Жуырда Заречный кентіндегі «Ренет», «Весна» саяжайларынан от шығып, кешікпей ол құрғақ дауылдың күшімен қалың өртке айналды. ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Е.Журавлевтің айтуына қарағанда, өрт «Кировец», «Строитель», «Жемчужина» деген иесіз саяжай учаскелеріне жайылып, 10 гектар жерді қамтыған. Басында екі өртсөндіргіш көлік жіберілген өрт барған сайын жайылып, дауылдың әсерімен лапылдап, жалын аспанға көтеріліп, бүкіл қала тұрғындарына көрінді. Өрт сөндірушілерге жергілікті билік өкілдері мен бизнес құрылымдары да көмекке келді. Ақырында 12 өртсөндіру техникасы мен 70-тей адам күші өртті кешкі сағат 21.00-де ғана ауыздықтады. Соның өзінде таңға дейін бықсып жатқан жерлер болды. Өртті тез сөндіруге саябақ жолдарының тарлығы да кесірін тигізіп бақты. Жыпырлатып тығыз жасалған қоршаулар жолдың бәрін тарылтып тастаған. Тар жолдарда алып техникалар өте алмай, өткені суы біткен соң айналып шыға алмай уақыт жоғалтты.
Қазір келтірілген шығын көлемі анықталуда. Әйтеуір жараланғандар мен адам шығыны жоқ.
Дәл осы күні «Копай» шағын ауданындағы «Зарина» диірменінің маңындағы қалың қамыстан өрт шықты. Бұл жердегі өртті сөндіруге 2 техника және 13 адам күші жұмылдырылды. Жалынмен арпалысқан жандар өртті тек түнгі сағат 23.00-де ғана ауыздықтай алды. Бір жақсысы, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.
Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков өрттің шығу себебі күннің дауыл екендігіне қарамай былтырғы қауды жағудың салдары деп отыр. «Кейбір тұрғындар өрт қауіпсіздігі шараларын сақтамайды. Соның салдарынан үлкен шығындарға ұшырап отырмыз», дей келіп, ол қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырды.
Облыстық ТЖ департаменті өрт бақылау басқармасының бастығы Дмитрий Растихиннің айтуына қарағанда, биыл жыл басынан бері 139 өрт сөндірілген екен. Келтірілген материалдық шығынның көлемі – 83,6 млн теңге. Сонымен бірге 14 адам өрттен қаза болып, 5 адам ауыр жараланған. Ол да өрттің негізгі себебі адамдардың өрт қауіпсіздігін сақтамағанынан болатынын айтады. «Біз осы айда ғана жүргізілген рейдтің барысында өрт қауіпсіздігін сақтамаған 16 адам анықталды. Олардың ішінде 6 тұлғаға 184 мың теңгенің айыппұлы салынды», деді Д.Растихин.
Ауа райын болжау қызметінің айтуына қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысында ауаның жылынуы 12-14 градусқа дейін көтерілмек. Тіпті кей күндері 28 градусқа дейін ысиды. Егістің ылғалы ұшып кететін болғандықтан бұл диқан қауымын алаңдатуда. Алайда биылғы жазда құрғақшылық болады деген болжам жоқ, жауын-шашын жылдағы нормада болады деген үміт басым.
Солтүстік Қазақстан облысы