Аруна мектеп қабырғасында үздік шәкірт, үлгілі оқушы болды. Білім ошағындағы қоғамдық, мерекелік іс-шаралардың бәрін ұйымдастырып, өзі жүргізетін. 1985 жылы онжылдықты тәмамдаған соң, Қостанайдағы педагогика институтына келіп, өзі таңдаған тарих мамандығына оқуға түседі. Студенттер жатақханасында бос орын болмағандықтан, оқуына жақын маңайдағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратын ерлі-зайыпты кісілердің пәтерінен уақытша бір бөлме жалдап тұруға тура келеді. Алайда 17 жастағы өрімдей жас қыз ол кезде өз тағдырының күрт өзгеріп, өмірдің қайсарлық пен табандылықтан өрілген мүлде басқа арнасына түсуіне осы пәтер себеп болатынын білмеген еді.
– Бірде өзім жалдап тұрып жатқан пәтердегі апай үйде болмай қалды. Осыны пайдаланған күйеуі түнгі үш-төрттерде мен жатқан бөлмеге кіріп, көрпеме қол салып тиісе бастады. Ұйқымнан шошып оянып кеттім. Дүлей күшке қарсы тұрарлық қауқары жоқ қаршадай қызбын ғой. Бұл ісінің өте ұят екенін айтып ем, сөз өтпеді. Көзіне көзім түсіп кетіп еді, кәдімгі сүзеген бұқаның көзіндей қызарып, қанталап кетіпті. Қорыққанда адамның бойында үлкен күш пайда болады екен, кеудесінен қатты итеріп жіберіп едім, шалқалақтап кетті. Осы сәтте басқа бөлмеге қашып барып, есіктің тиегін жауып алдым. Есікті сындырып кірді. Мен терезенің алдына жүгіріп барып, енді бір қадам жақындасаңыз, сыртқа секіріп кетем дегеніме қарамастан ентелеп келе бергенде, «Бісміллә!» дедім де, екінші қабаттағы пәтердің терезесіндегі қос қабат әйнекті күл-парша сындырған күйі төменге бір-ақ секірдім, – деді Аруна Рахметоллақызы.
Қаршадай қыздан мұндай көзсіз батырлықты күтпеген қара ниет қасқкөй қайсар қызды ұстап қалмақ болыпты. Бірақ жауызды кеудесінен итерген күйі шалқалай құлаған Аруна бар салмағымен жерге арқасымен түскен. Арын аяқасты етпек болған сұмнан қашып, өміріне төніп тұрған қауіпті елеместен терезеден секірген Аруна ес жиған сәтте екі аяғының жансызданып қалғанын бірден сезеді. Кейін дәрігерлерден кеуде омыртқасының екі жерден сынып, жұлыны зақымданғанын естиді.
– Мүлде жүре алмай қалдым. Сау адам бостан-бос терезеден секірмейді, намысымды, арымды қорғау үшін осындай қадамға бардым. Бірақ денсаулығымнан айырылып қалдым. Алтыншы тамызда құладым, бес ай аурухана төсегінде таңылып жатып, дәрігерлер желтоқсан айының бесінде ғана жатқан күйімде шығарды. Тіпті отыра алмай қалдым, – деді Аруна.
Осындай қиын кезеңде қозғалуы мұң болып қалған Арунаның ата-анасы қасынан табылып, дәрмен-демеу бола білді. Анасы өте сабырлы, парасатты кісі еді. Алланың ісіне болаттай берік болуды үйретті. Әкесі қызым аяқтан тұрып кетсін деп үйдің айналасына түрлі тренажер, жаттығу құралдарын жасап тастады. Өзі Арунаны көтеріп шығып, қандай тренажермен қалай жұмыс істеу керек екенін үйретіп, жаттықтырушының қызметін атқарды. Осылайша, бірте-бірте еңбектеуге, отыруға, аздап жүруге, мүгедек арбасынан түсіп-мінуге үйрене бастады. Марқұм әжесі, іні-бауырлары мен сіңлілері де кіп-кішкентай болса да бәрі жаны қалмай жабылып жүріп керегін алып беріп, қолдарынан келген көмектерін аямады. Қызымыздың аяғынан тік тұрып кетуге ем-шипасы тиіп қалар деген үмітпен ата-анасы Қырымға, Қарағандыдағы оңалту орталығына, ТМД аумағындағы басқа да емдеу орталықтарына жыл құрғатпай арқалап апарып жүрді. Тіпті Мәскеудегі академик Н.Бурденко атындағы нейрохирургия институтының профессорын алдыртып ота жасатып та көрді. Өкінішке қарай, профессор жасаған үш ота да қатты зақымданған жұлынға жан бітіре алмады.
