Ғылым • 11 Сәуір, 2022

Ғылым жаһандық жетістіктерге жол ашады

1172 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ғылымның маңызды қызметі – қоғам­ның ілгерілетуші күші болу. Жаңа Қазақ­станды құруда ғылым жаңалықтары мен жетістіктерінің жаңғыртушы мәні зор. Сондықтан ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық ғы­лым жүйесін бәсекеге қабілетті дамыту жұмыстарын өзінің жіті назарында ұстап келеді.

Ғылым жаһандық жетістіктерге жол ашады

Үкімет қаулыларымен ел экономикасының барлық саласын дамытуды қамтитын бағдар­ламалық құжаттар қабылданғаны белгілі. Со­ның бірі – «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы. Аталған құжаттың «Ғылым» блогында отандық ғылымды өркендететін шаралар айқындалған. Осыған байланысты Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің бастамасымен Ғылымды да­мытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы дайындалды.

Ғылымды республикалық бюджеттен қаржы­ландыру соңғы екі жылда 2 есеге өсті. Осы саланы қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 1 па­йызына жеткізу бағытында атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар отандық ғылымды дамытуға үлкен серпіліс әкелуде.

Егер бұрын гранттық қаржыландыру конкурсы 3 жылда 1 рет өткізілсе, 2020 жылы – 5, 2021 жылы 6 конкурс өткізілді. Бұл өз ке­зегінде университеттің ғылыми жобаларын қар­­жыландыру деңгейінің елеулі өсуіне әкелді. Мысалы, БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде 2021 жылы 11 жоба орындалды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Ауыз толтырып айтарлықтай нә­­тижелердің бірқатарына тоқталсақ: өңірдің авифаунасы зерттелді; экологиялық таза және энергия үнемдейтін микротолқынды сәулелену жағдайында карбон қышқылы эфирлерінің синтезі алынды; Lilos F1 қызанақ буданын өсі­рудің инновациялық технологиясын қолдану бойынша Арал өңірінің фермерлік жылыжай шаруашылықтарына енгізуге ұсыным берілді; мектеп оқушыларына арналған HomeCasуе мобильді қосымшасы жасалды. Сонымен қатар шетелдік кітапханалар мен мұрағаттар қорынан М.Шоқайдың қолжазбалары мен мақалалары жинақталды, тікелей түпнұсқасы негізге алынып, осы күнге дейін аударылмаған мақалалары алғаш рет қазақ тіліне аударылды; Египет Араб Республикасындағы Дарул-Кутуб кітапханасының қолжазбалар қорынан ғылымда осы күнге дейін айтылмаған «Китаб муқаддима» қолжазбасының мысырлық нұсқасы табылып, сандық көшірмесі жасалды; «Иршәдул-мулук» ескерткішінің түпнұсқасымен жұмыс жүргізіліп, кодикологиялық, палеографиялық, теолингвистикалық талдау жасау арқылы қол­жазбаға қатысты жаңа деректер анықталды. Гранттық зерттеулер нәтижесі бойынша қазірдің өзінде WoS және Scopus деректік базаларындағы журналдарда 5 мақала, еліміздің ең беделді ғылыми басылымдарында 29 мақала, 1 монография, 3 патент жарияланды.

Биыл жас ғалымдар жобаларын гранттық қаржы­ландыру конкурсына 17 жоба ұсынылып, іріктеуден өткен біздің 6 жас ғалымның жобасы – бүгінде Ұлттық ғылыми кеңестің қарауында. 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына университет ғалымдары да­йындаған 40-тан астам жоба ұсынылмақ. Одан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген қара­жат негізінде жыл сайын археологиялық қазба жұ­мыстары жүргізілуде.

Пандемия әкелген келеңсіздіктерге қарамас­тан, Германияның DFG гуманитарлық зерттеу қоры және Тюбинген университетімен бірлес­кен «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағында­ғы көшпенділер мем­­лекетінің қалыптасуы және урбандалуы: Ерте орта ғасырлардағы Жанкент қаласы (Арал теңізі аймағы, Қазақстан)» атты үш жылдық жобаны қоры­тын­дыладық. Нәтижесін­де, екі археологіміз жыл аяғында Тюбинген университетінде докторлық диссертацияларын қорғамақ.

