Дархан Қыдырәлі,
«Егемен Қазақстан» АҚ
Басқарма төрағасы:
Елордадағы зиялы қауым, біздің шақыруымызды қабылдап, осында келгендеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғыс білдіремін. Бүгінгі жиынымызда «Буырқанған бұла жыр» атты антологияның тұсауы кесіледі, бұл кітапқа «Егемен Қазақстан» газетінде бұрын жұмыс істеген, қазір қызмет атқарып жүрген жас ақындардың жырлары енді, сол авторлар және Елордамыздағы жас ақындар осында қатысып отыр. Бүгінгі отырысымыздың тақырыбы «Зиялы дегеніміз кім? Жаңа Қазақстан қоғамында зиялы қандай болуға тиіс, ұлттың жаңа болмысын қандай қалыптастырамыз? Біз үшін зиялы дегеніміз парасатты тұлға ма? Оның ұлт алдында парызы бар ма?» деген төңіректе болмақ. Осы маңызды сауалдар айналасында ой өрбітсек, ақылдассақ, кеңесе отырсақ.
Төлен Әбдік,
жазушы:
Қоғамда көп дүниені дереу өзгертуге болғанымен, сана өте баяу дамиды.
Шыңғыс ханды көкке көтереміз. Оның тарихи тұлға екеніне дау жоқ. Бірақ ортағасырлық түсінікпен өмір сүре алмаймыз ғой. Бүгінгі өркениетпен өмір сүреміз. Агрессияны қолдайтын болсаң, ертең агрессорлар бізді де басып алуы мүмкін. Соны қолдауымыз керек пе?!
Осы мәселелерге жастар жағы абай болса екен. Жастықта адам албырт болады. Бірақ бірте-бірте сабыр жеңуі керек. Себебі заман өзгерген, құндылықтар да өзгере бастайды. Бізде құндылықтар жүйесі толық жасалмай жатыр. Нені жақсы көру керек, нені жақсы көрмеу керек деген ең қиын мәселе болып шықты.
Қазір шындығын айтуымыз керек, тәуелсіздіктен кейінгі жаңа бір дәуірге қадам бастық. Қоғамның саяси режімі конституцияға байланысты қалыптасуға тиіс.
1994 жылы президентке көмекші болып келдім. Қытайдан іссапардан келгем. Шақырғанға барсам, президент қолымды алып, «маған көмекші болып келсеңіз қайтеді?», дейді. Не айтарымды білмей қалдым. Сасқанымнан «Тасмағамбетов бар емес пе?» деппін. «Маған интеллигенциямен байланыс жөніндегі көмекші қажет» деді. Сонымен көмекші болып келдім. Біз ол кезде бір-ақ заттан қорықтық. Ресейдің ықпалы, арамыздағы орыстардың саны өте көп болды. Олар қарсы, өзіміздің қазақ бауырларымыз бар оларға қосылып алған. Солармен күресте бір адам керек деп ойладық. Бір адамның төңірегіне жиналуымыз керек, онсыз тәуелсіздіктен айрылып қаламыз деп білдік. Сөйте жүріп жүйенің қалай өзгергенін білмей қалдық.
Біз конституциямен өмір сүруіміз керек. Сондағы заңдарды орындауға тиіспіз. Сонда ғана еліміз ілгері жылжиды деп ойлаймын. Зиялылықтың озық үлгісін Алаш арыстарының өмір жолы мен ұлтқа еткен қызметінен көреміз. Олар еліміздің азаттығы мен бостандығын бәрінен биік қоя білген тұлғалар болды. Алаштықтардың ең алдымен санасы азат болды.
Абайды оқып отырсаңыз, бүкіл шығармашылығында қазаққа ең керек нәрсе – ғылымды мың рет қайталайтын шығар. Өйткені қазақта ғылым жоқ еді. Технократ деп кейде біреуді қорқыту үшін айтатын сияқты. Ғылымның арқасында Жапония әлемге үлгі болуда. Бізге де даму қажет. Ғылым, техника керек. Ал одан қорқып, руханиятқа қарсы қоюға болмайды. Сондықтан менің айтарым, интеллигенция бүгінгі заманның адамы болуы керек. Кейбір адамдармен сөйлессең орта ғасырда өмір сүріп жатқандай әсер қалдырады.
Біз қазір әлемдік даму мен өркениеттің ортасында тұрмыз. Ағылшындардың тіліне жылына 25 пайыз сөз қосылады екен. Терминдер ғой. Тіл дамиды. Даму керек. Онсыз болмайды. Вагон деген сөзді «багон» деп жазайық дейтіндер бар. Институтты «інститут» деп. Қорқатын ештеңе жоқ. В әрпі қазақта болған жоқ емес, бар. Кетіп жатыр дегенді ауызша кетіватыр дейді. Әзербайжандар Отанды Ватан дейді. Ендеше, бәрі бар бізде. Бүгінгі заман адамы болуымыз керек.