– Алғаш бірте-бірте денсаулығым дұрысталып кететін сияқты болып көрінді. Үйде еңбектеп, аяғымды дәкемен таңып, тұрып, жүріп көрмекке тырыстым. Ақыры енді ешқашан аяғымнан тұрып кете алмайтыныма көзім жетті. Өзімнің осындай дәрменсіз халімді сезінген сәтте ағыл-тегіл жылағаным есімде, үйдегілер де менімен бірге көз жасына ерік берді. Мұқағали ақынның:
«Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,
Өмір, өмір! Болмайды
түңілуге,
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың
бар жүгіруге!»
деп келетін өлеңі бар емес пе, мен де осы күйде іштей мүжіліп отыра берсем, өзіме де, ата-анам мен бауырларыма да ауыр болатынын түсініп, өмірімді жаңаша бастау керек деген шешімге келдім. Мен бүгінгі жетістіктерімнің бәріне әке-шешемнің арқасында қол жеткіздім. Ол кісілердің мейірім-шапағаты болмағанда осы күйімде бүгінге жетер-жетпесім неғайбіл болар еді, – дейді ата-анасын толқи отырып еске алған Аруна Рахметоллақызы.
Бүгінде Аруна қажет жағдайда өздігінен аздап жүріп-тұра алады. Арбаға да өзі мініп-түседі. Тіпті автокөлікті де жүргізеді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетті қызыл дипломға бітіріп, магистратураны тәмамдап алды. Қазір ат үстіндегі азаматтардан кем емес. Таңнан кешке дейін өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың күтімі мен әлеуметтік жағдайын арттыру, денсаулығын жақсартудың қамымен жүріп күннің қалай өткенін білмей қалады.
Тағдыр табыстырған арқа сүйер азаматы Дүйсенғали Оспанов екеуі 2005 жылы «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігін құрып, бүгінде 200-ден астам зағип жанды қанатының астына алып, қамқорлық жасап отыр. Бірлестікке қарасты бейімдеу орталығында тірек-қозғалыс мүшелері зақымданған зағиптарға арналған жаттығу залы, әлеуметтік-тұрмыстық қолдау орталығы, компьютер сыныбы, қолөнер шеберханасы, шағын тігін цехы, медициналық, психологиялық көмек көрсететін кабинеттер жұмыс істейді. Орталықта электронды порталды пайдалануға, SMM дизайнер, компьютерлік бағдарлама, есепші, копирайтинг сияқты түрлі кәсіпке үйрететін семинар-тренингтер мен курстар жиі өтіп тұрады.
Бірлестік 2020 жылы мүгедектігі бар жандарға арналған «Тең қоғам» деп аталатын әлеуметтік қолдау орталығын ашып, қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр.
– «Тең қоғам» көрсететін қызметтердің ішінде Электронды үкімет порталы бойынша жұмыс істеу, ақпараттық, құқықтық, психологиялық көмек көрсетеміз. Жұмыс таба алмай жүрген мүмкіндігі шектеулілерге жұмыс тауып береміз. Енді бір-екі аптадан кейін зағип жандар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналарды цифрлы сауаттылыққа үйрету курстарын бастайық деп жатырмыз, – деді бірлестік төрағасының орынбасары.
