Аймақтар • 13 Сәуір, 2022

Жардан құлап, жазым бола жаздады

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Есілдің жағасына табиғатты тамашалауға келген қала тұрғыны опырылып кеткен жардан құлап, жарақат алды. Ол шамамен 30 метрдей биіктен құлаған.

Жардан құлап, жазым бола жаздады

Петропавлдағы Заречный кентінің тұрғыны Есіл өзенінің қарама-қарсы жарында сұлап жатқан адамды көріп, полицияға хабарлайды. Адамның кім екенін анықтау және оған алғашқы көмек көрсету сол маңда патрульде жүрген Петропавл қаласы полиция басқармасының инспекторлары Ерік Жетібаев пен Төлеген Алдабергеновке жүктеледі.

Топырақ қатпаған мұндай кезде жардың шетін басуға болмайды. Алайда экстремалды оқиғаларды қызық көретін жастар жардың шетіне қасақана барады. «Жеңіс» саябағы орналасқан Есілдің жағасы да осындай уақыт­та қауіпті. Бұл жағалау біршама биік және жарлауытты, құлаған адам үстінен көрінбейтін көмескі тұстары көп. Сондықтан оқиға орнына келген полицейлерге бергі жағада тұрған дабыл көтеруші жігіт қалтафонмен адам жатқан жерге қалай өтуді айтып тұрған. Әйт­песе құлаған адам жоғарыдан құт­қарушыларға көрінбейді.

«Бірнеше минут ішінде биіктігі 30 метр болатын жардан са­тылап өзен жағасына түстік. Жағада жат­қан қыз бала екен. Ол жардың шетіне дейін келу­ге қызығып, топы­рақ опырылып кеткенде жағаға құлап түскен көрінеді. Жатқанына біраз уақыт болғаны қыздың ді­рілдеп, қатты тоңғанынан көрініп тұр­ды. Біз оған үстіміздегі сырт киім­­дері­мізді жауып, жылыттық. Алайда жағадағы балшық аяқ аттат­пады. Жағдай туралы рация­мен Жедел басқару орталығына баян­дап, құтқарушылар мен жедел жәрдем шақыруды сұрадық», дейді Төлеген Алдабергенов.

Жедел келген құтқарушылар қызды арнайы платформаға салып, барлығын бірге жар үстіндегі қауіпсіз жерге алып шыққан. Бұл кезде медицина қызметкерлері де келіп, қажетті көмек көрсетеді.

Абырой болғанда 18 жастағы бойжеткен қыз аман-есен өзі­нің жақындарына оралды. Егер Есілдің арғы жағасындағы Зареч­ный кенті тұрғынының қыра­ғы­лығы болмаса оның тірі қалуы не­ғайбыл еді. Өйткені есін біл­мей түні бойы жатса, түн­гі ызғар қа­терлі болатын. Оны дәл сол кез­де іздеген де ешкім бол­маған екен.

 

ПЕТРОПАВЛ