Коллаждарды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл жерде мәселе көбелек жасының ұзақ, келтелігінде емес сынды. Көбелек қанатындай жеңіл сөздің зіл-батпан ойы мен қанық сезімінде болса керек әңгіме. Гүлден гүлге қонған жәндіктің бұл түрінің екінші аты сезім мен шабыт емес пе? Көбелек бір ай болса да шабытпен өмір сүреді. Туып-өлетін уақыты да жұпар аңқыған мамыр, маусым, шілде айлары. Атырап гүлге оранған, ауа жұпар, дала шуақ, шөп шырын, шалғын шарап, жердің беті жарты жұмаққа айналған кез. Бұдан кейін көбелек көп ұзамай өліп қалғанымен, сол сезімді қыстың қақаған қар-ақпанында да ұстап тұра алуында ғой әңгіме. Қазақ жырында қай ақын сондай дегенде Сағи Жиенбаевтың поэзиясын еске түседі. Оның кез келген жыр жинағын алып парақтай беруіңізге болады. Өкіндірмейді. Өне бойыңды іңкәр сезімге, аппақ үмітке тұндырады. Ақын Есенбай Дүйсенбайұлы айтқанындай, «майсалы самал сайларда, майыса есіп майда леп, сайрайды бозторғайлар да: «Сағидай жырлау қайда деп?». Осы жалғыз шумақта Сағи ақынның бар болмыс-бітімі тұрғанға ұқсайды. Кітабын ашып парақтай бастасаңыз, құмарың қанбай қалай оқып тауысып тастағаныңды білмей де қалуыңыз мүмкін.
«Көктемнің балғын кезі еді, әнші құс көкте ағылған. Жемнің де жасыл өзегі, көгілдір мұнар жамылған» дейді Сағи. Тіпті ақынның көгілдір, боз мұнарының өзі ынтықтырады. «Көктемнің балғын кезінде» сүт татыған селеулердің арасында гүл мен жұпар иісіне қанығып жатып құйқылжыған бозторғайдың үніне дел-сал күйде балбырап кетесіз. Алғашқы шумақтың өзінен осылай күй кештіреді. Әрі қарай да тамылжыған табиғат әуездеріне жалғасады екен деп ойлайсыз. Бірақ одан да ғажап, одан да таңғажайып суретті әкеледі көз алдыңызға. Үзік-үзік қылмай толық бір оқып шығайықшы:
«Көктемнің балғын кезі еді,
Әнші құс көкте ағылған.
Жемнің де жасыл өзегі,
Көгілдір мұнар жамылған.
Сондай бір күннің бірінде
Жағаға келіп жаттым да,
Саусағым басы дірілдеп,
Атыңды жаздым ақ құмға.
Білмедің бірақ сен де оны,
Ол жәйді ешкім білмеген,
Со бойда тентек жел қолы
Жасыра салған құмменен...
Қоштасып қырлар көп гүлмен,
Жер бетін қырау жапқанда,
Атыңды жазып кеттім мен
Алғашқы жауған ақ қарға.
Түспеді көзің оған да,
Саған да бірақ жоқ өкпем,
Сол күні соққан боранда,
Қар басып қалған кенеттен».
Есенбай Дүйсенбайұлы айтқандай, Сағи осылай жырлайды. Өлең аяқталмаса да, осы жерден тоқтап бір елестетуге тура келеді. Бұралып аққан күміс судың бойындағы жасыл өзектің үстінде тұрған жұқалтаң ғана көгілдір мұнар, ол бәлкім сізді ынтықтырған сұлудың мойнындағы сәнге таққан көк шарфтай әсерге бөлей бастайды. Жағаға сол кісіні армандап талай бармадыңыз ба? Сағидың махаббат лирикасында осындай жасаң, бейкүнә сезімдер жиі ұшырасады және ол сезімдерді табиғаттың балғын кезімен әдемі үйлестіреді ақын. Бір емес, екі, екі емес, үш жақтан үйлестіріп отырады оларды. Тәттімбеттің «Көкейкестісін» Әбікен Хасенұлы шалғанда анықтап тыңдаса бастапқы үнмен қапталдас екі сарын шығып тұрады ғой шанақтан. Сағи поэзиясы да тап солай, бұлақ суындай мөлдір сезім сана жарығына шағылысып құбылып шыға келеді. Жұмекеннің айтатыны бар еді ғой. «Үн төгілді түрленіп, көк гауһардан кетті аумай» деп. Гауһар жарық түсуіне қарай әр тұсынан әртүрлі сәуле шашып тұрады екен. Балбыратқан табиғат, балқыған жан, саусақ ұшын дірілдетіп кеп жүректен құйылған қан, сол қанмен жазылған есімді еш ойланбастан өшіре салған сұрқия жел... Сұрқия желдің өзін майда естіріп, тентек деп береді ақын. Сағидың Сағилығы осында деп білеміз.
Жаз айлары суреттелетін алғашқы үш шумақтан кейінгі екі шумақта ақын қыстың кезіндегі сезімге алғашқы ақ қарды параллель алады. «Жер бетін қырау жапқанда» дегенге «жасыл өзекке жамылған көгілдір мұнар» да солай үйлескен. Мұның бәрін ақын осылай қылайыншы деп жасамаған, солай туғандығымен де Сағимын деп тұр. Қыстың сезімінде де албырттық емес, балғындық байқалады. Жайдары леп еседі.
«Гүл жапты талай белеңді,
Бұрқады талай ақ боран...
Атыңды сенің мен енді
Кеудеме жазып сақтағам.
Сақтаулы сонда бейнең мен
Сонау бір балғын күлкің де.
Енді оны менің кеудемнен
Өшіру, сірә, мүмкін бе?!»,
деп аяқталады өлең.
Мұхтар Мағауин қара жер, көк аспан мен адамның зиынын мәңгілік нәрселерге балайды. Сезім мен ой әрекетпен көмкерілген мына өлеңнің соңынан да әлгіндей лепестің ұшқыны қылаң береді. Сүйген қызының есімін қайда жазса да өшіп қаларына көзі жеткен жас ақын «атыңды сенің мен енді, кеудеме жазып сақтағам» дейді. «Ақындар жүрегімен ойлайды» дегенді оқып та, естіп те жүрміз. Сағиды оқыған сайын мен соған иланам.