«Үміт-Надежда» бірлестігі үйінен шыға алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмек, азық-түлік пакеттерін, сондай-ақ мүгедек арбасы, балдақ, таяқ, тіпті жаялық, жөргек сияқты тұрмысқа қажетті бұйымдарды тегін апарып беріп отырады. Осылайша, бірлестік тағдыры арбаға таңылған жандарға үздіксіз қолдау көрсетіп келеді.
Ерлі-зайыпты Дүйсенғали Оспанов пен Аруна Жақсығұлова – облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбадағы бал биі өнерінің негізін қалап, қалыптастырып, дамытқан адамдар. Бұл жерде ең алғаш Қазақстандағы арба биі мектебінің негізі Қостанай қаласында қаланғанын айта кеткен жөн.
– 2009 жылы «Билейтін арба» деген жобамызды жасап, ол Мәдениет және ақпарат министрлігінен қолдау тауып, Қазақстанда ең бірінші фестивальды өткіздік. Алты облыстан бишілер келіп қатысты. Біз осы шарадан кейін, қажетті құжаттардың бәрін жинап, сол кездегі Спорт министрлігі мен Ұлттық паралимпиада комитетіне елімізде арбадағы бал биі сияқты спорт түрін дамыту керек, бұл арбаға таңылған адамдарға аса пайдалы деген мазмұнда хат жаздық. Араға үш-төрт ай салып министрліктен арба биін паралимпиадалық реестрге енгіздік деген жауап алдық, – деді Аруна Рахметоллақызы.
Аруна Жақсығұлова бірінші рет ұйымдастырылған республикалық фестивальда жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның спорт шебері атағына ие болды. Бүгінде ол арбадағы спорттық бал биінен екі дүркін республика чемпионы. Оның жеңіс жолы Италия, Голландия сияқты Еуропа елдерінде жалғасып, ірі халықаралық жарыстардан жүлделі оралды. Аталған спорт түрімен әлі де белсенді айналысып келе жатқан Аруна Рахметоллақызының шәкірттері Азия мен Еуропада өткен жарыстарда лайықты өнер көрсетіп, ел намысын қорғап жүр. Тәжірибелі спортшының айтуынша, бүгінде ірі жарыстарда жүлделі орын алып, өзінің шеберлігін дәлелдеген спортшылар арнайы стипендия алады. Бекітілген жоспар бойынша ел ішіндегі, шетелдегі халықаралық кубоктарына барып-келу жағын да толықтай мемлекет қаржыландырады. Бір әттеген-айы, бүгінде биге арналған арбалар өте қымбат, ең арзан дегенінің өзі 1,5 млн теңгеден асып кетеді екен. Би алаңына киіп шығатын костюмдер де өте қымбат. Жауапты жарыстарда жеңіске жету үшін спортшының шеберлігі аздық етеді, оған қоса сапалы арба мініп, жақсы киім киіп, жарқырап шығу керек. Тиісті орындар осы мәселеге назар аударып, өмірінің мәнін спорттан тапқан мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін кеңейтуге қол ұшын созса, құба-құп.
Аруна Жақсығұлова отбасы-ошақ қасынан да бақытын тапқан әйел. Құдай қосқан қосағы Дүйсенғали ағай екеуі шаңырақ көтеріп, үй болғалы да биыл, міне, 28 жыл болыпты.
– Алғашқыда тиянақты шешімге келе алмай, ұзақ жүрдік. Екеуміз де арбадағы адамбыз. Екеуміз де елдің алдында жүріп, көптен бұрын сөйлеп үйреніп қалғанбыз. Бұл қалай болады екен деп үш жыл ойландық. Ақыры тәуекелге барып, бас қостық. Қазір Дүйсен «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, мен ол кісінің орынбасарымын. Ол кісінің көп жылдық еңбегі жоғары бағаланып, таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шапағат» медалін алды. Отбасында, иә жұмыста болсын, мәселенің бәрін үнемі ақылдасып-кеңесіп шешеміз. Жалпы, Дүйсен екеуміз бастаған кез келген істің аяғы баянды болады, – деп жымиды Аруна.
ҚОСТАНАЙ