Өткен сенбіде облыс әкімінің орынбасары В.Ионенко мен облыстық Төтенше жағдай департаментінің басшысы, азаматтық қорғаныс полковнигі Біржан Кәрімов бастаған жұмыс тобы «ЕС-145» тікұшағымен облыс орталығының маңайына, сондай-ақ Қостанай, Әулиекөл, Науырзым аудандарының аумағына әуеден бақылау жүргізді. Мониторингтік топ мінген тікұшақ Наурызым ауданының Буревестник ауылына қонып, ауыл ішінде орналасқан бөгеттердегі еріген қар суынан төнетін қатер жоқ екенін анықтады.
– Әулиекөл ауданындағы Диев елді мекенінің төңірегінде, Наурызым өңіріндегі Өлеңді ауылының маңайында әлі де қар жатыр. Дегенмен, біз ұшып өткен үш ауданның аумағында қардың көбі еріген. Сай-салада жатқан қызыл судан елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Зерттеу нәтижелері бойынша Наурызым ауданының әкімі Қ.Әбішевке Буревестник ауылында да, жалпы Наурызым ауданы бойынша да белсенді қар еру кезеңінде су тасқыны қаупін азайту және төтенше жағдайларға жол бермеу бойынша тапсырмалар берілді, – деді бұл жөнінде облыстық ТЖД басшысы.
Аталған жұмыс тобы жексенбі күні Алтынсарин, Қарасу аудандары мен Әулиекөл ауданының шығысында әуеден барлау жұмыстарын жүргізіп, Қостанай ауданына қарасты Рыбное, Свердлов, Алтынсарин ауданындағы Новоселов, Қарасу өңіріндегі Восток, Қарамырза, Кошевой, Целинный, Октябрьский, Көктал елді мекендерінің маңайындағы су тасқынынан төнетін қауіп деңгейін анықтады.
Төтенше жағдай мамандарының мәліметінше, өңірде су тасқынынан келетін қауіптің беті қайтқан сыңайлы. Бірақ биыл облыстың оңтүстік аудандарында қарғын судың қарқыны қатты болды. Салдарынан кейбір елді мекендердің арасында жол қатынасы үзіліп қалып жатыр. Мысалы, таяуда Арқалық қаласы маңындағы елді мекендерге баратын жолдың суағарын қызыл су жырып кетіп, оның үстінде пайда болған шұңқырға далада жайылып жүрген жылқы құлаған. Сондай-ақ Жангелдин ауданының орталығы, Торғайдан Ақшығанақ ауылына баратын жолдың 15 және 25-ші шақырымы бұзылған. Ал Арқалық қаласының шетіне орналасқан жер үйлердің ішіне аула мен көшедегі еріген қардың суы кіріп кеткен.
Қостанай облысы