Ал бұл күні Мемлекеттік Туымыз төмен түсірілмейді, телевизия мен радио арналарында ойын-сауықтық, концерттік бағдарламалар күні-түні жүріп жатады, көңіл көтеру орындарының жұмысына да еш шектеу қойылмайды. Бірақ осымыз дұрыс па?
Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында барша жұрттың, әсіресе жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс екенін айта келіп: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды», деген пайымы ойға оралады. Демек Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараларды да халқымыздың тарихи санасын қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн емес пе?!
Өткен ғасырдың 20-50-жылдарындағы сталиндік репрессия – халқымыздың тарихындағы нағыз қасіретті кезең болғаны сөзсіз. Алайда кеңес өкіметі тұсында ол туралы шындық толық айтылмай, біржақты да теріс түсінік қалыптастыруға күш салынды. Тарихтағы ақтаңдақтар ақиқаты тек сексенінші жылдардың ортасындағы қайта құру мен жариялылық саясаты кезінде ашыла бастағанымен, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана осы нәубет құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында мемлекеттік деңгейдегі шараларды жүзеге асыруға кірісті. Соның ішінде 1997 жылы 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланса, кейін оған ашаршылық құрбандары қосылып, жыл сайын атап өтіліп келеді.
Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай халыққа арнаған үндеуінде: «Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфандияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар...
Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты... Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», деген еді. Осы тұрғыдан алғанда, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін тиісті деңгейде өткізу үшін арнайы тұжырымдама дайындаған жөн сияқты. Онда бұл күнді жалпыұлттық Аза тұту күні ретінде атап өтудің кешенді іс-шаралары қамтылса игі.
Ал Аза тұту күнін қалай өткізу керек дегенге келсек, жыл сайын 27 қаңтарда атап өтілетін Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараларға назар аударған абзал. Мәселен, бұл күні Еуропа Кеңесіне кірген елдердегі барлық мектепте «Еске алу күні» өткізіледі. Ұлыбританияда Холокост қасіретін бастарынан кешкендер, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысатын рәсімдерден бөлек, шіркеулер, мектептер, университеттер және қалалық кеңестер жұртшылыққа арналған іс-шараларды ұйымдастырады. Израилде Холокост құрбандары болған 6 миллион еврейді еске алуға арналған осы Аза күні бүкіл елде екі минут бойы сирена беріліп, мейрамханалар, кафелер, дискотекалар, театрлар сияқты көңіл көтеру орындары жұмыс істемейді. Ұлтымызға бас болған зиялы азаматтарымызды түгелдей дерлік оққа байлаған нәубет енді қайталанбауы үшін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін біз де өркениеті биік елдерше атап өтуіміз керек деп білеміз.