Қазақстан • 10 Сәуір, 2022

Қазақстан мен Ирландия дипломатиялық қатынасына 30 жыл

491 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ирландия дипломатиялық қатынастарына 30 жыл. Екі ел сындарлы саяси қарым-қатынас, өзара тиімді сауда-экономикалық әріптестік орнатып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды айтарлықтай кеңейтті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Ирландия дипломатиялық қатынасына 30 жыл

Нұр-Сұлтан мен Дублин БҰҰ және ЕҚЫҰ шеңберінде тиімді ықпалдасады, демократия, адам құқықтары мен заң үстемдігі сияқты әмбебап құндылықтарды ұстанады. Ирландия 2017-2018 ж.ж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдады, ал Қазақстан 2021-2022 ж.ж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Ирландияның кандидатурасына дауыс берді.

Ирландия – экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел. Инновация жағынан ең алдымен аталатын 15 мемлекеттің қатарына кіреді. Онда озық IT компаниялардың Еуропа штаб-пәтерлері орналасқан: Apple, Google, Facebook, Amazon, IBM, Microsoft, Ebay, Oracle және басқалары. Қазақстан IT дамыту бойынша Ирландияның тәжірибесіне, сондай-ақ елге трансұлттық компанияларды тарту мен толыққанды жұмыс істеу үшін жағдай жасауға мүдделі. Осы ретте, 2018 жылы «Зерде» ҰИХ АҚ және «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ өкілдерінің Дублин қаласына іссапары ұйымдастырылып, ондағы технологиялық компаниялармен кездесулер өткізілді.

Екі елдің үкіметтері агроөнеркәсіптік кешенде ынтымақтастыққа дайын екендерін білдіріп отыр. Ирландия - Еуропадағы сиыр еті мен сүт өнімдерінің ірі экспорттаушысы. Осы орайда, «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ мен «International Development Ireland» Ирландия ұлттық компаниясы 2019 жылы 50 млрд. теңге көлеміндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастықтың келешегі мол салаларына қаржы секторы да жатады. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Ирландияның Орталық банкі инвесторларды қорғау, нарықтық және қаржылық тұтастықты нығайту, сенім мен қаржылық тұрақтылықты қолдау мәселелерінде өзара әрекеттестікке бағытталған құжатқа қол қойды.

Екі ел арасындағы тауар айналымы 2021 жылы шамамен 140 млн. АҚШ доллары көлемінде болды. Бұл - алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,2% артық. Қазақстанда Ирландия капиталының қатысуымен 40 компания жұмыс істейді. Ирландиядан келген тікелей шетел инвестицияларының жалпы көлемі - 130 млн. АҚШ доллары.

Ирландияның білім беру жүйесі де қызығушылық тудырады, себебі ол жоғары сапалы мамандар мен оқытушылар дайындауда берік беделге ие. Жақында Қазақстандағы орта мектептердің ағылшын тілі оқытушыларына арналған тегін онлайн-білім беру курстарын өткізу бойынша бірлескен жоба аяқталды, оның шеңберінде шамамен 4 мың оқытушы білімін шыңдады.

Өзара әрекеттестіктің қазіргі жағдайы екі елдің саяси, экономикалық және мәдени қатынастарын одан әрі нығайтуға ұмтылысын көрсетеді.