Сұхбат • 17 Сәуір, 2022

Ералы Тоғжанов: Ең бастысы, коронавируспен күресуді үйрендік

1883 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда жаңа геосаяси сын-қатерлерге байланысты коронавирус пандемиясы бұрынғыдай қорқынышты көрінбейді. Бірақ бұл қауіпті толығымен еңсердік пе, COVID-19 біздің қоғамға қалай әсер етті, бұдан қандай сабақ алдық? Осы жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановпен кеңінен әңгіме өрбіттік.

Ералы Тоғжанов: Ең бастысы, коронавируспен күресуді үйрендік

– Қазақстанда коронавирус індетін іс жүзінде жеңдік деп айтуға бола ма?

– Иә, қауіп барынша төмендеді. Бүгін­­де осы вируспен ауырудың ең тө­мен­­гі деңгейі сақталып тұр, яғни тәу­лігіне шамамен 20 науқастай ғана анық­талып отыр. Індет қарқынының бә­сең­деуіне Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жағдайдың тұрақтанғаны ықпал етіп жатыр. Әрине, біз жаңа «рецидивтерді» жоққа шығармаймыз, жаңа штамдар­дың пайда болуын ескере отырып, ар­қаны кеңге салуға әлі ерте екенін білеміз. Айталық, көптеген мем­лекетте, оның ішінде Қазақстанмен көр­шілес орналасқан елдерде «стелс-омикрон» штамы тіркеліп жатқаны баршаға мәлім. Бұл аурудың таралуы Азия-Тынық мұхиты аймағында, атап айтқанда, Қытайда, Малайзияда және Таиландта тіркелген.

Ең бастысы, біз коронавируспен кү­ресуді үйрендік. Бүгінде қалыпты өмір­ге оралудың уақыты келді деп ойлаймын. Адамдардың тыныш өмір сүруге, толыққанды жұмыс істеуге, қорықпай қарым-қатынас жасауға мүмкіндік болуы керек. Осындай мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында біз ең маңызды шектеулердің бірін жойдық, көршілес үш елмен: Ресей, Өзбекстан жә­не Қырғызстанмен құрлық шекарасын аш­тық. Көптеген мемлекетпен әуе қаты­на­сы қайта жанданды. 57 ел үшін визасыз режім қалпына келтірілді. Бұл ретте Қазақстанға кірерде ПТР-тесті­леуді мін­детті шарт ретінде қалдырдық. Өйткені бұл – эпидемиялық жағдайды ба­қы­лауға көмектесетін шаралардың бірі. Со­ны­мен қатар ұжымдарда, адамдар көп жи­на­латын жерлерде маска тағу талабын кү­шін­де қалдырдық. Халық, негізінен, осы­ған дағдыланып та қалды. Жапония, Қы­тай, Сингапур сияқты көптеген елде пан­­де­миядан бұрын да маска тағу режімі қа­­лып­ты жағдайға айналған, себебі жұқ­па­лы аурулардың басқа да көптеген түрі бар.

Біз ең қатаң антиковидтік шектеулер енгізілген 2020 жылға талдау жүргіз­ген кезде тұмау аурулары екі есеге төмен­дегенін анықтадық. Сондағы негіз­гі себеп – шектеу шараларының оң әсері. Яғни санитарлық нормаларды сақ­тау, оның ішінде маска тағу – тұмау ауруы­ның төмендеуіне ықпал етті. Мен бұл туралы неге айтып отырмын? Себебі тұмау да өлімге және ауыр асқынуларға әке­леді, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарға қауіпті. Сондықтан біз­дің халық та маска тағу мәдениетіне үй­рен­гені дұрыс. Бұл күнделікті өмірдің дағдысына айналуы керек.

– Қазақстанда пандемия жария­ланған алғашқы күннен бастап ве­домст­воаралық комиссия құрылды. Оның жұмысы қаншалықты нәтижелі болды?

– Ведомствоаралық комиссия 2 мыңнан аса жедел және ұтымды шешім қабылдады. Бұл шешімдердің барлығы халық денсаулығын қорғаудың нақты мәселелерін тиімді шешуге бағытталды. Пан­демия кезінде халықаралық тәжі­рибені ескере отырып, аурудың алдын алу, емдеу, шектеу шараларын енгізу тәсілдері үнемі жетілдіріліп отырды. Біз індетке қарсы күрес пен елдегі іскерлік белсенділікті сақтау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырыстық.

