Қоғам • 12 Сәуір, 2022

Он балалы отбасына пәтер сыйлады

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда ғана оныншы ұлы дүниеге келген көпбалалы отбасының қуанышын сүйіншілеп, үбірлі-шүбірлі үлкен отбасының айналуға келмейтін аядай ғана пәтерде тұрып жатқанын құлаққағыс еткен едік. Өткен аптаның аяғында Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев пен «Болашақ констракшн» құрылыс компаниясының құрылтайшысы Уәлихан Нысанов көпбалалы отбасын құттықтай барып, тамыз айында жаңа пәтер берілетінін айтты.

Он балалы отбасына пәтер сыйлады

Атымтай мен Құралай бүгінде Ахмет, Әлихан есімді екі ұл, сегіз қыз тәрбиелеп отыр. Көпбалалы отбасының тұр­мыс жағдайымен танысқан қала әкімі батыр анаға бесік арба сыйлап, балаларға ба­зарлық-тәттілерден үлестірді.

– Оспановтар отбасының ауданы 58 шаршы метрдей пәтері бар. Әрине, бұл он ба­лаға тарлық етеді. Алайда тар үйді мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен кеңейтуге заң мұрсат бермейді. Бір­ақ заңға қайшы келеді деп қол қусырып отыра беруге тағы да болмайды. Сондықтан мәселені шешу үшін демеу­шілердің көмегіне жү­гінуге тура келді, – деді Марат Жүн­дібаев.

«Болашақ констракшн» құрылыс компаниясының құ­рылтайшысы Уәлихан Ны­санов Оспановтар отбасы­ның пәтерін жаңа салынып жатқан элиталық тұрғын үй кешеніндегі кең пә­тер­ге айырбастап беремін деп отыр.

– Негізі бұл отбасының жағ­дайы жаман емес, ашық, еңбекқор, жақсы кісілер екен. Олар туралы әлеуметтік желі­ден оқығанмын. Содан жақында жұмыс барысымен қала әкіміне кіргенімде ол кісі осындай көп­балалы отбасы бар, егер қол ұшын беріп, қолдау көрсетемін деген ние­тіңіз болса, хабарласарсыз деді. Кеңсеге келген соң мамандармен кеңесіп көрсем, көмектесуге мүмкіндік бар екен. Бірден оң шешім қа­былдап, әкім екеуміз барып, қуантып қайттық. Мені қуант­қаны, біз салып жатқан үй сол маңайда, балалардың қазір оқып жатқан мектебіне жа­қын. Біз барғанда үйге адам толып кетті, үй иелері дастарқан жайып, төрге шақырған соң, астан аттап кетуге ыңғайсызданып, үстел басына отырып едік, қуаныш үстінде байқамай ыстық шай ішіп қойып, оразамды бұзып алдым. Енді Алла кешірсін, бұйырса кейін өтеп алармын, – деп күлді Уәлихан Нысанов.

Қасиетті Рамазан айында жасалған ізгі амал, шарапатты істің сауабы мың есе мол. Шаңырағы кеңейіп, көңілі өс­кен көпбалалы әке Атымтай да атымтай демеушілерге ағы­нан жарылып алғыс айтты.

– Мемлекеттен алақан жа­йып сұрамасақ та, өздері бі­ліп қолдау көрсетіп жатқан облыс, қала басшыларына, құ­рылыс компаниясының басшысы Уәлихан Нысановқа, тілекші болған көпшілікке отбасымның атынан рахме­тімді айтамын! Қасиетті Ра­мазан айында жасаған жақ­сылықтары Алладан қайтсын деп тілеймін, – деді Атымтай Оспанов.

Жаңа салынып жатқан тұр­ғын үй кешені биыл тамыз айында пайдалануға беріледі.

 

ҚОСТАНАЙ