Қоғам • 13 Сәуір, 2022

Аутизм диагнозы неге жиі қойылады?

911 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл өткен сайын кез келген кеселдің көрсеткіші көтеріліп барады десек те, бұл жағдайдың бір қырын диагностиканың жақсарып келе жатқанымен байланыстырған жөн. Қалай десек те, қандай да бір дерттің ерте бастан анықталуы оның дауасын дер кезінде табуға бастайтыны сөзсіз.

Аутизм диагнозы неге жиі қойылады?

Қазір аутизмге шалдыққан балалар қатары көбейіп келеді. Елімізде ғана емес, төрткүл әлем­де аутизммен туғандардың саны өсіп жатқаны байқалады. Мы­са­лы, Қазақстанда 2016 жылы – 285, 2017 жылы – 394, 2018 жылы – 476, 2019 жылы – 645, 2020 жылы – 756, 2021 жылы
1 184 аутизммен туған бала бар екені анықталған. Шын мәнінде, түрлі себептерге байланысты шаранасынан мұндай кеселге шалдыққандар саны әлдеқайда көп болуы ғажап емес. Бұған халықаралық сарапшылардың «Қазақстанда аутизмге душар болған балалар саны 60 мыңға жетеді», дегені дәйек бола алады.

Әрине, барлық ауыртпалық алдымен ата-ананың мойнына түседі. Балада аутизм белгі­ле­рі барын бірінші болып бай­қай­тын да, оның бүкіл ауырт­па­лығын кө­те­ріп отырған да сол баланың әке-шешесі.

Бір жастан асқаннан кейін ғана біліне бастайтын кеселдің алғашқы белгілері қандай? Бала аяғының ұшымен жүреді, өзі қасық ұстап, тамақ ішуге талпынбайды, «иииии» деген дыбыс шығарып, қолын сілкіп жүгіре береді, көзге қарамайды, атына қарамайды, «мама», «папа», «ата», «әже» деген сөздерді айтпайды, телефонға, теледидарға тәуелді, тамақты талғап жейді, қарапайым «бер, жүр, тұр» дегенді ұқпайды, сөз түсінбейді...

Осы мәселеге орай, ақтау­лық журналист, «Мама» деші?!...» кітабының авторы Сандуғаш Шортанова: «Мен аутист бала­лар­дың көбейіп келе жатқанына таңғалмаймын. Себебі психо-медико-педагогикалық кеңес жолдамасы арқылы жұмыс іс­тей­тін түзете дамыту орта­лы­ғын­да бір айға созылатын реабилитация­­­­ны бір жыл күтесіз. Жекеменшік топтық сабақтар өтетін дамыту орталығында да ұзын сонар кезек. Екінің бірі мықты логопед, мықты дефектолог, мықты психолог іздеп жүр. Бір подъезде 15 пәтер болса, үшеуінің баласында аутизм белгісі бар. Сенбе­сеңіз, іргелес көршімнің есігін қа­ғып сұраңыз, төбемде тұратын көршіме де соға кетіңіз. Төбемдегі көршім менің ескертуіме құлақ асқан жоқ, әрине. Себебі баласы 1,5 жаста ғана. Өзі баласын әлі кішкентай санайды. Бірақ аутизмнің алғашқы белгілері тап осы кезде білінеді», дейді.

Ресми статистика бойынша көрсеткіш неге аз деген сауалға Сандуғаш былай деп жауап бер­ді: «Себебі біз баламыздың ерек­шелігін қабылдамаймыз. Алдиярға 1 жас 8 айында диаг­ноз қойылғанымен, мен де балам­ның денсаулығын түзетуді 2,2 жасында қолға алдым. Оның өзі ерте бастаған болып саналады. Көп ата-ана ем-домды 4-5 жасында бастайды. «Қой, құ­ры­сын, аты жаман» деп, көбі баланы ем­ха­наға тіркетпейді, мүге­дек­тік­ке шығармайды. Мен де солай ұлым 5 жасқа жеткенше жүрдім».

С.Шортанованың сөзінің жаны бар, елімізде аутизммен туған балалардың ресми статис­ти­касы неге аз екенінің ең бас­ты себебінің бірі осы болса, кей­бір ата-аналар баласының бо­йындағы кінәратты байқаса да, елең қылмай жүре беретіні рас. Енді бірі баласын қаратуға кел­ген­де қаражатқа тәуелді. Бала­­лардың арасында мұндай ауыт­қу­шылық неліктен көп деген сауал­ды әріптесіміз Сандуғаш та өзіне сан рет қойғаны анық.

Баласымен бірге осы кеселмен күресіп жүрген Алдиярдың анасы: «Мұның толық сырын ешкім білмейді. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде аутист балалар көп. Мен кітабымда түрлі нұсқаны қарастырып көрдім. Басты себеп­тері: техниканың дамуы, гаджет­тердің әсері, отбасындағы қарым-қатынастың бұрыстығы, ана­сы­ның психологиялық жағдайы, ор­талық жүйке жүйесінің бұзы­лу­ы, яғни босанып жатқан кезде за­қым алуы да әсер етуі мүмкін» дейді.

