Сөйтіп қазіргі заманның да өзіндік мал қорғау әдісі табылып жатыр. Бір кезде мал иелері жылқылардың мойнына қоңырау тағып қоятын. Ұры әкетіп бара жатқан малдың қоңырауы шылдырлап қоя бергенде жылқышы оның қолды болғанын бірден сезе қоятын. Тіпті үйірден бөлініп кетіп, теріс жайылған малды табуға да қоңыраудың пайдасы көп тиетін еді. Сол сияқты қазір мал шұғыл қуылып немесе жайылым аумағынан шығып бара жатса электронды чип арқылы смартфонға қоңырау түседі. Ар жағы белгілі, мал иелері, жылқышы – бәрі дереу дабыл шыққан жаққа аттанады...
Қазір Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше фермер малды осылай бақылауға алған. Соның ішінде Уәлиханов ауданында жылқы өсіретін екі азамат осынау заманауи технологияларды пайдалануда. Олардың бірінде 40 бас, екіншісінде 60 бас жылқы бар. Екеуі де GPS-трекерлердің пайдасы көп екеніне көзін жеткізіп отыр. Табындағы бір жылқыға арнайы электронды бау тағылса, тұтастай бір үйірдің қайда жүргенін бақылауға болады дейді олар.
Полицейлер де GPS-трекерлерді орнату – малды қылмыстық қол сұғудан қорғаудың тиімді жолдарының бірі екенін айтып отыр. Тәртіп сақшылары мал ұрлығын болдырмау бойынша профилактикалық жұмысты ауыл тұрғындарымен үнемі жүргізіп отырады.
«Мал ұрлығын болдырмау – негізгі міндеттеріміздің бірі. Аудандағы ірі шаруашылықтардың барлығы малды ұйымдасып бағып, бірнеше бақташы жалдаған. Олар кезекпен бағып, мал қараусыз қалдырылмайды. Қазіргі уақытта халықпен жиналыстар өткізіледі, онда тұрғындар, бақташылар және учаскелік полиция инспекторлары ірі қара малдың жайылуын ұйымдастыру мәселелерін шешеді. Учаскелік полиция инспекторлары бақташылармен әңгімелер жүргізеді, ұрлықтың алдын алуға, жолдың үстіне шыққан жануарлардың кесірінен орын алатын жол-көлік оқиғаларын болдырмауға ықпал ететін ережелерді түсіндіреді», дейді полиция бөлімінің бастығы подполковник Руслан Әлижанов.
Осындай жұмыстар облыстың барлық аумағында жүргізілуде. Соның нәтижесінде, мал ұрлығының саны жыл сайын азайып келеді. Егер 2019 жылы 92 мал ұрлығы тіркелсе, 2020 жылы – 47, 2021 жылы 29 факті тіркелді. Биыл 3 айда 3 мал ұрлығы болды.
Солтүстік Қазақстан облысы