Петропавлдың соты кәмелетке толмаған баласы үшін әйелден алимент өндіру туралы шешім шығарады. Бірақ сот шешімі қолына тисе де, туған баласына жаны ашымаған «көкек» әйел алимент төлеуді ойына да алмай, Ресейдің Түмен қаласында басқа бір еркекпен тұрып жатады. Бірақ қазақстандық сот шешімін орындатушылар да оның қыр-соңынан қалмайды. Алайда әйел ізін жоғалтып, Түмен қаласынан (Ресей) көшіп кетеді.
Наурыздың 28 мен 30-ы аралығында Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері борышкерлерді, алименттен жалтарушыларды және туыстық байланыстарын үзгендерді іздестіру бойынша акция өткізген болатын. Акция барысында 40 жастағы «көкек» әйелдің АҚШ-қа қоныс аударғаны белгілі болып, Америкадағы мекен-жайы анықталды. Енді сот орындаушысы АҚШ-тың құқық қорғау органдары арқылы алиментті өндіріп алатын шығар деген үміт бар. Бұл оқиға қазіргі заманда тіпті басқа мемлекетке қашудың өзі соттың құрығынан құтқармайтынын көрсетті.
Аталған акция барысында облыс полицейлері барлығы 75 іс бойынша борышкерлерді іздестірген. Оның жартысы дерлік балаларды қараусыз қалдырған ата-аналармен байланысты. «Жалпы, акцияның алғашқы күнінде іздеуде жүрген 14 адам анықталды. Оның 4-уі борышкер, 7-уі алимент төлемеуші және туыстық байланыстарын жоғалтқан 3 адам. Олардың бесеуі облыс аумағынан тыс жерде анықталды, екеуі алыс шетелде екені белгілі болды. Арақашықтық жұмысты қиындата түседі, бірақ бағындырылмайтын кедергі жоқ. Іздеу жұмысы ұдайы негізде жалғасатын болады. Жыл басынан көші-қон қызметінің барлық үш бағыты бойынша 93 адам есепте тұрған, қазіргі уақытта 43 адамның жүрген жері анықталды», дейді Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ермек Нұсырбаев.
Солтүстік Қазақстан облысы