Әдебиет • 13 Сәуір, 2022

Күмәнің бар ма?

226 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өзінің бақай есебі мен қу құлқыны үшін біреуді нақақтан күйдіріп, қарау іс жасайтын адамның кенеттен өз басына қара бұлт үйіріліп, әділетсіздікке тап келсе, сол бейбақтың көңіл күйі қандай болады? Иә, дүние кезек. Кешегі зорлықшыл бір күнде жапа шегуші, бүгінгі әлсіз, ертең алпауыт болуы әбден мүмкін. Осындайда Джек Лондонның «Күмән» деген әңгімесінде баяндалған жағдаяттар ойға орала кетеді.

Күмәнің бар ма?

Заң үстемдігі төмен, оның орындалу деңгейі көңіл көншітпейтін қоғамда өмір сүретіндер адам құқығының лайықты қорғалғанын көре қалса, оны үлкен жетіс­тік санайды. Өйткені күштінің әлсізге тізе батыруына араша болады деген заңдарды орындауға тиіс органдар өкілдерінің зорлықшымен ауыз жаласып, өзінің пендауи тірлігінің құлы болып кететін жағдайлар жиі кездесетін ортада арагідік болса да әділет салтанат құрып жатса, оны қалайша үлкен жетістік демейсің?

Кеспірсіз қоғамда әлсіздер тапталып, қағажу көріп қала беруі үйреншікті көрініс. Бірақ езілгеннің жанайқайын ешкім естімесе оның ішкі әлемі ыза мен кекке толып шерменде күй кештіріп, ақырында ол қандайда бір кек қайтару амал-тәсіліне жүгінуі мүмкін ғой. Ал қарапайым адам емес, қоғамда өзіндік үні, беделі бар адамның кенеттен оқыс оқиғаға тап келіп, өз құқығын қорғауға мәжбүр болса, осы жолда әділетсіздіктен жапа шегіп, бірақ өзін күресінге тастағысы келгендерге қарсы батыл күресіп, жеңіп шықса, бұған өктем күшке ақысы кетіп жүргендердің айызы қанады.

Әңгіменің кейіпкері ар-ожданды бәрінен де жоғары қоятын Картер Уотсон өзінің балалық шағы өткен, араға жиырма жыл салып ат басын бұрған қаланың кешегісі мен бүгінін ойша салыстырып келе жатады. Бәрі өзгерген. Бала ке­зі­нің керемет сәттері өткен мы­на бұ­рынғы мамыражай көшенің қала­да­ғы нағыз бұзықтардың ордасына ай­нал­ғаны К.Уотсонды естен тандыра­ды. Көптеген елдің әлеуметтік жағдайын зерт­теумен шұғылданатын ол көз алдын­дағы мына көріністі тереңдеп зерделей түскісі келеді. Ақырында ол сол за­мат­та-ақ күтпеген жерден бұзық пиғыл­ды жандарға тап болады. Ластанған қо­ғамда әркез болып тұратын бір жайсыз оқиғаның қатысушысына, кейіпкеріне айналып шыға келеді. Дәлірегі, қоғамдағы келеңсіздіктер өзін сырттай ғана бақылап келе жатқан К.Уотсонды өз жайына қоймай «тарпа бас салып», ішкі кеспірсіз иіріміне тарта жөнеледі.

Негізінен мораль мәселесімен шұғыл­данатын К.Уотсон үрейлі жағдайларға тап болса абдырап қалмайтын, әрекет ете білетін жан ретінде сипатталады. Ол мықты боксшы да еді. Ол «Вандом» деген дәмханадан ас-су ішуге кіргенде оның қожайыны Пэтси Хораннан нақақтан-нақақ қорлық көреді. Әпербақан Пэтси бұрын-соңды білмеген, көрмеген бұған өзі ұрынады, қол сілтейді. Бұл барын­ша қорғанумен болады. Пэтсиге қол тигізбейді. К.Уотсон оқиға орнынан қа­шып кетуге қанша тырысса да қарсы­ласының жақтастары – қарақшылар оны айқас алаңынан шығармай қояды. «Жігіттер, мына бәлені алып кетіңдерші! Менің оған тиісіп тұрмағанымды сендер де көріп тұрсыңдар ғой, міне. Мұнымен төбелесіп қолымды былғағым келмейді. Тек құтылсам болды бұдан» деген тілегіне ешкім құлақ аспаған К.Уотсон айқасып жүріп оқиға орнынан әзер дегенде сытылып шығады. Нақақтан таяқ жеп, әбден соққы алған К.Уотсонға тура сол сәтте полиция кездесе кетеді. Уотсонның шағымына сай Пэтси қамалуға тиіс еді, бірақ бәрі керісінше өрбиді. Полицейге Пэтсидің сөзі өтімді болады. Онсыз да еш жазықсыз жапа шеккен К.Уотсонға нағыз айыпкердің орнына өзінің қамалғаны қатты батады.

