Қоғам • 08 Сәуір, 2022

Қарағандыда 55 спорт алаңы салынады

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2025 жылға қарай елдің әрбір екінші тұрғыны спортпен шұғылданады деп болжануда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда 55 спорт алаңы салынады

Бұл мақсатқа қалай жетуге болатындығы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен Қарағандыда көшпелі жиында айтылды. Бұл басқосуға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, басқа облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары және облыстардың дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары қатысты.

«Қарағанды ел аймақтарындағы спорт саласының жай-күйі мен қажеттіліктерін зерттеудің бастапқы нүктесі болып табылады. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Басты мақсат – отандық спортты дамытудың кешенді жоспарын қалыптастыру. Бұқаралық және балалар спортын дамытуды ерекше атап өту қажет. Тағы бір басым бағыт – ауылдық білім беру мекемелерін тарта отырып, командалық спорт түрлерінен ұлттық мектеп және студенттік лигаларды дамыту», деді Дәурен Абаев.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев 2022 жылдың мамыр айынан бастап бірқатар өңірлерде «Қолжетімді спорт» жобасын жүзеге асыру басталатынын айтты. Аталмыш жоба елордада өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді.