Руханият • 08 Сәуір, 2022

«Егемендік» ақындардың антологиясы жарық көрді

787 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газеті «Зиялы: парасат пен парыз» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Егемендік» ақындардың антологиясы жарық көрді

Сонымен қатар алқалы жиын аясында «Буырқанған бұла жыр» атты жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинаққа соңғы жылдары «Егеменде» қызмет еткен және қызмет етіп жүрген жас ақындардың жырлары топтастырылған.

.

«Егемен Қазақстан» газетінің Мәжіліс залында өткен келелі жиынға Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Төлен Әбдік, Алатаудан арқаға жақында ғана қоныс тепкен ардакүрең ақын Ғалым Жайлыбай, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Мақпал Мыса, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «AMANAT» партиясы саяси кеңесі бюросының мүшесі Максим Рожин, Ассамблея мүшесі Аскер Пириев, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай және елдордалық жас ақындар қатысты.

Дөңгелек үстелді «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі өзі жүргізіп отырды.

,

«Бір байқағаным сана өте баяу қалыптасатын құбылыс. Кешегі кеңестік кезеңде өсіп, соның идеологиясымен уланған жандардың санасын ояту тіптен қиынға түсті. Сондықтан жаңа Қазақстанды Алаш зиялыларын жанына темірқазық еткен жастар құрады деп сенемін. Жаңа заманға сай ұрпақ болыңыздар», деп ақ батасын берді жазушы Төлен Әбдік.

Ал ақын Ғалым Жайлыбай: «Бұл жаңа үрдіс екен. Бас басылымның жанынан осындай шығармашыл жастарға жол ашатын антологиялық жинақтардың шығып тұруы олардың қалыптасуына зор ықпал етеді», деп бағалады.

Өз кезегінде сөз алған ақын Дәулеткерей Кәпұлы бүгінгі күннің зиялы тұлғасы қандай болу керек деген тақырыпта терең ой өрбітті. Бас басылымның кітапханасына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұйытқы болуымен "Нұр-Сұлтан кітапханасы" сериясымен шыққан елордалық 30 жас қаламгердің жинағын тарту етті.

Антологиялық жыр жинаққа өлеңдері енген ақындар арасынан ақын, жазушы, халықаралық «Рух» әдеби байқауының жеңімпазы Ұларбек Нұрғалымұлы сөз алып, орамды ойларымен бөлісті. Ал бас басылымның талантты тілшілері, ақын Рауан Қабидолдин мен Мұхтар Күмісбек өлең оқыды.

,  

Айта кетейік, аталған жинаққа он жеті ақынның өлеңі енген.