Оқырманға тосынсый ретінде жол тартқан сыйлықтардың ішінде «Egemen Qazaqstan» газетінің бір ғасырлық шежіресі «Жүзжылдық жылнама» бес томдық жинағы мен ел тарихынан сыр шертетін өзге де құнды кітаптар, смартфон, қолсағат сияқты бағалы дүниелермен қатар, күнделікті тұрмысқа қажет шағын кәдесыйлар да бар.
Жүз мыңнан астам жазылымшының ішінен жолы болып жеңімпаз атанған оқырманымыздың бірі Қостанай облысында тұрады. Арқалық қаласының тұрғыны Асылай Қабылдинаға «Егемен» тағайындаған қабырға сағатын жергілікті пошталық байланыс торабының бастығы Айна Тасқожақызы табыс етті.
Асылай Арқалық политехникалық колледжінде кітапхана қызметкері болып жұмыс істейді.
– «Егемен Қазақстанды» біраз жылдан бері үзбей оқып келемін, газеттің тұрақты оқырманымын. Бас басылымның ең ұтымды жері – аптасына бес рет келеді. Ел өмірінде, әлемде, бүгінгі қоғамда болып жатқан толымды жаңалықтарды газет бетінен күнделікті оқып-біліп отырамын. Мұның сыртында, газет бетінде үлкен ғалымдардың авторлығымен біздің мұғалімдерге қажетті мазмұнды материалдар да жиі жарияланып тұрады. Колледж ұстаздары іздеп таппай жүрген дүниелер осы газеттің бетінен жиі табылып жатады. Сондықтан осы керек болып қалар-ау деген тарихи, әдеби, ғылыми мәні жоғары, салмақты, салиқалы материалдардың тақырыптарын түртіп алып, каталогқа жазып алып отырамын. Кеше поштадан хабарласып, «Қазпошта» ұйымдастырған ұтыс ойынының жеңімпазы атанғанымды және маған арналған шағын сыйлық бар екенін айтты. Бүгін, міне, қолымдағы қабырға сағатын көріп тұрсыз. Нағыз керек дүние. Жұмыс орныма апарып іліп қояйын деп отырмын. Оқырмандарын күтпеген жерден қуанта білетін газет ұжымына алғысым шексіз! – деді Асылай Қабылдина.
Қостанай облысы,
Арқалық қаласы