Өткен апта еліміз үшін көкейкесті мәселелердің көмбесіне айналғаны ақиқат. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен әріптес елдердің парламентшілерін Қазақстанда тоғыстырған Трансазиялық парламенттік форумы “ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі” тақырыбын текке күн тәртібіне шығармаған. Көтерген мәселелерін ақтаған форумда ЕҚЫҰ-ның еуропалықтан еуразиялық сипатқа ие болып келе жатқаны сәт сайын аңғарылды
Сонымен, сенбі күні Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында өткен форум өз жұмысын жалғастырды. Екінші күннің алғашқы сессиясының өзегіне айналған “Еуразия: дамып келе жатқан нарықтар және белең алып келе жатқан қатерлер” отырысында парламентшілер экономикалық даму, сауда, табиғи ресурстарды басқару, еңбек көші-қоны, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқыға салды.
Сессия модераторы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Петрос Эфтимиоу көтерілген тақырып төңірегіндегі түйткілдерді түгендей келе, алғашқы сөзді Қазақстан Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановаға берді.
Ағылшын тілін бір кісідей меңгерген министр дабыры әлі басылмаған қаржылық күйзелістен шығуда Қазақстан қандай қадамдарды таңдағанын және осы орайда тындырылған тірліктерді тәптіштеп айтып берді. Форум делегаттары ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған елдің мысалын ыждағатпен тыңдап қана қоймай, соңынан бірқатар сауалдар қойды.
– Әлемдік қаржы дағдарысын еңсеруде Қазақстанның ішкі ресурстары жеткілікті. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында қазір 52 миллиард АҚШ доллары шоғырланған. Біз экономиканың қалпына келуінің оң нәтижесін қазір көріп жатырмыз. Қазақстан Үкіметі дағдарысты еңсеру үшін Ұлттық қордан 10 миллиард АҚШ долларын жұмсады. Және 2500-ден астам орта және шағын бизнестегі кәсіпорындарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен субсидиялар түрінде қолдау көрсетілді. 4700-дей жаңа жұмыс орындары жасақталды. Соңғы жылдары жан басына шаққандағы ІЖӨ артып, ол 6 685 АҚШ долларына теңесті. 2001 жылдан бері елімізге 108 миллиард АҚШ долларымен тікелей инвестиция құйылды. Қазіргі таңда Үкіметіміз осы қаражатты қайта өңдеу секторына бағыттауды қайта қарастыруда. Инвестиция туралы заң ішкі және сыртқы инвесторлар үшін олардың қаражатын экономиканың өндірістік емес саласына салуға тең жағдай туғызады. Бизнесті жүргізу үшін әкімшілік кедергілерді азайтудың барлық шаралары қолға алынуда, – деді Жанар Айтжанова.
Оның айтуынша, еліміз қазір шикізаттық минералды ресурстарды экспортқа шығаруға тәуелді болудан бас тартуға тырысуда. Қазақстан Үкіметі бүгінгі таңда экономиканы әртараптандыруды басты бағыт етіп ұстанып отыр. Дамудың басым бағыттары ретінде мұнай химиясы, фармакологиялық өндіріс, туризм және көлік салалары анықталған.
Мұның бәрі өзімізге белгілі, үнемі естіп жүрген жәйттер болғанымен, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясына мүше мемлекеттер үшін қаперде ұстар тұстар екендігі аңғарылды. Сондықтан да парламентшілер Кеден одағы қазақстандық бизнесмендерге жаңа мүмкіндіктер туғызады деген мәлімдеме төңірегінде де пікір алмасып, сауалдар қоюмен болды.
Осыдан кейін сөз алған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев осы
ұйымның 9 жыл ішінде атқарған тірліктері мен қол жеткен табыстарын атады. Экономика мен қауіпсіздік – бұрынғыдан да бөлінбейтін, бірін бірі толықтыратын және өзара терең байланыстағы түсінікке айналуда. Әрбір елдің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, даму жолымен жүрген кезде ғана ойластырған жоспарларымызды іске асырамыз, деді ШЫҰ Бас хатшысы.
