Руханият • 15 Сәуір, 2022

Құнанбай қорымының қабырғасынан құран кітап табылды

1010 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының қоры құнды жәдігермен толықты. 1888-89 жылдары Қазан қаласындағы «Кукубин» баспасынан жарық көрген, Ақшоқыдағы Құнанбай қорымының қабырғасынан табылған Құран кітап музейге табысталды.

Құнанбай қорымының қабырғасынан құран кітап табылды

555 беттен тұратын Құранды 1977 жылы ғалым-дәрігер Ерментай Ысламұлы Семейдегі досына келген сапарында тапқан. Бұл құнды жәдігерді 14 сәуір күні Алматы қаласынан арнайы келіп, Абай елінің тумасы, техника ғылымдарының докторы, халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі Академиясының академигі Бақдәулет Құмар Абай музейіне тапсырды.

,

Б.Кәкімұлының айтуы бойынша Е.Сламның Мәскеудегі И.М.Сеченов атындағы №1 медициналық институтының аспирантурасында бірге оқыған Орынбасар Бейсенбин деген досы сол жылдары Семей медициналық институтының нефрология бойынша кафедра меңгерушісі қызметін атқарған. Ақшоқыда өткен досының үйлену тойына Алматы қаласынан келген Е.Слам Құнанбай қажының қорымы барын естіп, құран оқып қайтуға зират басына барады. Жергілікті кірпіштен қаланған қорымды айнала жүріп, үш жақ қабырғасы құлағанын байқайды. Құламаған солтүстік жақ ұзын қабырғаның жоғарғы жағында таушалай қаланған қобдиша тәрізді тесіктің аузын көрген екен. Сол жерге қолын созып көріп, ішінен қалың кітапты байқайды. «Сыртқы беттері қатты, шеттері дымқылдау сарғайған құран кітабын көріп, қатты толқыдым», деп өз естеліктерімен бөліскен екен. Ақ орамалға орап Алматыға алып кеткен бұл қасиетті кітапты 45 жылға жуық өз жеке архивінде сақтаған.

2021 жылы ғалымдар жиналған тойда Бақдәулет Кәкімұлымен кездесіп, осы сырымен бөліскен. Сол сәтте ұзақ жылдар сақталған құнды жәдігерді аманат етіп тапсырып, Абай еліне қайтаруын өтінген екен.

Қолына түскен кітапты музейге тапсырмас бұрын Б.Құмар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қайдан, қашан шыққанын анықтап алуды жөн санапты. Осы орайда Құран ғаріптерін терең зерттеп шұғылданған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетіне қарасты «Жазба жәдігер рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зубайда Шадқам және «Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия» кафедрасының доценті Шынар Калиева үлкен қолдау білдірген. Сондай-ақ зерттеу барысында кітап ішінде бет көлемі кіші басқа құранның 14 беті де болғаны анықталған.

Ғалым 19 ғасырда шыққан бұл кітапты Абай музейіне тарихшы-ғалымдардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен табыстап, музей ауласына Алматы қаласынан арнайы әкелген ағаш көшеттерін отырғызды.

Ата-бабадан қалған бай мұрамыздың, хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығына байланысты құнды жәдігерлеріміздің тарихынан сыр шертетін дүниелерді жинақтап, болашақ ұрпаққа насихаттауда Абай музейінің атқаратын рөлі ерекше. Алдағы уақытта да Абай музейі тарапынан ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.

 

Арай Талғатқызы
Абай музейінің баспасөз қызметі