Пэтси тып-тыныш тамағын ішіп отыр­ған момақан адам, ал Уотсон мас күйінде келіп соқтыққан бұзақы болып шығады. Оның жазықсыздан жазықсыз таяқ жеп, мұрны қанап, одан соң тұтқындалғаны аздай ─ газеттердің бәрі оның «мас күйінде» әйгілі «Вандом» қожасымен қалай «жанжалдасқаны» туралы небір арсыз мақалаларды бірінен соң бірі жарыса жариялаған. Бүкіл қалаға белгілі бұзық, әпербақан Пэтси қайдағы бір жолаушыдан таяқ жегеніне барлығы сенеді. БАҚ, қоғам оны жапа шеккен момындай қабылдайды. Ең сорақысы әділеттілік орнатушы саналатын құқық қорғау органдары оны негізсіз жақтап шығады.

П.Хоранның шағымы бойынша К.Уот­сон жауапкер ретінде полиция сотына келеді. Бірінші кезекте Уотсонның кінәсіз екенін, Пэтси ісіне жауап беру керектігін білетін прокурор екі жақты татуластырып, істі жаба салмақ болады. Бұл әрине, Пэтси үшін пайда, жеңіс. Сот үкім оқыды. «Пэтси Хоран өз өміріне қауіп төнгенін, сондықтан оны қорғауға мәжбүр болғанын дәлелдеуге тырысты, ─ делінді сот шығарған үкімде, ─ осыған ұқсас мәлімдемені мистер Уотсон да жасады. Бұлардың әрқайсысы ант аясында бірінші соққыны қарсыласы жасады деп сендіреді. Сондай-ақ екеуі де өз қарсыласы тарапынан ешбір жазықсыз жапа шеккені жөнінде ант-су ішеді. Ал заң бойынша, күмән дәлелденбесе, іс жауапкердің пайдасына шешіледі. Біз қараған істе осы бар. Сондықтан «Халық Картер Уотсонға қарсы» деген істе күмәнді мәселенің бәрі жоғарыда аталған Картер Уотсонның пайдасына шешіліп, ол тұтқыннан босатылады. Мұндай жағдай «Халық Пэтси Хоранға қарсы» деген іске де тән». Яки мұндағы мәселелер Пэтси Хоранның пайдасына шешіліп, ол да тұтқыннан босатылады. Мен сіздерге бір-біріңіздің қолыңызды алып, татуласуды ұсынамын».

Сен жазықсызсың. Бірақ құқық қорғау органдары сені өздерінің әлдебір мүддесі үшін көзге де ілмейді. Бұған қарсылық көрсетсең сен саяси машинаның шоқпары полицияның айдауына жүрмегенің. Демек саяси машинаға қарсы келгенің. Оның алдында сен ешкім емессің. Сонда сен кім болғаның? «Әлдебір мүдде» дегеніміз қандай мүдде? Оның жауабы мынау – алдағы сайлауда өзіне дауыс беретіндерден айырылып қалмау, өзінің сайлауда жеңуін алдын-ала қамдау. Қалайша дейсіз ғой? Пэтси – қаланың көлеңкелі бұрыштарында білгенін істеп, сондай арсыз әрекеттерімен ықпа­лын арттырып, сайлаушылардың бір бөлі­гіне әмірін жүргізіп отырған түнгі қарақ­шылардың белді мүшесі. Демек елді басқарып отырған аса зор да қуатты әрі бейшара мына машинаның өкілдері қайдағы бір кафе иесінің алдында құрақ ұшып, құлдай қызмет етуінің сыры – өздеріне дауыс беретіндерден айырылып қалмау. Басқа жағдаяттармен салыс­тырғанда Картер мен Пэтси арасындағы осы бір түкке тұрғысыз сот ісі қоғамдағы мыңдаған қойыртпақ, жиіркенішті әрекеттердің біреуі ғана.

Мемлекет атынан әрекет етіп, үкім шығаратындардың кейбірінің заңның артына жасырынып тұрып жемтіктерін аңдудан басқа түк білмейтіні кімді болса да қынжылтады. Мемлекет қазынасынан жалақы алатын мұндай кәсіби азаптаушылар полициялар мен түрме есіктерінің тасасына тығылып алып, өздері жәбірле­гендердің қарсы іс-әрекет жасауына мүл­де мүмкіндік бермейді. Алайда кей­бір жапа көргендерге азаптаушыларға қарсы­лығын көрсетуге, кеткен кегін қайтаруға Жаратқан кейде мүмкіндік беріп қоя­тыны бар. Бұл туралы сәл кейінірек.