2020 жылды еске түсірейік. Бастап­қыда коронавирусты емдеу хаттамасы ай сайын өзгеріп тұрды. Біз басында өкпені емдеуге ерекше назар аудардық. Ал мәселе қан тамырларына байланысты екен. Жағдай көрсеткендей, біз қатерлі ісік, қант диабеті, жүрек-тамыр жүйесі аурулары бар адамдарды ең алдымен жоғалтатынымызды түсіндік.

Бірінші толқын кезеңінде бар­лық оқушы онлайн білім алуға көшті, ел өңір­­леріндегі эпидемиялық жағ­дай­ды баға­лау матрицасы пысық­талды. Био­ло­гия­лық қауіпсіздік проблемалары­ның ғы­лы­ми-зерттеу институты базасында қазақ­стандық вакцинаны әзірлеу басталды.

Ал 2020 жылдың қараша айында бас­талған екінші толқын кезінде ауру саны мен денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүк­темені ескере отырып, сараланған түрде карантиндік шаралар қабылданды. Ақпан айынан бастап халықты КВИ-ге қарсы егу басталды. Мониторинг топтары құрылды.

– Вакциналау өз тиімділігін көр­сетті ме?

– Әрине. Бүгінде халықтың 55%-ы вак­цина алды. 10,5 миллионға жуық азамат толық вакциналаудан өтті, 3,5 миллион адам қайта вакцина алды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бастапқыда вакциналармен қамтамасыз етуде үлкен проблемалар болса да, кейінірек бұл мәселені де шештік.

Бірінші кезекте Қарағанды фар­ма­цевтикалық кешені базасында «Спутник V» вакцинасы өндірісі іске қо­сылды. Кейіннен ұлттық биологиялық қауіпсіздік институтында біздің мамандар әлемде қолданылатын 14 вакцина­ның бірі ретінде отандық QazVac препаратын шығаруға кірісті. Осы орайда мен отандық ғылымды жоғары халықаралық деңгейге көтере алған барлық ғалымдарымызға алғыс айтамын. Қазақстан – өзінің вакцинасын әзір­леген әлемдегі бесінші ел. Бұл – үл­кен жетістік. Бүгінде препараттың айы­на 500 мың дозасы өндіріледі, оның тиімділігі – шамамен 86%, әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Коронавирустың пайда болуы мүмкін жаңа штамдарынан халықты одан әрі вакциналау арқылы ғана сақтауға болады. Сондықтан вакциналау және ревакциналау үшін қосымша 3 млн-нан аса доза қамтамасыз етілді. Бұл – QazVac, SinoPharm және Pfizer вакциналары.

– Жұрт денсаулық сақтау сала­сын­дағы қордаланған барлық мәселенің ше­ші­мі індет келмей тұрып ойластыры­луы керек еді деп ашына айтып жүр...

– Иә, пандемия ауыр стресс-тестке айналды. Шынын айтқанда, біздің ден­саулық сақтау жүйесі мұндай сынақ­қа дайын емес еді. Дәрі-дәрмектер, жаб­дықтар мен ауруханалар жетіспеді. Дүрлігіп қалдық.

2012 жылдан 2020 жылға дейін рефор­малар нәтижесінде санитарлық-эпи­­де­миологиялық қызметтен екі мың­нан аса маман кеткен. Бұл салаға деген көзқарас дұрыс болмағанын көр­сете­ді. Ал қиюы кеткен жүйені қал­пы­на кел­тіру қашанда қиын және қар­жы­лық жағы­нан да шығынды болады. Нәти­жесін­де, мәселені «өрт сөндіру» әдіс­тері­мен шешу­ге тура келді. Көптеген ауру­хана күр­делі кезеңде стационарлық ин­фек­­ция­лық орталықтарға қайта бейім­дел­ді. Бірақ бұл да жеткіліксіз еді. Сон­дық­тан біз қысқа мерзімде 16 модуль­дік инфек­циялық орталық салуға мәжбүр болдық.

Шалғайдағы ауылдарда жылжыма­лы медициналық кешендер, қажет­ті жабдықтар жетпей қиналдық. Нәти­жесінде, 185 аудандық аурухана рентген диагностикалық аппараттарымен жаб­дықталып, мобильді дәрігерлер топтары құрылды. Біз оларды жылжымалы ме­дициналық пункттермен қамтамасыз ет­тік. Бұл – тексерулердің 7 түрін жүр­гізу­ге болатын 100 жабдықталған машина.

Сондай-ақ 64 оттегі стансасы пай­да­лануға берілді, үш мыңнан аса ӨЖЖ аппараты сатып алынды. Жедел ме­дициналық көмек қызметі үшін 1 367 автокөлік берілді. Міне, оңай болма­са да (тәулігіне ауру саны 8 мың адамға дейін барды) осылай үшінші толқыннан бастап біз дүрлігу кезеңінен шығып, тұрақты жұмыс істеуге көштік. Жағдайға толығымен бейімделдік.

