасу қаупі жағдайына байланысты Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды.

Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022 жылғы 31 наурызда сағат 20.40-та дағдарыс орталығында облыс әкімінің орынбасары Т.Меңдіғалиевтің төрағалығымен азаматтық қорғау органдары қызметі басшыларының қатысуымен жедел штаб отырысы өткен. Отырыста Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарындағы жолдарды су шаю мәселесі талқыланған.

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник А.Тоқановтың бастауымен Қаратөбе ауданына авариялық-құтқару, эвакуациялық және шұғыл жұмыстар үшін күштер мен құралдардың жиынтығы жолға шықты.

Қазіргі уақытта департамент және облыс басшылығы жағдайды бағалау мақсатында тікұшақпен су тасқыны қауіпті аумақтарға аттанған. Шалғын ауылында су кірген 25 тұрғын үйдің тұрғындары мәдениет үйіне көшірілген. «Тұрғындарды көшіру мәселесі қарастырылуда. Шалғын ауылы қатаң бақылауда» деп хабарлайды департаменттегілер.

Айта кетейік, осыдан бір күн бұрын Қаратөбе ауданының Ақтайсай ауылы тұсында еріген қар суы аудан орталығымен байланысатын жол мен бөгетті бұзып кеткен еді. Аталған ауылмен жол байланысы тоқтаған.

Шыңғырлау ауданында да қардың қарқынды еруінен «Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай» қара жолының бірнеше жерін еріген су жырып өткен. Төтеншеліктердің айтуынша, бұл бағытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

«Жергілікті атқарушы органдардың күшімен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, қазіргі уақытта су деңгейінің төмендеуі байқалады. Жолды қалпына келтіру жұмыстарын еріген су азайғаннан кейін жүргізу жоспарлануда» дейді аталмыш мекеменің баспасөз хатшысы Бәкизат Мағзенова.

Осы күндері Теректі ауданына қарасты Төңкеріс ауылы тұрғындарының да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған бейне-үндеуі желіге тарап жатыр. Бұл ауыл тұрғындары да жол, ауыз су тапшылығына наразы.

Соңғы ақпараттарға қарағанда, Шыңғырлау ауданындағы Алмаз ауылының кіреберісіндегі көпірді де су шайып кеткен.

Бәйтерек ауданындағы Өркен ауылына да су кіріп, бір-екі ауланы басқаны, бір үйдің моншасына су кіргені хабарланды. Бірақ бұл ауылға төнген қауіп сейілген.