Сырттай қарағанда сот Уитберг иман жүзді жас жігіт. Одан жамандық күту ақымақтық секілді. Ал ісіне қарасаң ол туралы алғашқыдағы жағымды ойың­нан айнымақ былай тұрсың, одан безіп кетесің. Ол адам құқығы мен әділет жөнін­де небір керемет сөздерді судай сапырып келіп, ақыры ешбір заңға, ешбір әділетке сыймайтын үкімді шығара салады. Кімнің қылмыскер екені анық көрініп тұрса да екі жақтың да айтқандары дәлелсіз екені желеу етіліп, тараптарды қамаудан босатып жібереді. Бұл К.Уотсонның ренішін тудырады, бірақ бұған тауы шағылып қалмайды. Алайда істің қаралуы барысында қоғамдағы небір қойыртпақтың заңды орындау міндеті жүктелгендер тарапынан бастау алатынына көзі анық жетеді. «Күмән»-да баяндалғандай, сот процесі комедияға айналады, оны көрсең «Құдай-ау, адамдар қандай құлдырауға жеткен, дамудың биік сатысына жету үшін бұларға енді қаншама уақыт керек!», деп күйінбеу мүмкін емес.

Жазушы істің қаралу барысындағы өрескелдіктерді былайша суреттейді: «Уотсон құдды қарсы алдынан бір адамды әрі-бері қақпақылдай итеріп, оның қалтасынан әмиянын қағып алу үшін жанталасып жүрген бір топ қарақшыны көріп тұрғандай болды. Иә, машина іске қосылды ─ басқа ештеңе де емес».

Хош, сонымен, Пэтси үшін іс біт­кендей болғанымен, Картер үшін қарымта қайтару айқасы алда күтіп тұр еді. Содан бері арада бір жыл өтеді. Пэтси-Картер оқиғасының екінші бөлімі ойда жоқта бас­талып кетеді. Жаз айының тамылжыған бір таңында Картер Уотсон өзінің тау­дағы ранчосында баяғы сот Уитбергті кез­дес­тіріп қалады. Ол Уотсонның жеке­мен­шік жеріне рұқсатсыз кіріп алып сайрандап жүр. Қызық осы жерден басталады.

Уотсон жерден бір жұдырықтай тас­ты алып, онымен өз бетін былш еткізе соғады. Көз алды бірден көгеріп шығады. Ол мұнымен тыйылған жоқ, жерден және бір тасты алып сонымен екінші бетін де ұрып-ұрып жіберген. Уотсон әлдекімнен бейне бір таяқ жеген күйге ене қалады. «Иә, енді бірер минуттан кейін бұл бетім де ісініп-көгеріп тұратын болады. Сонда менің сөзіме кім сенбес екен!» дейді К.Уотсон. «Сіз жынданған шығарсыз!» дейді Уитберг. «Мазақ қылмаңыз! ─ деді Уотсон, ─ көрмей тұрсыз ба менің қанжоса болған түрімді! Сіз мені оң қолыңызбен екі рет аямай ұрдыңыз! Бұл қандай айуандық, а! Мен сізге не жаздым со құрлы! Жоқ, маған енді қорғанбасқа болмайды. Әйтпесе, сіздің аяйтын түріңіз жоқ!»

Содан Уотсон сот Уитбергті айда келіп сабайды. К.Уотсонның шоқпардай жұдырығы қойсын ба? Уитберг оңбай таяқ жейді. Уотсон осы әрекеті үстінде, «Пэтси Хоран да маған осылай істеген!» дегенді ылғи да айтып отырады. К.Уотсон өз тәнінде көгерген, қызарған жерлер қалдыру үшін анда-санда өзін де аяусыз ұрып қоюды ұмытқан жоқ.

Бірер сағаттан соң Картердің шағымы негізінде сот Уитберг тұтқынға алынады. Деревнялық сотта қаралған бұл істің үкімі осыдан бір жыл бұрынғы Пэтси-Картер ісіне қатысты шығарылған үкімдей болады. Сот Уитбергтің бір сөзі де кәдеге жарамайды. Сот үкімі бойынша екі тарап та бостандық алады. Бұл К.Уотсон үшін сот Уитбергтен кегін қайтаруы емес, өзінің басына түскен бір жыл бұрынғы істің жан дүниесіне түсірген салмағынан арылып, оны Уитбергтің өзіне артуы еді.

Өзі талай өтірік куәлікті қару еткен Уитберг осылайша әдемі қиыстырылған жалған куәліктің құрбаны болды. Өзі ылғи пайдаланатын жалған куәлік өмірінде алғаш рет өзіне ауыр соққы болып тиді. Иә, астында креслосы, желкесінде күзеті жоқ жерде әділетсіздікті қару еткен кез келген шенеунік өзіне таныс айла-шарғының жемтігіне оңай айналады. Мұны Д.Лондонның «Күмән» атты әңгімесінен анық аңғарасыз.