05 Сәуір, 2014

«Қауіпсіз аула» – қала тыныштығының кепілі

633 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке мемлекет пен жекеменшік арасындағы тығыз қарым-қатынасқа негізделген «Қауіпсіз аула» бағдарламасы таныстырылды. Қала басшысы аталмыш бағ­дар­ламаның маңызын айта келіп, осындай игі істер арқылы келешек­те көптеген тосын оқиғалар мен қылмыстардың алдын алуға, қала аудандарындағы көпқабатты үй­лер­­дің тазалығы мен жай-күйін жақ­­сартуға ықпал ететіндігін жеткізді. «Қала тұрғындарының қауіп­сіздік шарасын қамтамасыз ететін бейне-бақылау құрылғылары әрбір шағын аудан мен жекелеген аулаларда орнатылатын болады. Бейнекамераларды орнату ісі әуелі муниципалды тұрғын үй кешендері мен жаңадан бой көтерген ғимараттар, жаңа үйлер мен қала аумағына қосылған жаңа құрылыс нысандарын қамтиды. Қауіпсіз ауланы жетілдіре отырып қаладағы тәртіп мәселесін ны­ғайтамыз» деді Ахметжан Есімов. Жобаның алғашқы нұсқасы Алатау ауданында бой көтерген «Ақбұлақ» шағын ауданында бастау алды. Сондай-ақ, қала басшысының айтуынша, халық көп шоғырланатын жер­лер мен әлеуметтік қызмет көрсету алаңдарына қойылған бейне-бақылау құрылғылары өзі­нің оң нәтижесін беріп отыр. Осы бағ­дарламаның алғашқы ұсыны­лымына қатысқан Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының басшысы Серік Күдебаев бейнекамералармен толықтай қамтылған кезде қалада орын алатын қылмыстық оқиғалар реті 25-30 пайызға төмендейтіндігін жеткізді. Бүгінгі таңда қалалық Ішкі істер басқармасымен жеке тұр­ғын­дар арасындағы келісім ар­қы­лы бірнеше бейне-бақылау құрыл­ғылары жұмыс істеп тұр. Тіркелген аудандарда қылмыс пен заң бұзушылық бірден кеміген. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.