Ғалым Жайлыбай,
ақын:
Кітап туралы айтсақ, бұл үлкен жоба деп айтуға болады. Бірге жүріп күні ертең қазақтың үлкен ақындарына айналатын орта буынға көше бастаған ақындардың жинағы құтты болсын. Ақындықты орта тәрбиелейді. Белиниский:«Пушкиннің қасында да осында үлкен ақындар болды, ол Делвик, Богдановский сияқты ақындардың ортасынан шықты» дейді ғой.
Бүгінгі тақырып «Зиялы қауым деген кім?» деген сөз төңірегінде болып отыр ғой, ендеше, зиялы деген мойнына галстук тағып алған адам ба? Шенеунік пе, ақын-жазушы, өнер адамы ма? Осыған ой жүгірту керек. Мен зиялы қауымды елдің ішінен көремін. Солар ел ішінде тентегін тиып, жесірін қаңғытпай отыратын. Біз соларды көріп өстік. Мәселен, анау Ұйғыр ауданында Ызғарбек деген ақсақал бар, бірнеше ауданды басқарған. Қашан барсаң, руыңды, еліңді сұрамай қарсы алып жатады. Ол кісі қазір сол жердегі әртүрлі әлеуметтік жағдайларды тезге салып отыр. Ал мына Баянауылда Қорабай Шәкіров деген кісі бар, Төлен аға ол кісіні жақсы біледі. Ол кісімен сөйлесіп, аралассаңыз, жаныңыз арайға шомылып қайтасыз. Ал Солтүстік Қазақстанда Жомарт Омаров дейтін кәсіпкер жігіт күллі Қазақстандағы мәдениеттің, қала берді Жазушылар Одағының атқаратын жұмыстарын жалғыз өзі атқарып жүр. Ел де, жастар да сондай азаматтардың соңына ереді. Жаңа Қазақстан идеясы мен Жолдауды жұрт жақсы қабылдады, бірақ жұрт ертесі оянғанда-ақ Жаңа Қазақстанды көргісі келеді. Ол мүмкін бе? Ол үшін осында отырған әр адам еңбек ету керек деп ойлаймын. Қазір біздің ұлт болып ұйысуымыздың қажетті сәті енді басталды. Жұмекен ақын «Сарайларға есік жасап жүрміз біз, сәбилерге бесік жасап жүрміз біз» дейтін өлеңі бар еді ғой, сол уақыт енді келді. Мен Қарағанды лагері туралы кітап жаздым, биыл он алты тілге аударылды, жақында тұсаукесері болады. Соған байланысты көп дүние оқыдым. Шетелдіктердің біздің халыққа деген ризашылығы көп екенін, олардың бізді адал, шынайы халық ретінде бағалайтынын сезіндім. Осы қасиеттерді жоғалтып алмай, жетілдіре түсу керек.
Мақпал Мыса,
Мәжіліс депутаты:
Ағалардың әлемдік өркениеттен ой түйіп айтып жатқаны бізді ойландырады. Біздің халқымыз тарихында зиялылықтың төрт кезеңі бар. Сонау 1850 мен 1905 жылдар аралығындағы Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай бірінші кезенді түйіндейді. Одан кейін Әлихан Бөкейханов бастаған Мұстафа, Міржақыптар екінші кезең болса, бұдан әрі үшінші кезең деп біз Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин бастаған ұлт зиялыларын айтамыз, ал төртінші кезең деп қазіргі кезеңді айтуға болады. Бала кезімізден зиялы деген ұғымды жазу өнерімен байланыстырып келдік, бұл жасырын емес. Қолына қалам ұстаған адам серт береді. Ұлтқа қызмет етемін деген ұстаныммен өмір сүреді. Соған қарағанда біздің қазіргі ұстанымымыз дұрыс деп ойлаймын. Тек қана мәдениеттің, руханияттың жанында жүрген азаматтарды зиялы деп атаған әділетті шығар. Біз қазір ел аралап жүрміз, қоғамдық қатынастардың даму үрдісінде ұлтқа қызмет ететін азаматтардың бар екені қуантады. Бір мысал, Алматы облысындағы қарапайым бір азамат ұлтқа қызмет көрсетудің үлгісін көрсетіп жүр. Тіпті ол тентегі көп ауылды қазір ақсақалдары бата беріп, берекесі ұйысқан ауылға айналдырды. Қыздарға цех, ұлдарға еңбек кабинетін ашып берген. Қалада не бар, сол ауылда бәрі бар. Осындай азаматтар әр ауылда бар деп ойлаймын.