Еуроодақтың гранттық «Көкжиек-2020» зерттеу­лер және инновациялар бағдарламасы бойынша «Инновациялық судаерігіш фитоматериалдар – Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін ингибиторлар» атты алыс және жақын шетел­дердің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орта­лық­тарының ғалымдарымен бірлескен төрт­жылдық жоба жалғасуда.

Ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша университет ғалымдарының WoS және Scopus деректік базаларындағы журналдарда 100-ден аса мақала жарияланды. Осы базаларда 110-нан астам оқытушының Хирш индексі айқындалған. Монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары, өнертабыстарға алынған патенттер саны да жылдан-жылға артып келеді. 2021 жылдың қо­рытындысы бойынша 8 оқытушымыз PһD док­торлық диссертацияларын қорғады.

БҒМ ЖОО-ның қызметін отандық ғы­лыми-зерттеу институттарымен интеграциялау­ды іске асыруды 2022 жылдың басты бағыт­тарының бірі ретінде қарастырып отыр. Біз бұл жұмысты дереу қолға алып, бүгіннің өзінде 21 отандық ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнатуда.

Университеттің бизнес өкілдерімен ынты­мақ­тас­тығын дамыту күн тәртібінде өткір тұр. Бұл тұрғыда ірі бизнес өкілдерімен ынты­мақтастық бойынша жол картасы дайындалып, соған сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Со­ның ішінде өңірдегі ірі компаниялар­дың өнді­рістік проблемаларын шешуге бағытталған ғалым­дарымыздың ғылыми-зерттеу және тәжі­рибелік конструкторлық жұмыстары ерек­ше маңызға ие. Осындай жобаларымызға «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «ҚОР» Мұнай компаниясы» АҚ қаржы бөлсе, «ҚуатАмлонМұнай» БК» ЖШС,«Торғай Петролеум» АҚ компаниялары қызығушылық танытуда. Күні кеше «Торғай Петролеум» АҚ компаниясының геология және даму жөніндегі директоры А.Ермаков бастаған білікті маман­дармен кездесуге бір топ университеттің жетекші ғалымдарын бас­­тап бардым. Ғалымдар ұңғыманы игеру ке­зінде бұрғылау ерітіндісіндегі толтырғыштың гранулометриялық құрамын оңтайландыру, судың тұтқырлығы мен мұнайда еріген зат­тардың концентрациясы арасында­ғы байланысты анықтау, Қызылорда облысы кен орны топырағына радионуклидтердің тех­ногендік әсерін төмендету, перспективті тыңайтқыш-биочарды ластанған топырақтың сапа­сын жақ­сарту үшін қолдану, т.б. тақырыптағы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін баяндады.

Жаңашыл ғалымдарымыз әзірлеген «Кү­ріш сабанынан целлюлоза алу технология­сын оңтайландыру», «Антисептикалық өнім­дер өн­діру» және «Бақша дақыл­дарынан экспе­рименттік үлгілерді алу» жобалары коммерция­ландырылды.

Ел Президентінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында әлемнің ғы­лыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымды тағы­лымдамадан өткізу міндеті қойылғаны белгілі. Біз­дің университеттің 7 ға­лымы қаңтар айында үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, АҚШ, Германия, РФ, Беларусь елдерінде бір жылдық тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Солардың ішінен
5 ға­­лы­­­мымыз бүгінде шетелдік ғылыми орта­лық­тар­­­да кәсіби құзыреттілігін дамытуда.

Өз ісіне шынайы берілген және ғылымды дамытуға үлкен үлес қосқан ғалымдар – мақта­нышымыз. Елі­міздің барша ғалымдарына Жаңа Қазақстанды құру жолында тың идеялар мен жасампаз жаңалықтар тілеймін!

 

Бейбіткүл КӘРІМОВА,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – ректоры