Қоғам • 07 Сәуір, 2022

Пайыз сөзінен бас тартпағанымыз жөн

515 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ тілі – көз жетпес көне, ықылым заманнан дамып, жетіліп келе жатқан, әлемдегі бай да әсем тілдердің бірі. Қазақ тілі сөздік қорының жылдан-жылға молайғанына, халықтың байырғы сөздері кең қолданыла бастағанына еліміздің әр ұлтжанды азаматы қуанатыны хақ.

Пайыз сөзінен бас тартпағанымыз жөн

Кез келген әлем тілдері секілді қазақ тілінің құрамында да басқа тілдерден енген сөздер баршылық. Кейінгі жылдары қазақтың өз сөзіндей болып кеткен көп сөздің бірі – пайыз. Арабтан енген осы сөздің анықтамасына назар аударайық. «Пайыз [ар. ]... Бүтін ретінде алынған өлшемнің жүзден бір бөлігі, процент». Пайыз сөзі «Орфографиялық сөздіктің» бетінен де нық орын тепкен (Алматы, Тіл білімі институты, 2007, 325-бет).

Сонымен бұл сөздің Кеңес дәуірінде кең қолданылған латынның процент сөзінің араб тілінен енген, қазақыланған тең баламасы екендігі дау тудырмайды. Қазақ топырағына араб тілінен енген сөздер орыс не басқа тілдерге қарағанда бірнеше ғасыр бұрын еніп, қазақтың табиғатына етене жақын, сіңісті болып кеткен.

Пайыз сөзі Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай қоғамда кең қолданыс тапқандай еді. Бірақ кейінгі кездері БАҚ-тарда, қоғамда осы сөздің орнына қайтадан процент сөзінің қолданылуы кең етек алып бара жатыр. Сондықтан проценттің орнына ғасырлар бойы елімізде тамырын терең жайған, қазақы ортада біраз жылдан бері қолданылып келе жатқан пайыз сөзін жатсынбай, жетімсіретпей қайтадан кең қолдансақ деген тілегім бар. Бұл сөз қазақы тілге оралымды да икемді, жеңіл айтылады. Ең бастысы, ол қазақтың төл сөзіндей жақын әрі нанымды естіледі.

 

Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ,

заңгер-құқықтанушы, публицист

НҰР-СҰЛТАН