Аталған ұйым бүгінде басқа халықаралық ұйымдармен байланысын дамытып, сондай-ақ бірлескен жобалар мен бағдарламаларды одан әрі жүзеге асырып жатқаны баяндалды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің біріккен рыноктары, минералдары, шикізаттық ресурстары, қуатты өндірістік базасы мен ғылыми-техникалық әлеуеті бар. Біздің елдеріміз ресурстық, кәсіптік, көліктік және ғылыми-техникалық мүмкіндіктерінің арқасында Еуразия кеңістігінде экономикалық байланыстарды бекемдейтін катализаторлар санатына жатады. Бұл жоғары технологиялар саласындағы бірлескен жобалардың, сауда-экономикалық байланыстарды жақсартудың табысты кепілі, деді ШЫҰ Бас хатшысы.
Мұратбек Иманалиев дәл қазіргі таңда ШЫҰ аясында экономикалық ынтымақтастықта құзырлы 20 мамандандырылған органның белсенді жұмыс жасап жатқанын мәлімдеді. Оған қоса кедендік мәселелер, заманауи ақпараттық технологиялар, транзиттік әлеуетті дамыту жөніндегі арнаулы сараптамалық топтар әрекет етіп отырғандығын айтты. ШЫҰ басқа халықаралық ұйымдармен өте тығыз байланыс жасап отыр. Табысқа күшімізді біріктіргенде ғана жетеміз. Тұрақты экономикалық даму, халықтарымыздың әл-ауқатының жақсаруы, жұмыспен қамтамасыз ету – Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты, бейбітшілікті қамтамасыз етудің ең тиімді факторлары, деді ШЫҰ Бас хатшысы осы орайда.
Сондай-ақ, Қазақстандағы Еуропалық Комиссия Өкілдігінің жетекшісі Елші Норберт Жустен мен ЕурАзЭҚ Бас хатшысының орынбасары Мұрат Мұсатаев та осы ұйымдар тарапынан қысқа да нақты мәліметтер беріп өтті.
Трансшекаралық өзендердің басында отырған елдер өктемдік жүргізгісі келеді...
Осыдан кейін парламентшілердің ашық пікірталасы басталды. Сөз алған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Ауғанстан жөніндегі арнаулы төрағасы, Франция Ұлттық ассамблеясының депутаты Мишель Вуазен Орталық Азия елдерінде су ресурстары осы уақытқа дейін нашар басқарылып келгендігін алға тартты. Мақта, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру барысында су қорлары ластанып, бей-берекетсіз пайдаланылғанынан хабардарлығын білдірді.
Арал мен Каспийдің ахуалын алға тартқан депутат, трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалана алмау да мемлекетаралық қатынастарға кері ықпалын тигізіп отырғанынан мысал келтірді.
Расында да солай, судың жоғары жағында отырған елдер оған билік жасайтыны ұдайы көтеріліп келе жатқан проблема. Алғашқы сессия кезінде түрлі мәселелер тілге тиек болғанымен, парламентшілердің трансшекаралық өзендерді ынтымақпен пайдалану мәселесіне қайта-қайта орала беруі тегін емес.
БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Мирослав Йенча сәуір айының басында Орталық Азия мемлекеттерінде болып, Арал өңірін аралап, таң-тамаша болып қайтқанын айтты. БҰҰ Бас хатшысы Арал мәселесі өңірлік деңгейден шығып, әлемдік деңгейде көңіл бөлуді талап ететіндігін атап көрсетті. Осы мәселені шешуде барлық шараларды жасаймыз, деді Мирослав Йенча.
Модератор алғашқы сессияны қорыта келе, Аралға судың келіп жатқанын, адамзаттық қателіктерді жөндеуде халықаралық қоғамдастық алақан жайып отырмағандығын көлденең тартты. – Ресурстарды басқару мен экологиялық мәселелерге ұлттық сипат берудің қажеті жоқ, мұның бәрі баршамызға ортақ, халықаралық мәселелер, деген ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Петрос Эфтимиоудің сөзімен барлық елдердің парламентшілері келісті.
ЕҚЫҰ адам саудасы мәселесіне көз жұмып қарай алмайды
Трансазиялық парламенттік форумның үшінші сессиясы “Адам өлшемі, діни толеранттылық, саяси даму, адам саудасымен күрес, гендерлік теңдік” тақырыбына арналды. Бұл отырыстың жүргізу тізгіні ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Пиа Кристмас-Меллерге тиді.
