Спорт • 04 Сәуір, 2022

72 жастағы ұлытаулық марафоншы жаяу жолға шықты

455 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының қызметкері, еңбек ардагері Қотырашов Сәрсенбай Оспанұлы Қазақстанның кең байтақ даласын жаяу жүріп өтуге жолға шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

72 жастағы ұлытаулық марафоншы жаяу жолға шықты

72 жастағы қария қарашаға дейін бүкіл елді аралап, қолданбалы өнер шеберлерімен кездесіп, басқа өңірлердің тұрғындарын Ұлытау ауданының тарихымен және киелі жерлерімен таныстыруға ниетті.

Жоспар бойынша, ол күніне 40 шақырым жол жүреді.

«Мен бұл марафонға жеті жыл бойы дайындалдым. Менің мақсатым – қолөнер шеберлерімен кездесіп, халықты Ұлытау тарихымен таныстыру. Соның ішінде «Көкмайса» фестивалін насихаттау да бар. Мен Қазақстанның барлық өңірлерін айналып өтуді жоспарлап отырмын. Қызылорда, Түркістан, Шымкенттен бастаймын. Әрі қарай Тараз, Алматы, Талдықорған қалаларына жол тартамын. Қазақстанның үздік қолөнершілерінің тізімін жасағым келеді. Менің бүкіл бағытым әлеуметтік желілерде жарияланады», дейді саяхатшы.

Қарияның жаяу марафоны «Ұлытауға бардың ба?» деп аталады. Алыс жолға шығар алдында Сәрсенбай Қотырашов «Ұлытау» мұражай-қорығындағы әріптестерімен кездесіп, өзінің бағыты туралы айтып берді.