Әрине, ғылым бір орнында тоқ­тап тұрған жоқ, аутизммен тиімді күресу жолында тынымсыз ізденіп отырған ғалымдар бар. Дәрігерлер де арнаулы нұс­қау­­лықпен ем-домдарын жүр­гі­зіп жатыр.

Аутист баланың анасы ре­тін­де, осы аутизм мәселесі тура­­лы бүкіл ақпарат топтасқан Қазақ­стан­дағы аутизм туралы тұң­ғыш «Мама» деші?!...» кітабы­ның авторы ретінде әріпте­сіміз Сандуғаш Шортанова былай дейді: «Емханаларда жүкті­лікті жос­парлау жөнінде консуль­та­ция­лық кабинеттер, жүкті әйел­­­дерді психологиялық қол­дау ка­бинеті жұмыс істесе, пе­диатр­­­лар­дың біліктілігін арттыр­са, елі­­міздің әрбір өңірінен елор­да­­д­ағы республикалық ұлт­тық балаларды оңалту орта­лығының филиалдары ашыл­са, әр өңірдегі ЖОО-ларда «Де­фек­тология» кафедрасы ашылса, дәрігерлерді шетелдердегі кли­ни­каларға тә­жіри­беден өтуге жі­бер­се деген ойым бар».

Өз кезегінде елімізде аутизм­ге шалдыққан балалардың мәсе­ле­сімен айналысып, көмек беріп отырған үкіметтік ұйымдар да бар.

Жуырда «Милосердие» ерік­­­­тілер қоғамы» қоғамдық қо­­­ры­­ның ұйымдастыруымен Дү­­ние­­жүзілік аутизм туралы ақ­па­раттандыру күніне арналған концертте «Тех­но­дом» компания­­­сы да аутизм­ дерт­ті балаларға ультрабук­тер сый­лады. Осы концертте бала­лар аутизмді жеңуге деген ұм­тылысымен, ниетімен, ең­бек­­терінің нәтижесімен көрер­мендерді таңғалдырды. Олар қарапайым балаларға оңай болып көрінетін көптеген дағ­ды­лар­ды меңгеруге тырысады. Өйт­кені олар алғашқы кезде тіпті сөйлемейтін, айналасын «есті­мей­тін» болса, енді олар сахнада көпшіліктің алдында өнер көрсетіп отыр. Және бұл қандай өнер десеңізші, үлкен еңбекпен, жанкештілікпен келген өнер.

Аутизм – бүгінде бүкіл адамзат баласы бетпе-бет келіп отыр­ған мәселе, ұлт таңдамайтын кесел. Аутизмге шалдыққандарға көмек көрсету, әлеуметтендіру, бейімдеу және оңалту мәселесі әр мемлекеттің алдында тұр. Елі­­мізде ерте диагностикалауда талай мәселемен бетпе-бет келіп жат­қанымызды жоққа шығаруға болмайды. Уақтылы көмек көр­се­ту жүйесі мен мамандардың жетіспеуі, кімге және қалай кө­мектесу керегін анықтап, бала­ларға көмектесетін нақты те­тік­тердің жоқтығы аутизмді ба­ғын­дыру бағытында жағдайды күрделендіріп келе жатқанына да көзді жұма бермеу керек.

Аутизмді емдеу тек ма­ман­дар­­дың – невро­па­то­лог­тердің, пси­хологтердің, логопедтердің және басқалардың көмегін ғана қажет етпейді. Аутизммен ауы­­ратын балалар бүкіл отбасы күнделікті өмірде баламен қа­рым-қатынасты құру туралы қажетті білім мен дағдыларды мең­герген жағдайда ғана оңалту ісін­де ілгерілеуге мүмкіндігі бар. Балалар отбасында, үйде – ең жақын адамдарымен және күн­делікті өмірде бірлескен үй жұ­мыстары мен іс-әрекеттер арқылы, сыртқы әлеммен қарым-қатынас жасауға бейімделіп, мінез-құлықтағы кемістіктерді же­ңу арқылы білім алғанда, есейген кезде өз мүмкіндіктерін то­лық іске асыруы керек. Ал заманауи технологияны пайдалана білу – бұл емдеудің маңызды бір аспектісі.

Алматы қаласындағы ерекше балаларды тәрбиелеп отыр­ған ата-аналардың бастамасы­мен 2013 жылы құрылған «Мило­сер­дие» еріктілер қоғамы» қо­ғам­дық қоры да қазір жоба ре­тінде қалыптасты. Бұл қор Samruk-Kazyna Trust ӘЖДҚ қол­дауы­мен құрылған. «Біз аутизмді же­ңе­міз!» орталығында күн сайын жүзден астам бала оқиды, одан бөлек, интернет арқылы тәжірибе мен білім беріліп, өңірлерде көш­пе­лі семинарлар өткізеді.

Балалардың осынау жетіс­тік­тері – мамандар мен ата-ана­лар­дың орасан зор еңбегінің нәти­жесі. Балалардың 100%-ын­да даму динамикасы, сөйлеу қа­бі­леті іске қосылады. 2 жыл ішін­де тоғыз түлек (30%) кәдімгі бала­бақ­шаға бара бастаса, 30 пайызы АСБ диагнозынан құтылды.

 

АЛМАТЫ