Бұл отырыста ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күрес жөніндегі арнаулы өкілі әрі үйлестірушісі Мария Грациа Джиаммаринаро ханымның мәлімдемелері өте батыл болғандығын атау керек.
Сессияда бірінші болып сөз алған БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның аймақтық орталығының Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі басшысы Мирослав Йенча:
– Біздің орталығымыздың қақтығыстарды болдырмау мандаты бар. Дипломатия жөніндегі өңірлік орталық 2007 жылы желтоқсанда Ашғабад қаласында жұмыс істей бастады. Бұл бірегей құрылым Орталық Азия мемлекеттерінің өтініші бойынша құрылған. Ақпараттар арасында үнқатысу орнату, бірлескен жобаларды жүргізу, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу, осының барлығы ЕҚЫҰ-ның Орталық Азияға қатысуын қамтамасыз етеді, – деді.
Егер адам құқықтары бұзылатын болса, тұрақтылыққа қол жеткізу өте қиын. Заңдарды сыйламаудың барлығы қақтығысқа жол ашады. Сондықтан қауіпсіздік саласындағы кез келген стратегия адам капиталын, адамның қауіпсіздігін қамтуы тиіс, деді тағы да Мирослав Йенча.
– Адамдарды саудалау, кісіні мәжбүрлі түрде құлшылыққа жегу, гендерлік теңдікті орнату істерінде ЕҚЫҰ үлкен тәуекелдерге барғанын мақтанышпен айта аламын. Қоғамда дәл осындай қасіретті оқиғалар орын алып жатқанда біздің ұйым қол қусырып қарап отыра алмайды, деген Джиаммаринаро осы мәселелермен күресуде кедергілердің де аса көп екендігін жаба-бүркемелеген жоқ. – Адам саудасы жаппай өріс алып барады. Біз осы күнге дейін адам саудасының құрбандығына айналған 500-дей жанның тағдырына араластық. Бұлар – тек ЕҚЫҰ тарапынан қолға алынып, анықталған фактілер. Ал өмірде адам құқығының тапталып, еңбегі қаналып, саудаға түсіп жатқанын анықтау қиын. Адам еңбегін қанау белең алып тұрғанын жасырмау қажет. Еңбек қанаушылығы бар елдерде бұл жаппай сипат алуда, деді ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күрес жөніндегі арнаулы өкілі.
Сол сияқты парламенттік форумда БҰҰ-ның адам саудасына байланысты 5200-дей іс қозғағаны және оны белгілі бір соттар қарап, жеңіл-желпі шешімдер шығарғаны мәлім болды. Әсіресе, жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеушілер де заңның жазасынан оңай құтылатындығы айтылды. Мұның бәрі қылмыстық әрекеттер мен оның құрбандарын көбейтуде. Мұның бәрі қауіпсіздікке қатер төндіретін қылмыстар. Осы мәселелерді кешенді түрде шешуіміз керек. Адам саудасының құрбандары – көбінесе әйелдер мен қыз балалар. Қылмыстық топтар оларды құлшылық торына түсіріп, тәнін саудалауда. Кейбіреулер осыдан құтыламыз деп қаза тауып немесе із-түзсіз жоғалып кетіп жатыр. Сол сияқты тамақ өнеркәсібінде, шахталарда, үй қызметінде қызметі тегін пайдаланылып жатқан әйелдер мен балалар бар. Олардың жастық шағы, білім алу мүмкіндігі, тіпті келешегі жоқ. Құлдар сияқты ұсталады. Соңғы кезде балаларды қайыр сұруға мәжбүрлеу деректері де жиі қылаң беруде, деді ЕҚЫҰ-ның Адам саудасымен күрес жөніндегі арнаулы өкілі Мария Грациа Джиаммаринаро.
Қаншама тағдырларды тақсіретке душар етіп отырған адам саудасын болдырмау үшін күш-жігерімізді біріктіру керектігін алға тартқан Джиаммаринаро:
– Халықаралық құжаттар, ұлттық заңнамалар қабылдау керек, ақпараттар жинап, есептілікті зерделейтін ұлттық орталықтар құру қажет. Және осы жобаларды қаржыландыратын көздерді қарастырған жөн, – деді. Ең бастысы, халықтың арасында адам саудасы бар екендігін ашық айтып, оны болдырмау үшін насихаттық, сақтық, төзбеушілік таныту мақсатындағы шараларды белсенді қолдану қажеттігі сөз болды.
