Аймақтар • 06 Сәуір, 2022

Әулиекөлге бірқазан қонды

484 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әулиекөл ауылының орта­лығындағы Пожарный деп аталатын шағын көлге қон­ған он шақты бірқа­занды жергілікті тұрғын­дар­дың бірі суретке түсіріп алыпты.

Әулиекөлге бірқазан қонды

Жылы жақта қыстап шығып, алыстан талып жеткен жыл құс­тарының қанаты талды ма екен, әлде кейінде қалып кешіккен бірқазандардың тізбегін күтті ме екен, биыл әдетте қона бермейтін Әулиекөлге аялдапты. Ұзын тұмсық, ескекаяқ қанаттылардың әйтеуір Науырзым қорығын бетке алып бара жатқаны анық. Өйткені бұл құстар жылда күн жылынған соң Науырзым қорығына ұшып келіп, ала жаздай осы өңірді мекендейді. Сол жерде ұя салып, балапандарының қанаты қатайған соң күздің қара суығында қайтадан жылы жаққа ұшып кетеді.

Мамандардың айтуынша, бірқазан сирек кездесетін, ұясын кез келген жерге сала бермейтін, салмағы 10-11 килоға дейін баратын ірі құс. Көбіне нулы қамысты көлдерді мекендейді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл құстардың саны бірте-бірте кеміп бара жатқан көрінеді. Сондықтан заңсыз аңшылықты кәсіп еткен сұрмергендердің сұқ көзіне жиі ілігеді, көбі осы құсты нысанаға алуға құмар.

 

Қостанай облысы,

Әулиекөл ауданы