Білім • 07 Сәуір, 2022

Білімді бағалайтын халықаралық жоба

474 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында мыңнан астам оқушы PISA халықаралық зерттеу жобасына қатысады. PISA – 15 жастағы оқушылардың академиялық жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы. Салыстырмалы түрде іске асырылатын зерттеу жұмыстары 4 сәуірде басталды.

Білімді бағалайтын халықаралық жоба

Жобаны Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымы жүргізеді және оқушылардың жалпы білім деңгейін, математика және жаратылыстану пәндері бойынша ғылыми сауаттылық деңгейін бағалайды. Ұйымдастырушылар сауалдамаға қатысатын білім мекемелері мен оқушылар кездейсоқ іріктеу әдісі арқылы таңдап алмақ. Аталған жоба 2000 жылдан бері әр 3 жыл сайын жүргізіліп келеді.

– PISA қазіргі оқу сапасы мен оқушылардың мектептен алған бі­лім­­дерін тәжірибеде қолдана білу қабілетін бағалайды. Білу – қазіргі функционалдық сауаттылықтың ең маңызды аспектілерінің бірі. Осы уақыт ішінде зерттеуге 15 жастағы 3 млн-нан астам студенттер мен оқушылар қатысты. Өткен жылы пандемияға байланысты мұндай зерттеу жүргізілген жоқ. Ал биыл жобаға 80-ге жуық ел қатысады, – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Анна Лазарева.

PISA халықаралық зерттеу жобасына Қостанай облысындағы 4 колледж, 32 мектепте білім алып жатқан 1 030 оқушы таңдалып алынған. Оқушылардың білім деңгейі компьютер форматында тест сұрақтары мен сауалдамаға жауап беру арқылы тексеріледі. Бұл жолы балалардың шығармашылық ойлау дағдысы ба­ғаланбақ.

PISA нәтижелері оқушылардың оқу үлгерімі бойынша алған баға­ларына әсер етпейді, бірақ сал­мақты талдау нысаны ретінде пайдаланылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұн­дай зерттеулер оқу­шылардың оқу дағдысын, математикалық және ғылыми сауат­тылығын баға­лау­­мен ғана шек­телмейді, сонымен қа­тар ба­лалардың оқуға деген ынта-ықы­ласының нендей уәжге негіз­де­летінін қоса зерделейді. Ал зерттеу барысында алынған мәліметтер білім беру саласындағы кемшін түсіп жатқан өзекті мәселелерді анықтауға, сондай-ақ білім беру стратегиясын жетілдіру бойынша ұсыныстар жа­сауға көмектеседі.

 

Қостанай облысы