Аймақтар • 11 Сәуір, 2022

Кентауға көгілдір отын келді

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістанның іргесіндегі Кентау қаласының тұрғындары көптен күткен мәселе шешіліп, қалаға газ берілді. Қазіргі таңда көгілдір отынмен қаланың 18 200 абоненті қамтылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кентауға көгілдір отын келді

Қалған тұрғындар кезең-кезеңімен күзге дейін қосылады.

Енді алдағы 2 жылда қалаға қарасты қалған 4 ауылға табиғи газ тартылады деп күтілуде. Сондай-ақ Кентау қаласындағы «Turkistan» арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Түркістан темірбетон» зауыты өз жұмысын бастады. Өндіріс орны тұрғын үйге арналған 10-ға жуық түрлі темірбетон өнімдерін шығарады.

Айта кетейік, инвестицияның жалпы көлемі – 1,2 млрд теңге, осы сәтке дейін 700 млн теңге орындалған. Жаңа 60 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Зауытта жабындылар, ригель, үйлердің ірге тасын қалауға арналған блоктар, бағаналар, жол бойына қойылатын бордюрлар шығарылмақ. Зауыттың жобалық қуаттылығы – жылына шамамен 80 мың шаршы метр темірбетон. Шикізаттың басым бөлігі Кентау қаласынан алынады. Шығарылған өнімдермен Түркістан облысын қамту жоспарлануда.

Жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өндірісті дамыту бағытында жұмыс күшейетінін айтты. Сондай-ақ облыс әкімі Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында тұрғындармен кездесті.

«Кентау Түркістанмен қатар дамып, әлеуеті көтеріледі. Моноқаланың бәсекеге қабілеттілігі жоғарылайды. Оған толық мүмкіндік бар. Жалпы облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы Кентаудың дамуына үлкен серпін берді. Бұл шаһар мен үшін өте ыстық. Мәселелерін де жақсы білемін. Сондықтан оны дамыту – азаматтық парызым. Өткен жылы Кентау қаласын дамытуға 1,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Көпқабатты үйлер модернизациялаудан өтті. «Қызыләскер» автоматтандырылған газ стациясын іске қосу жұмыстары аяқталып, қала тұрғындарын табиғи газға қосу мүмкіндігі пайда болды. Шахтаның суын төмендету жұмыстары жүргізілуде. Биыл қаланы дамытуға 1,6 млрд теңге бағытталып отыр. Кентау қаласы аумағындағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде кезеңімен шешетін боламыз», деді Өмірзақ Шөкеев.

н

Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, қаланы газбен қамту, ономастика, жұмыс орындарын көбейту, жол, баспанамен қамту, балалар ойын алаңшаларын салу, жастарды «Серпін» бағдарламасына енгізуге ықпал ету және өзге де мәселелерді көтерді. Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдап, заң аясында кеңес берді. Бірқатар түйткілдерді шешу бойынша жауапты басқарма басшылары мен Кентау қаласының әкімі Рашид Аюповқа міндеттер жүктеді.

.