Тағайындау • 04 Сәуір, 2022

ҚР авиациялық әкімшілігінің бас директоры тағайындалды

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Каталин Раду акционерлік қоғамның бас директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚР авиациялық әкімшілігінің бас директоры тағайындалды

Каталин Раду - 25 жылдан астам тәжірибесі бар авиация саласының маманы.

Соңғы 7 жыл ішінде ол ұшу қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру мақсатында оның дамуын үйлестіруге жауапты ИКАО – халықаралық азаматтық авиация ұйымы директорының орынбасары болды.

2011 жылдан 2014 жылға дейін Раду Еуропалық Азаматтық авиация конференциясының президенті болды. Ал 2007-2014 жылдары Румыния азаматтық авиациясының бас директоры қызметін атқарды. Сондай-ақ еуропалық азаматтық авиация конференциясының (ECAC) президенті, Еуропалық аэронавигация қауіпсіздігі ұйымының (EUROCONTROL) вице-президенті, ИКАО Ассамблеясының 37-ші сессиясының вице-президенті және ECAC сыртқы байланыстар және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестірушісі лауазымдарын атқарды.

Каталин Раду өзінің авиациядағы мансабын 1996 жылы Румыния азаматтық авиация басқармасында ұшуға жарамдылық инспекторынан бастаған.

Каталин Раду - Бухарест политехникалық университетінің түлегі (аэроғарыштық инженерия факультеті, Аэронавтика факультеті), Аэронавтика және ғарыш кеңістігі жоғары институтының магистратурасында оқыған (Тулуза қ., Франция), ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар. Ол сонымен қатар Гарвард университетінің стратегиялық басқару саласындағы жетекші дипломын алды.

Каталин Раду халықаралық мекемелердегі басшылық қызметтердегі мол тәжірибесінің арқасында әлемдік авиация индустриясына жоғары деңгейдегі жетекші ретінде танымал. Каталин Радудың басшылығымен халықаралық авиациядағы заманауи стандарттар мен регламенттер әзірленіп, енгізілді.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ 2019 жылы мемлекеттің 100%-дық қатысуымен құрылды. ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 25 шілдедегі № 530 қаулысымен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым болып айқындалды. Негізгі қызметі – ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік саласындағы техникалық бақылау және қадағалау. ААК халықаралық аэронавигациялық алымдар есебінен қаржыландырылады.