Адамзатты алаңдатқан адам саудасы келеңсіздігін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының еңбек көші-қоны жөніндегі арнаулы өкілі Катрин Ферриер ханым да қуаттап, күн өткен сайын әйелдер де зорлық еңбектің құрбаны болып, мәжбүрлі түрде көшіп жүргендігін алға тартты және оларға төнетін қауіптің де көптігін атады. Адам саудасы мәселе – ЕҚЫҰ айналысатын ең басты мәселе болып тұр, деген Катрин Ферриер еңбек көші-қонын басқарудың түйткілдеріне қатысты ұйымның ұстанымын таратып айтып өтті. Оның пікір-пайымдары осы тақырыптағы пікірталастардың ең тұщымдысы әрі нақтысы болғанын атаған жөн. Форумда бізге мәлім болғаны, бүгінде 700 миллиондай мигранттар бар көрінеді.
Шекаралардан тауарлар ғана емес, адамдар да өтіп жатыр. Адамдарды өз елінен кетуге не мәжбүр етеді? Табыс алшақтығы ма, жоқ әлде ауылдар мен қалалар арасындағы өмір деңгейінің алшақтығы ма? Қандай елдер мигранттар қабылдауға мәжбүр?
Осы сауалдың бәрі жауабын ғана іздемейді, парламентшілерден қоғам алдындағы жауапкершілігі мен жанашырлығын да сұрап тұрғаны ащы ақиқат...
Форум аясында өткен маңызды кездесулер аз емес. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Финляндияның Эдускунттер мүшесі, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Киммо Кильюненмен кездесіп, екі елдің парламентаралық қарым-қатынастарын жандандыру және тәжірибе алмасу мәселелерін сөз етті. Сол сияқты Орал Мұхамеджанов сенбі күні Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Хасановпен кездесіп, төрт мемлекет кіретін осы ұйымның күздегі отырысын келесі жылға қалдырудың жай-жапсарын талқылады.
Ақырғы сөз – қырғыз халқының ақылмандығында
Қырғызстандағы ахуал жөніндегі арнайы комиссияның ой топшылауы осыған сайды. Ол елде болып жатқан белгілі оқиғалар әлемдік қоғамдастықтың елеулі алаңдаушылығын туғызуда. Осы шиеленісіп тұрған өткір мәселенің Алматыда өткен Трансазиялық парламенттік форумның арнайы сессиясында талқылануы бұған және бір айғақ. Өз тарапымыздан тағы бір пайымдауымызды қоссақ, қырғыз – қазаққа бауыр халық. Бұл жайдың өзі әлімсақтан тамыр тартып, жаңа заманда өрісін кеңірек жая түскен ақ таңдай анық ақиқат. Қырғыздың баяғыдағы Шоң Манасы мен қазақтың Ер Көкшесінің достығы бәрімізге мәлім мәңгілік жырдың мәністі тұстарынан саналады. Жайма кекіл жас Шыңғысты шыңға жетелеген Әуезовтің ұлы жүрегіне де сол бауырластық сәулесі себездеген болар. Кейінірек осы айкөл Айтматовтың өзі “Әселім” әнін тудырған біздің Ілия Жақановты: “Сол жігітті зерттеңдерші, түбі қырғыз емес пе екен?” деп ізерлеуінен де қазаққа деген қанда бар жылылық аңғарылады. Осындай туыстық тұрғысынан келгенде қазіргі қырғыз бауырлардың басына түскен қиын жағдай, қияпатты күндерде қазақтың ет жүрегі бөлекше езіліп, бұл қасіретке басқадан гөрі нақ қазақ халқының көбірек күйзеліп қайғыратыны да анық. Ендеше, қырғыздың басына күн туғанда Қазақ елінің ЕҚЫҰ-да төрағалық етіп, төбе би болып отырғанына және бір шүкір демеске болмайтын шығар.
