08 Сәуір, 2014

Бірліктің ұйытқысы

379 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Этносаралық татулықты қалыптастырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлердегі жұмысы қаншалықты жолға қойылған? Бұл сұраққа жауап беру үшін Орталық коммуникациялар қызметіне арнайы атбасын бұрған Қарағанды және Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеяларының өкілдері өңірлердің бұл саладағы тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп берді. DSC_0189 Қарағанды облысы 100-ден астам этнос өкілдерін біріктірген полиэтносты өңірлердің бірі әрі мұнда 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Өңірде ЭМБ қазақ тілін меңгеру, қазақ халқының салт-дәстүрін үйрету үрдісіне қосылу және әртүрлі шараларға атсалысу жолға қойылған. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің гранты есебінен қаржыландыруы арқасында «Видергебурт» неміс қоғамының, «Вайнах» чешен-ингуш ЭМБ, еврей мәдениеті орталығының өкілдері және өзгелері мемлекеттік тілді жан-жақты үйренуде. Бұл тұрғыдан келгенде, Қа­рағанды облыстық еврей этн­о­мәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Вилен Молотов-Лучанский Ассамблея тренді – қазақ халқы дәстүрлері маңында топтасу екенін ерекше атады. Оның пікірінше, түрлі этномәдени бірлестіктер арасында өзара тығыз қарым-қатынастың жүзеге асуы шын мәнінде инновациялық тренд болып табылады. «Біздің бір-біріміздің, ұлты­мыздың мәдениетін зерттеп, үйрену әдістеріміз, қазақ халқы дәстүрлері маңында, мемлекеттік тіл маңында топтасуымыз болды. Бүгін біз үшін өзіміздің ерік-жігерімізді біріктіре отырып, тату-тәтті қалпымызда Қазақ­станды өркендетуге атсалысу өте маңызды болуда», деді В.Мо­лотов-Лучанский. Сонымен қатар, ол өңірлерде біраз жұмыстар атқарылып жатқандығымен де бөлісе кетті. Бұл жұмыстар негі­зінен нысанды кездесулермен, яғни нақты ұжымдармен кездесулер ұйымдастырумен байланысты. Және де Ассамблея өкілдері еліміздің өңірлеріне тек концерттік бағдарламалармен ғана емес, нақты тәжірибелік мақсаттармен де шығуда. Өздерінің Балқаш қаласында болғандығымен бөліскен Вилен Молотов-Лучанский онда төрт этномәдени бірлестіктің заңды тіркелетінін жеткізді. Қарағанды өңірінің тағы бір өкілі облыстық «Литуаника» литва этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Тварионас ҚХА құрамында болған 12 жылдың ішінде көптеген әлеуметтік жобалардың жүзеге асқандығын ерекше мақтанышпен жеткізді. «Негізінен еліміздің ең индустриялы өңірі болып табылатын Қарағандыда бұл шаруалардың барлығы да қоғам­ды бір мақсат пен ортақ мүд­деге жұмылдыру бағытында жүргі­зілуде. Этномәдени бірлестік тек литвалықтарды ғана емес, өзге де этностарды тарта отырып, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға ерекше үлес қосып келеді», деді В.Тварионас. Ақмола облысына қатысты айтар болсақ, мұнда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына 117 адам кіреді. Бүгінгі таңда өңірде 45 ЭМБ, оның ішінде 24-і Көкшетау қаласында жұмыс істеуде. Ал олардың шы­ғар­­машылық жұмысын ұйым­дастыру үшін Көкшетау және Степ­ногор қалаларында достық үй­лері, Зеренді ауданында Дос­тық орталығының жұмыс істеп тұрғандығын да реті келгенде айта кету керек. Елбасының үстіміздегі жылдың мамырында ҚХА-ның ХХ сессиясында берген тапсырмасына орай Көкшетау қаласында Достық үйінің ғима­ратын пайдалануға беру жос­пар­ланып отырғаны да ерекше мақтанышпен жеткізілді. Қоғам және мәдениет қайрат­кері Ғосман Төлеғұл қазіргі таңда облыстық Ассамблеяның жұмысы жанданып келе жатқанына ерекше екпін бере сөйледі. Оның айтуынша, «Арқа ажары» мен «Акмолинская правда» газет­терінде әрбір тоқсан сайын түр­лі-түсті арнайы қосымшалар шыға­рылып келеді, ал жақын бо­лашақта арнайы басылымды қол­ға алу көзделіп отыр. Бұдан басқа келісім мен әлеуметтік бас­­­тама орталықтары ретінде достық үй­лерінің жұмысын тиімді ету мақсатында бірқатар шаралардың қолға алынып жатқаны да аталмай қалмады. Сондай-ақ, өңірде мемлекеттік тілмен бірге өзге де этностардың тілдерін меңгеруге барлық жағ­дайлар жасалған. Атап айтқанда, «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығында жергілікті бюджет қаражатынан «Шаңырақ» тілдерді оқыту жөніндегі мектептің жұмыс істейтіндігін айта кеткен ләзім. Мұнда түрлі этностардың 200-ден астам балалары Қазақстан халқының 8 тілінде оқытылуда. Бұдан басқа, облыстық Ассамблея жастармен жан-жақты жұмысты жолға қойыпты. Ақмола облыстық Ассам­блеясының мүшесі Нина Митчи­нова этномәдени бірлестік­тер­дің тарихи отандарымен орнатып отырған байланыс­тары шетелде еліміздің оң имид­жін қалыптастыруда үлкен рөл атқа­рады және әлем­дік қоғам­дастықты біздің тәжіри­бе­мізді зерделеуге ынталандырады дегенді ерекше айтты. «Біздің этномәдени бірлестіктеріміз халықаралық маңызды рөл атқаруда, бұл асыра айтқандық емес. Ақмола облысының Көкшетау қаласында поляк мәдениеті орталықтарының шаралары өткен кезде, бұл туралы тек Қазақстан ғана емес, Польша, Еуропа да естіп жатады», деді Н.Митчинова. Соны­мен бірге, ол Ақмола облысы поляк­тарының өкілдері Польшаға барып жатса, олар Қазақстанның жалауын желбіретіп баратынын, қазақ билерін билеп, поляк және қазақ әндерін орындаған кезде көрермендер тәнті болып жататынын да ортаға сала кетті. Жалпы, өңірлік ассамблея­лар жұмысына құрылған бри­фингінде этномәдени бірлес­тіктер аз этнос өкілдерінің құқын қорғау үшін емес, қайта демо­кратиялық қоғамда өздерінің тең құқықты және өзгелермен теңдей мүмкіндікке ие екендігін сезіндіру мақсатында жұмыс істеп жатқандығы ерекше аталды. Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу шеңберінде 1 мамырда Қарағанды өңірінде «Татулық пен келісімнің жол картасын» өткізудің басталуы осымен байланысты болса керек. Толеранттылық, этносаралық және конфессияаралық келісім идеяларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату да назардан тыс қалмақ емес. Қазақстандық патрио­тизмді, азаматтық татулықты жастардың арасында насихаттау ерекше маңызға ие. Тіпті, Ақмола облысы этносаралық және конфессияаралық қатынас­тар саласындағы ғылыми жұмыс­тардың қорын құруды да жоспарлап отыр екен. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».