15 Мамыр, 2010

ЖАРҚЫРАЙДЫ ҚАЗАҚСТАН ЖҰЛДЫЗДАРЫ

694 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Есігі тарс жабылғандай мәңгі қара тозақтың, Аспанымда айналып тұр, аймалап тұр ғажап күн. Бостандықтың орнайтынын бодан болып жүріп-ақ, Сезген екен Шәмшісі мен Жұмекені қазақтың. Бұл әуенді тебіреніп Әуезов те тыңдаған, Сүйсінгенін жасырмаған Нұрғисадай нұрлы адам. “Менің елім, менің елім” деп Нұрсұлтан Президент, Әрбір сөзін жүрегінің ырғағымен шыңдаған. Соқыр тұман ашылды да заман қалай өзгерді, Шындық жеңіп, шынашақтай Шәмші  басты безбенді. Құлқынды емес, ұлтын сүйген ата-баба жолымен, Ұранды да, Құранды да танитұғын кез келді. Көк байрағың желбіреп тұр, шырқа көкке Елұран, Қанша боздақ құрбан болды ғаділеттің жоғынан. Самал ескен Сарыарқада салтанатты Астана, Құдай деген Қазақтың да тұрды желі оңынан. Әлмисақтан Жаратқанның назарына іліндім, Әл-Фараби түбін қазып, шамын  жақты  ғылымның. Күні ертең-ақ бүкіл әлем тұнығыма тамсанып, Мәйегінен нәр алады менің ана тілімнің. Батыр бабам жау қайырып, көкпар шапқан,  қой баққан, Егескеннің кеудесіне көк найзасын бойлатқан. Дүниеге бір-ақ келер алыптығын дәлелдеп, Қажымұқан да заманының бұлшық етін ойнатқан. Бір кездері көтере алмай озбырлықтың жебесін, Ауып кеткен бауырлардың елге бұрдық кемесін. Көп адасып құттыхана мешітіне енгендей, Тұс-тұстан кеп, қағып жатыр өр Қазақтың шегесін. Дінсіздіктен, мұңсыздықтан планета қатерлі, Жанды ойламай, тәнді ойлаған тығырыққа әкелді. Жадау сәтте жарқырады Қазақстан жұлдызы, Елу алты ел төраға етіп, төбесіне көтерді. Ақыл, иман, кеңдік, теңдік бәрі бізден табылар, Қазақ десе бас изейді халықаралық қазылар. Ғалам жүгін көтеруге Қазақстан ұмтылды, Арқасының жауыры әлі… Жазылмаса жазылар. * * * Өзімді-өзім қағазға жығып әрең, Сүйегімнен отырмын сығып өлең. Ұшпа желдей ұйытқып өте шықты, Аттандап тұр алпысың шыныменен. Қызыл-жасыл жастық шақ баяғы елес, Бізге құшақ қайыра жаяр емес. Төсегімде ойландым ұйқылы-ояу, Ештеңем де ертеңге даяр емес. Жас күнгідей жүргем жоқ жүлде жарып, Ұмытқан жұрт ұмытсын мүлдем анық. Ақ шашымды қараға бояғанмен, Шер көңілді жібітем кімге барып. Қай заманның мұңлығы-зарлығы да, Ем таппаған жазмыштың жарлығына. Намаз оқып алған соң, тәубе қылдым, Ұмытпайтын Құдайдың барлығына. Шын таланттар өтейді өмір құнын, Қайталайды ғасырлар соның жырын. Ақ шыңдардың басында жүретұғын Тазалықты, мәрттікті сүйетұғын. Қасиетті ақ Барыс менің жылым! Желтоқсанда от шашқан дара намыс, Мына бізден айналып барады алыс. Барыс жылы барыстай ұлдар тусын Қазағыма маңдайы кере қарыс. * * * Мейіріне қарашы Жер-ананың, Жөргек қылды гүлдерге орамалын. Жаңа күннің нұрына жерік болып, Құрсағынан шығарды қалағанын. Қасиетін айтсайшы Жер-ананың, Аузына алып әжелер Жасағанды, Берекеге молықты ошақ алды. Кел, аяулым, қыс бойы күттім сені, Жын-жыбырдан тазартып босағамды. Он сегіз мың ғаламға қақса дабыл, Отырар мен Түркістан астана бұл. Он саулығы кедейдің егіз төлдеп, Омыртқасы қатайсын жас баланың. Күн шуағы жіпсітіп арқамызды, Пәк сезімге ұйытар орта бізді. Ұшқан құстар жұптасып өбектейді, Ізгілікке шақырып баршамызды. Дүбір- дүбір дүние тақтасында, Қыбыр-қыбыр тіршілік нақ қасымда. Ақ нөсерге ақ кептер жуынып ап, Ұя сала бастады ақ шатырға. * * * Көктем келіп қаққанда көкті қаңғыр, Тамырымен оянды текті тағдыр. Мамыр қыздың бояуы көз тартсын деп, Сәуір жігіт селкілдеп төкті жаңбыр. Табиғаттың тырбанып нұрына әлем, Бұлтты басып тұрғандай мініп әрең. Қымызға тоқ қызарған қазақтардай, Құйылып тұр жүректен тіліме өлең. Желбіреген жусанның жұпары аңқып, Көк камзолдың жағасы қызыл барқыт. Лала гүлдер түнде ұйқтап құндақталып, Сәскеде әрең тұрады нұрға балқып. Қуанасың көктемнің салтын көріп, Сыбырлайды самал жел шалқып, желіп. Қонақ күткен келіндей сызылады, Киіп алған Кеуректер алтын бөрік. Қоңданыпты қойнауын марқайтып қыр, Құмның іші байлығын байқалтып тұр. Сексеуілдер кетердей серуендеп бір Мұрынқарақ маужырап май тартып тұр. Аяқ асты былқыған арасан көк, Бес шоқыны қойғандай жаңа сәндеп. Өлгендер де шығар-ау армандайтын, Бас көтеріп бір сәтке қарасам деп. Құдіреттің мұншама тегеуріні-ай, Жаралыстың құпия тереңдігі-ай. Кенжетайын көктемнің үкілепті, Ғибрат ал дегендей шебер Құдай. Бір күні айтып жылармыз қурайға сыр, Уралайды бүйірден уран ғасыр. Жүрегі жоқ обырлар жұтып қойған, Жазмышымыз жоғалған иманда тұр. Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, Қазақстанның халық ақыны.