Халық наразылығы сипатында көрініс берген жаппай толқулардың салдарынан бұрынғы жүйе опырыла құлап түсті. Өкіметтегі өзгерістер күтпеген жерден болды. Оқиғалардың даму ауқымы мен шапшаңдығы билікті де, наразылықты ұйымдастырушыларды да қайран қалдырған болуы керек. Қиын ахуалдағы қырғыз елінің астан-кестен бүліншілік пен құрдымға батып, қырғынға ұшырау мүмкіндігі аса үлкен болатын. Нақ осы жағдайда Қырғызстандағы саяси дағдарыстың алғашқы күндерінен бастап азаматтық текетірес қантөгісті болдырмаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігеріне “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемдері” екінші Трансазиялық парламенттік форумына қатысушылар жоғары баға берді. Бүлікші республикадағы сәуір оқиғаларына біздің ел басшылығының жедел араласуын сарапшылар ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың айрықша мәнді нәтижелерінің бірі деп атады.
Форумның Қырғызстандағы ахуалға арналған арнайы сессиясын ашып тұрып ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Жоао Соареш ұйымның осы елдегі арнайы өкілдері Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов пен Сенат депутаты Әділ Ахметовтің білікті іс-әрекеттерін ерекше атап көрсетті. Олар іс жүзінде жанжалдан кейінгі екінші күні дереу Бішкекке келіп, онда Қырғыз Республикасы уақытша үкіметінің басшылығымен, БҰҰ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Еуроодақ, қырғызстандық қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Осы кездесулердің қорытындылары бойынша сарапшылар таяу кезеңдегі Қырғызстан дамуының бірқатар маңызды бағыттарын белгіледі.
Осынау ұсыныстардың мәнісі мен мән-жайын сессия отырысында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Қырғызстан бойынша арнайы елшісі Жәнібек Кәрібжанов егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Оның айтуынша, қоғамдық тәртіпті тұрақтандыру және азаматтар мен олардың дүние-мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ахуалды реттеудегі өзекті фактор болуы тиіс. Шын мәнісінде елдегі зорлық-зомбылық деңгейі күрт өсіп, соның өзі мазасыздықтың негізгі әрі негізді себебіне айналуда. Мемлекеттік билікті нығайтып, конституциялық және құқықтық мәселелерді шешу үшін уақытша үкімет пен саяси партиялардың арасындағы үнқатысуды жолға қою керек, жұртшылыққа көзделіп отырған реформалар жайын бүкпесіз жеткізіп, түсіндірген абзал.
– Қырғызстан халқы өздерінің әлеуметтік жағдайының жақсаруы орайында үлкен үміттер күтеді. Осы орайда экономикалық міндеттерді шешуге ерекше көңіл бөлудің маңызы зор, – деп атап өтті арнайы елші. – Қазақстан, оның үлгісіне ерген Ресей қырғыз шаруаларына тұқым және жанар-жағар май жөнінен көмек көрсетті. Енді көктемгі егісті өткізіп, бір сөзбен айтқанда, бөтеннің бизнесін басып алуды, қылмысты өршітуді қоя тұрып, өз еңбегіңнің зейнетін көретіндей болып жұмыс істеуің керек. Жергілікті өкімет орындары бюджет зәрушілігін төмендетіп, қолайлы инвестициялық жағдай туғызғандары дұрыс.
Өз кезегінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы президентінің Қырғызстан бойынша арнайы өкілі, сенатор Әділ Ахметов уақытша үкіметтің саяси және экономикалық реформаларды, парламент және президент сайлауларын сәтті өткізетіндеріне сенім білдірді. Өкінішке қарай, тағы да қан төгілген Қырғызстанның оңтүстігіндегі соңғы оқиғалар ахуалдың әлі де қалыпқа түспегенін, тұрақтанбағанын танытады, деп сабақтады сөзін елші. Сондықтан да біз өзіміздің жақын көршіміз әрі туысқан халық тарихи мүмкіндікті құр жібермей, мемлекеттік институттардың барлық жүйелерін халықаралық нормаларға сай заңдастырып алуларына тілектеспіз. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанға өз мемлекеттілігінен айрылып қалу қаупі төніп тұр. Қырғыз халқы нақ осыны өзінің ежелгі ақылмандығына салып аңғарулары керек-ақ.