Тұрғындар дәрі-дәрмектермен барын­ша қамтамасыз етілді, қажет бол­ған жағдайда өңірлерге ұшақтармен жет­кізілді. Ауруханаға жатқызу қажет бол­маған жағдайда дәрігерлердің қадаға­лауымен үйде емдеу жүргізілді. Бүгінде Қазақстанда осындай сын-тегеуріндерге қарсы тұра алатын материалдық-тех­никалық база да, кадрлар да бар.

Халық өмірге деген көзқарасын өз­гертті. Бұл, ең алдымен, өзара жауап­кершілікке қатысты. Өйткені індет­тің алғашқы кезеңінде адамдар өз ден­саулығына және жанындағы адам­дардың денсаулығына немқұрайды қара­ды. Мысалы, екінші толқынның ең қауіпті кезеңі болған 2020 жылдың қыр­күйегінен қарашасына дейін 7 мың азаматымыз шетелге демалысқа шы­ғып кетті. Олардың 85%-ы елге қайт­қанда коронавируспен ауырып оралды. Біздің отандастарымыз­дың кетуін талап еткен қаншама елде жанжалдар болды. Азаматтарымызды үйге жеткізу үшін бізге 272 чартерлік, 22 арнайы авиациялық рейстер, пароммен 50 рейс, 40-тан астам автобус рейстерін ұйымдастыруға тура келді.

Ал қаншама мерекелік іс-шара жасырын, жұртты артқы есіктен кіргізіп өткізілді? Бұл, негізінен адам түсінуге болмайтын жағдай, өзіне және басқаларға деген қастандық деуге болады. Жасырын мерекелерге қатысқандардың 80%-ы біраз уақыттан кейін ауруханаға түсті. Осы уақытта өлім-жітім де жоғары болды. Адамдар өз өмірін және басқалардың да өмірін қатерге тікті. Біздің алдымызда осы қарапайым шындықты түсіндіру, халыққа жеткізу мақсаты тұрды.

Коронавирус өмірдің барлық саласына деген көзқарасты қайта қарауға мүмкіндік берді. Мысалы, пандемия жедел түрде қазақстандық мектептерде онлайн оқытуға көшуді талап етті. Бірақ белгілі болғандай, мұндай жұмыс режіміне бәрі бірдей дайын емес еді. Оқу орындарының балансында тұрған көптеген компьютер тек ресми түрде болған, кейбіреулері тіптен жұмыс істемейді екен. Осының бәрі оқытудың тиісті деңгейін қамтамасыз етуге кедергі болды. Компьютерлердің жетіспеушілігі өз кезегінде тағы бір мәселені көтерді. Осы техниканы өндірумен айналысқан 24 компанияның тек төртеуі ғана өнімді қажетті көлемде шығара алады екен.

Жұмысты бір күнге тоқтатуға болмайтын тау-кен, мұнай-газ секторларында, жолаушылардың ұшу кезіндегі және қалалық көлікте жүргендегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, қызмет көрсету және т.б. салаларда үлкен проблемалар болды. Соның барлығын тек Ashyq жобасын енгізу арқылы ғана шештік. Біздің еуропалық әріптестеріміз атап өткендей, бұл тәсіл бизнестің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ең тиімді тәсіл болып шықты. Осы мобиль­дік қосымшаны енгізу есебінен, тіпті ең ауыр кезеңде де жұмыс орындарын сақтап, халықтың табысын қамтамасыз ету мүмкін болды.

– Дәрі-дәрмек бойынша мына мәселеге де нақтылай тоқталсаңыз: Елде дәрі жетіспей жатқан кезде гу­ма­нитарлық көмек ретінде жол­данған препараттар қоймаларда айлап немесе одан да көп уақыт жатып қалды. Неге бұлай болды?

– Бұл – заңнамалық кемшіліктер мә­се­лесі. Ол кезде бұл мәселелермен, оның ішінде шығыстардың тиісті бабын талап ететін кедендік операциялармен қай мемлекеттік орган айналысуға тиіс екені туралы нақты өкімдер жоқ еді. Тіпті Денсаулық сақтау министрлігі де, СҚ-Фармация да қажетті өкілеттіктерге ие болған жоқ. Сондықтан аталған мәселені де жедел шешуге тура келді.

– Бұл да пандемия «ашқан» кемшіліктің бірі ғой?

