Қазақстан • 07 Сәуір, 2022

Майнинг салығы ұлғайтылмақ

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин майнингке салынатын салық қалай көбейтілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Майнинг салығы ұлғайтылмақ

«Биыл бюджеттің кіріс бөлігін 955 млрд теңгеге ұлғайттық. Негізгі өсім, әрине, біз экспорттайтын тауарлар бағасының өсімі есебінен, макрокөрсеткіштердің өсімі есебінен болды. 2021 жылмен салыстырсақ, өсім 38% болып отыр. Бұл - өте жақсы динамика. Әрине, салықтық әкімшілендірудің үлесі де бар. Кірістер мен болжамдарды ұлғайту бөлігінде Мемлекет басшысының тау-кен өндірісіне салық ставкаларын ұлғайту туралы тапсырмасы бар. Қазіргі қолданыста мөлшерлеме 1 теңге болатын. Біз оны 10 есе арттыруды ұсынамыз», деді вице-министр Мәжілісте жаңа заң жобасының таныстырылымында.

Оның айтуына қарағанда, салық майнинг өкілдерінің өндіріс көлеміне қарай сараланған негізде ұлғайтылмақ.

«Салықты бірден 10 есе көтере салайық деп отырған жоқпыз. Бұл тұтыналтын электру қуатының мөлшеріне, құнына байланысты есептеледі. Электр қуатына жұмсайтын шығыны неғұрлым көп болса, төлейтін салығы соғұрлым аз болады. Бірақ бұл ашық жұмыс істейтін майнерлерге қатысты. Біз қазір Президенттің тапсырмасы бойынша Салық кодексіне түзету енгізетін заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Тұжырымдама бекітілді. Қазір заң жобасы мемлекеттік органдардың мақұлдауына жіберілді. Айдың соңына қарай немесе мамыр айында осы заң жобасымен Мәжіліске келеміз», деді министрдің орынбасары

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров журналистерге Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті нақтылау не үшін қажет болғанын түсіндірген болатын.