15 Мамыр, 2010

БАБАЛАР СӨЗІ – ДАНАЛЫҚ КӨЗІ

7611 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Рес­­публикасы Пар­­­­ламенті Мәжі­лісіндегі “Жаңа Қа­зақстан” де­пу­тат­тық тобы  “Ата-баба сөзі – да­налық көзі”, деген  тақырыпта  дөң­гелек үстел өт­кізді.  Оның жұ­мысына Қа­зақ­стан халқы Ас­сам­блея­сынан сайланған Мәжі­ліс депу­тат­тары түгел қатыс­ты. Басқосуды “Жаңа Қазақстан” депутаттық то­бының жетекшісі Қайрат Сәдуақа­сов ашып, аталған топ мүшесі Люд­мила Хочиева “Бо­сағада дұрыс тәр­бие алған бала Отан, Бақыт, Бі­лім, Береке”  де­ген қасиеттерді жан дүниесімен сезінеді”, – деп ал­қалы жиынның беташарын жасады. ҚР ҒА академигі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры Әсма Қалыбекова “Өсіп келе жатқан ұрпақ тәрбиесінде қазақтардың халықтық педагогикасының идея­ларын қолдану” деген тақырыпта кеңейтілген баяндама жасады. Одан кейін Еуразия ұлттық универси­тетінің студенттері кезекпен сөз алып, талқылау сұхбатқа қатысты. Әлкей Әлжанов “Ата-баба сөзі – даналық көзі”, Динара Валеева “Шаңырақ шуағы – алтын мұра”, Гүлмира Сманова “Адамзат мүсін­шісі – ана”, Асхат Атау “Ұлға отыз үйден, қызға қырық үйден тыйым” деген тақырыптарды талдады. “Ел бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады, Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады, Шаршы топта сөз бастаудан қиындық көргем жоқ” деп Бұқар ақын айтып өткендей, тақпақтап алқалы жиынды жастардың алды боп студент Әлкей Әлжанов бастады. “Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы дейді дана халқымыз. Қазақ халқы өзінің санғасырлық тарихи жолында мемлекеттік дамудың эволюциялық сатыларын басынан өткерді. Қазіргі кездегі ұлан-ғайыр жеріміз бен еліміздің аман сақтап қалынғаны – ата-бабаларымыздың намысты рух­тары мен болашаққа деген жігерлі үміттерінің айқын жемісі. ХХІ ға­сырдағы ата-бабалар сабақ­тастығы қандай деңгейде дамып келе жатыр деген сұрақ елінің болашағы үшін бей-жай қарамайтын әрбір азаматты толғандыратыны хақ”, – деді жастар өз сөздерінде бабала­рына тағзым етіп. Ата-бабаларымыз жазу-сызуды білмеген кездің өзінде де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, адам құқығын қорғауды назарда берік ұстаған. Мысалы, “Қасымның қасқа жолы” (1511-1518), “Есімнің ескі жолы” (1598-1628), Әз Тәукенің “Жеті Жарғысы” (1680-1718) сияқ­ты көрнекті заңдардың өзі қағазға түспеген. Бұл – заңдық құжаттар. Ата заңды аттаған азғындарды “етігін кесіп, елден қу” деген қағи­дамен аяусыз жазалаған. Халқымыз ұл мен қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. Бала тәрбиелей отырып, артына із, өшпес мұра қалдырған. Абайдың: “Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп бол­ған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады”, – дегені ұрпақ тәрбиесінде ерекше есте жүрер тағылым. Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше отбасы мек­те­бінің ұстаздары болып саналады.  Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың “әдепті бала” болып өсуі. Осы басқосуда жанып тұрған өрендер “Отан от басынан баста­лады”, “Ел болам десең – бесігіңді түзе”, “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”, т.б. халық даналықтарының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан себептерін ашуға тырысты. Жастар Елбасы Нұрсұлтан ағаларының “Отбасында адам бойындағы  асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жа­қын­дарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады”, – деген өнеге сөзін де ортаға салып, құлақтарына құйып алды. Жастар алдында депутаттар Егор Каппель, Шалатай Мырзах­метов пен Тоқтарбай Қадамбаев пікірлерін айтып, ой бөлісті. Басқосу соңында дөңгелек үстел жұмысына байланысты ұсыныстар қабылданды. Онда Қазақ этнопеда­гогика – этнопсихология институ­тын құру, БАҚ арқылы жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне бағытталған саясатта халықтық педагогиканы көрсететін арнайы бағдарламалар құру, балабақша, орта мектеп, ЖОО “ұлттық сана-сезім” пәнін енгізу дегендей ұсыныстар айтылды. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.