Максим Рожин,
Халықаралық Қазақ тілі қоғамының вице-президенті:
Осы уақытқа дейін қалыптасқан біраз түсініктердің өзгеріп жатқанын байқауға болады қазір. Бүгінге дейін Қазақ тілі қоғамы зейнет жасына жеткен азаматтардың ұжымы ретінде қабылданған еді. Қазір көзі ашық, көкірегі ояу жастарды жинауға тырысудамыз. Жастар Төлен аға секілді зиялы қауым өкілдерімен көбірек кездесу керек екенін көріп отырмын. Елдік, отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыратын ақпараттар сізде бар. Интеллигенция сөзінің өзін қарап отырсақ, қоғамда болып жатқан құбылыстарды сезіп, түйсініп, халыққа жеткізетін үлкен күш. Жастар онымен байланысын үзбеуге тиіс.
Қолымызға тиген тәуелсіздікті сақтап, ұрпаққа аманаттап, демократиялық қоғамға жол ашу тұр жастардың алдында. Осы ретте көпшілік жастардың ұстазы тик-ток болып барады. Сондықтан мұндай кездесулер тұрақты өтсе деген ойдамыз.
Аскер ПИрИев,
Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі:
Бүгінгі жиынға қатысушылардың көбі тәуелсіздікпен бірге туғандар немесе одан кейін туғандар сияқты. «Елу жылда ел жаңа» десек те, уақыт жылдам өтуіне байланысты бұл мөлшер қысқарғандай көрінеді. Осындағы жастарға қарап, сондай әсерге қалып отырмын. Төлен аға мен «Егемен Қазақстан» жастарының бірге отырғанының өзі біраз жайды аңғартады. Әлеуметтік желі күш алып, хайп қуушылар алға озған қазіргі уақытта зиялы кім дегенге нақты жауап берудің өзі қиын. Өз ісінің маманы танылып, мыңдаған адамды аузына қаратқан адам ба, әлде әлеуметтік желіде мыңдаған, миллиондаған оқырман, тыңдарманы бар біреу ме? Бірақ құндылық ешқашан өзгермейді. Жалпы, адамның сөйлеген сөзі мен ісіне, көзқарасына қараған жөн деп білемін. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» дейді ғой Сұлтанмахмұт. Яғни адамның көзқарасы жеке басы мен туысқандарымен ғана шектеліп тұр ма, әлде одан ауқымдырақ ойлай алып тұр ма? Осыған байланысты бағаланады деген ойдамын. Біз биік болуымыз әрі кең ойлауымыз қажет.
Дәулеткерей Кәпұлы,
Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалының басшысы:
«Жалпы, елордада қаламгерлер саны 160-қа жетті. Зиялылық жөнінде айтсақ, интеллигенция деген сөздің қазақшасы зиялы деп ойлайтын сияқтымыз, бірақ ол әркім өз саласын жетік білетін, соның ақыл-ойын алға сүйрейтін маман болу керек деп ойлаймын. Мейлі, қай саланың өкілі болсын, ұлттың сөзін сөйлейтін, мемлекеттің мәселесінде алдыға шығып, өзінің ойын, ақылын айта алатын, жұртты сабырға шақыра алатын қасиетке ие, тұлғалық қасиеті да бар адамды зиялы деп айтуымыз керек. Кешегі қаңтар оқиғасында да зиялы қауым не істеп жатыр, бұғып жатыр деген сөздер шықты. Бірақ зиялы болу деген бірден билікке қарсы шығып, митингке шығу емес қой. Әлеуметтік желілер арқылы біреуді қаралау, адамдарды даттау оңай болды. Көзі ашық азаматтардың көрінетін жері осы сәт, қазіргі елең-алаңда тұрған кезіміз. Өздерінің ерен еңбегіне сенетін азаматтардың ел ішінде бар екеніне сенеміз.
Ұларбек Нұрғалым,
ақын:
Зиялылықты Алаш арыстарынан, солардың төңірегіндегі азаматтардан үйренуіміз керек екені рас. Сол қиын-қыстау кезде мақтау мен мадақтау күтпей, тіпті сотталып кететінін біле тұра елге жұмыс істеген арыстар – шын зиялы. Жаңа ескіреді, тарихқа айналады, өйткені уақыт заңдылығы солай. Дегенмен мыңжылдық, ғасырлық ұлттық құндылықтарға негізделген идеология, идея жалғаса береді екен. Кезінде киноға барған жазушылар сол саланы қалай гүлдендірді, қазір бұл қазаққа мүлде қатысы жоқ сияқты елестейді. Кез келген салада қазақ жастары бір арнада тоғысып, топтасып жұмыс істейтін болса, мемлекетті гүлдендірер еді. Бас бірігіп, көзқарастар тұрғысында бір мақсатпен тоғысып, жұмыс істейік.
Дайындағандар
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Egemen Qazaqstan»