Айтқандай, өткен аптада Ош пен Жалалабадта орын алған тәртіпсіздіктерге байланысты Алматыдағы форумға Қырғызстан делегациясы келе алмады. Оның орнына Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жаныш Рүстенбеков өз еліндегі жағдайды бірсыдырғы баяндап өтті. Мәмілегер әуелі ЕҚЫҰ төрағасының орнында қабылданған дер кезіндегі әрі тиімді де пәрменді шаралар үшін Қазақстан басшылығына үлкен алғысын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, Қырғызстан сәуір айының басында солтүстік пен оңтүстік арасындағы азамат соғысының табалдырығында тұрған. Тек Қ.Бакиевті республикадан тысқары алып шығу ғана жағдайды бәсеңдетіп, жаңа қақтығыстарды болдырмауға септігін тигізген.
– Осынау жауапты қадам әлемдік жетекші державалар көшбасшыларының ой-пікірлерін үйлестіре білген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зор беделін тағы бір айғақтады, – деді Ж.Рүстенбеков. – Біз қазір жаңа құқықтық өріске шығуға талпынудамыз. Басқарудың қандай үлгісін таңдау керектігі жөнінде пікірталастар өрбіп, конституция жобасы талқылануда. Бұл орайдағы түйінді сөзін халық 27 маусым күнгі референдумда айтады.
Қырғызстан елшісі форум делегаттарының назарын Қазақстанмен арадағы шекараның жабылуы халықтың экономикалық белсенділігінің төмендеуіне әкеліп соғатындығына аударды. Бұдан кейінгі жерде Қырғызстан экономикасы іс жүзінде мүлдем құлдырап кетуі ықтимал. Дәл қазіргі уақытта Қырғызстанның үлкен қаржылық қиындықтарды да бастан кешіріп отырғандықтары ешкімге құпия емес. Осы ретте халықаралық ұйымдар, соның ішінде Дүниежүзілік банк, Азия банкі, Еуропа банкі қажетті көмек көрсетуге әзір. Бірақ оларды елдің уақытша үкіметінің әзірге заңнан тысқарылығы тежеңкіреп отыр. Соған қарамастан, олар ахуалдың күрделілігін ескере келе, қаржы бөлуге бейіл білдіруде. Бұл да болса, бір жағынан, ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстанның осы мәселеде ұстанған тұрғысын айқындай түскендей.
“Шекара” мәселесіне түсініктеме бере келе, ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілдері Ж.Кәрібжанов пен Ә.Ахметов қазіргі шақта ол түйінді шешу жолында қырғыз әріптестермен және халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып біздің еліміздің құзырлы органдары жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді. Олай болса, адамдар қозғалысы мен жүк тасымалы жөніндегі уақытша шектеулер екі мемлекеттің де кәсіпкерлеріне шығын келтіріп жатқандықтан, барлық тараптардың да тілегі біреу – шекараны неғұрлым тезірек ашу. Сөйте тұра шекараның ашылуы қырғызстандық билік өз жағындағы ахуалды толық бақылауға алған жағдайда ғана мүмкін болмақ.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының басшылары Киммо Кильюнен және Йоран Леннмаркер, Парламенттік Ассамблеяның вице-президенті Пиа Кристмас Меллер мен Парламенттік Ассамблеяның комитет төрағасы, Қырғызстандағы 2009 жылғы сайлауды бақылау жөніндегі миссияның басшысы Консилио Ди Нино, сондай-ақ Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан және басқа мемлекеттердің парламенттік делегацияларының басшылары белсенді қатысқан пікірталаста Қырғызстан проблемалары қызу талқыға салынып, билік “көше парламентінің” қолында қалған жердегі шиеленісіп асқынған жағдайларға әлемдік қоғамдастықтың үлкен алаңдаушылығы білдірілді. Сарапшылардың пікірі бойынша сәуір дағдарысының салдарынан Орталық Азия өңірінде Ауғанстаннан кейінгі екінші тұрақсыздық ошағы пайда болған. Республика халқы парасатты кеңестерге құлақ асып, проблемаларды шешудің, тығырықтан шығудың бейбіт жолын ақылмандықпен тапқан жағдайда ғана азамат соғысының өртін шығармай басуға болатындай. Одан арғы шиеленісті өршітпей, жағдайды тыншытып, елге гуманитарлық көмек көрсету халықаралық ұйымдардың ізгілікті міндеті болып табылады.
Форум аяқталған күннің ертеңіне ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясы Қырғызстандағы ахуалмен тағы да жете танысып, әділ бағасын беру үшін Бішкекке аттанып кетті.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Айнаш ЕСАЛИ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ. АЛМАТЫ.