Аймақтар • 12 Сәуір, 2022

Қолынан келмесе, тендерге неге қатысады?

583 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жарықтық күн жадырап кеп бергенде, көктем кеншілер астанасына әп-сәтте жетіп келді. Наурыздың соңын ала жапалақтап жауған мол қар күрт еріді де, қарғын су сай-саланы қуалағандай асфальт жолдың үстімен бой бермей ақты. Жай ғана аққан жоқ, арзан асфальтті шайып, қала көшелеріндегі күре жолдардың шат-шәлекейін шығарды...

Қолынан келмесе, тендерге неге қатысады?

Міне, осы мәселені майшаммен қараған жиында Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмысын сапасыз істеген мердігерді, міндетіне жауапсыз қараған техникалық қада­ғалау қызметін қатаң сынға алды.

– Жылда – осылай! Жұмыс істей алмасаңыздар, неге тендерге қаты­сасыздар? Қолдарыңыздан келмесе, нарықтан кетіңіздер, басқалар бар, – деп мәселені төтесінен қойды қала басшысы.

Е.Бөлекпаев өзін талапшыл басшы ретінде көрсетіп келе жатқан әкімнің бірі. Жиында ол міндетіне жауапсыз қарап, салғырттыққа жол берген техникалық қадағалау ұйымдары­на қатысты сот ісін қозғау керектігін қа­таң түрде талап етті. Ал жұмысын жүрдім-бардым істеген мердігерлер кепілдік міндеттемелері аясында ақау­ларды түзейтін болады.

Мердігерлердің де айтар уәжі бар екен. Олар тасжолға төселетін битумның жергілікті климат жағ­да­йына төтеп бере алмайтын сапасына сын айтып, ақталды. Дәп осы жерде мердігер ақша үнемдеймін деп сапасыз әрі арзан битумды әдейі алды ма деген сұрақ туындайды. Әлде бізде сапалы битум өндірісі атымен жоқ па?

Расында да, терең зерттеп, анық­тайтын мәселе. Бюджеттің қыруар қаржысын арзан битуммен бірге суша ағыза беретін болса, мұндай сорақы іске қасақана барған мердігерге деген аяушылық болмауы керек.

Жиында қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Рүстем Қожақапанов асфальт жолдары қар­ғын судан кейін шұрқ тесік болып шыға келген көшелерді санамалап берді.

– Қарағандыдағы ортақ жол же­лісі 920 шақырым болады. Оның 104,1 шақырымына кепілдік қызмет көрсетілуде. Барлығы 62 учаскеге кепілдік берілген. Бүгінде көктемгі тексеру жұмыстары басталғанға дейін алдын ала 10 учаскеде ақау бар екені анықталды, – деп мәлімдеді ол.

Жалпы, кеншілер астанасында автобус жүргізушілері көп ша­ғымданатын жолдардың тізімі бар екен. Мұны атқарушы билік қаладағы автопарктермен бірлесе отырып анықтапты. «Қара тізімге» іліккен көшелер қатарына Қазыбек би атындағы аудандағы он, Әлихан Бөкейхан ауданындағы 11 нысан енген екен. Сонымен аталған жиында қала әкімінің қаһарына ұшыраған мердігерлер ауа райының қолайға жаққан кезінде өздері жіберген кем­шіліктер мен олқылықтарды жойып, ақауларды түзеуге кірісетін болды. Ал оған дейін уақытты жоғалтпай, ойдым-ойдым болған жолдардағы ойық пен шұңқырларды тақтатаспен бітеп, тегістейді.

Осы орайда жергілікті такси жүр­гізушісі айтқан мына әңгіме еске түседі. Қарағандыдағы асфальт жолы сапалы салынған жалғыз көше бар екен, ол – бұрынғы Бейбітшілік гүлзары даңғылы. Қырғын көлікке де, қарғын суға да қылы қисаймап­ты. Сөйтсе, ол тасжол осыдан бірне­ше жыл бұрын неміс техникасымен не­міс технологиясы бойынша төсел­ген екен...

 

ҚАРАҒАНДЫ