– ВАК-тың 2 мың шешімінің ең көп бөлігі осындай тәртіп мәселелеріне байланысты болғанын айтқым келеді. Себебі күн сайын алдымыздан жедел шешуді қажет ететін жаңа қиындықтар туындап тұрды.

– Осындай мәселелердің бірі қазақстандық вакцинаны тіркеу болды ма? Неліктен ДДҰ әлі күнге дейін QazVac-ты тіркемей отыр?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac вакцинасын тіркеуі үшін Қазақстан ұлттық реттеушіні үшін­ші деңгейге дейін жеткізуі қажет. Бас­қа­ша айтқанда, республиканың сани­тар­лық-эпидемиологиялық қыз­меті­нің ма­териалдық-техникалық базасы халық­аралық стандарттарға сәйкес бо­луы тиіс. Осының барлығын ретке кел­тіру үшін 3 жылдан 5 жылға дейін уа­қыт кете­ді деген сарапшылар пікіріне қара­мас­тан, біз былтыр іс жүзінде 7 ай­дың ішін­де Қазақстанды ұлттық рет­теушінің екін­ші деңгейіне шығардық. Бұл фактіні біз­дің еліміздің халықаралық талаптарға сәйкес­тігін тексерген ДДҰ арнайы комиссиясы растады. Биыл жыл соңына қарай үшінші деңгейге шыға аламыз деп ойлаймын.

– Тағы бір түсінбеушілікті тудыр­ғандар – антиваксерлер. Әлемдік ғылымның жетістіктерін жоққа шығаруға бағытталған осы заманауи трендті жеңе алдық па?

– Менің ойымша, мұнда жеңілгендер жоқ. Жеңімпаздар, бәлкім бар – бүкіл ел, себебі көптеген адам вакциналауға түсі­ністікпен қарады. TALAP қолдан­балы зерттеулер орталығының дирек­торы Рахым Ошақбаев бастаған қоғам­дық топ өте жақсы жұмыс істеді. Рақ­мет! Вакциналаудың пайдасын түсін­діруге көптеген сарапшы, қоғам белсен­ділері мен журналистер, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтар қосылды.

– Неліктен мұндай сенімсіздік пайда болды деп ойлайсыз?

– Бұл тақырыпта хайп көп болды. Вакциналау мүгедектікке немесе тіпті өлімге әкелуі мүмкін екені тура­лы әртүрлі мәліметтер таралды. Әри­не, белгісіздік адамдарды әрқашан қор­қы­тады. Бірақ бірте-бірте фактілерге сүйе­не отырып, өздері жасаған вакцинамен экс­перимент ретінде вакциналанған био­ло­гиялық қауіпсіздік институтының дәрі­герлерінің үлгісімен, беделді дәрігер­лер­дің ақыл-ойы мен пікіріне сүйене оты­рып, біз жағдайды өзгерте алдық.

Мен вакциналаудың маңыздылығын түсінген ел азаматтарына алғыс айтамын. Мысалы, өзім QazVac-ты салдырдым, бәрі жақсы болды. Бұл – біздің вак­цина, өз өндірісіміз. Бұл жағынан бақытты елміз деп айта аламыз, өйткені көптеген елде иммундау проблемалары бар немесе вакцинаға колжетімділік шектеулі.

– Қай елдер? Африка елдері ме?

– Олардың қатарында Африка елдері де бар. Тіпті Орталық Азияда да вакци­намен қамтамасыз етуде елеулі проблемалар болды. Негізінен, ұжым­дық иммунитеттің болмауы және коро­на­вирустың жоғары жұқпалы деңгейі ел­дер арасындағы әуе қатынасын тоқ­татуға, темір жол қаты­насын барынша шектеуге алып келді. Бұл өте үлкен қиыншылықтар тудырды. Сіз бұрын иесіз қалған қалаларды, бос қалған базарларды көрген бе едіңіз?!

– Коронавирус таралуының ең күр­делі, ең қауіпті кезеңінде сіздің өмірі­ңіз бен жұмыс кестеңіз қандай болды?

– Ең күрделі уақытта біз түн ортасына дейін жұмыс істедік, кейде ұйықтамай таңертеңге дейін де жүрдік. Бір күні таңертең Премьер-Министр Асқар Мамин маған қоңырау шалды. Мен оған: «сағат әлі 5.30 ғой» дедім. Сонда ол: «сіз әлі жұмыста емессіз бе?» деді. Міне, осындай режімде өмір сүрдік.

Жұмыста түнедік. Мен ең ауыр кезең­­де вирусты жұқтырып алдым. Бар­­лық санитарлық талаптарға сәйкес үйде, кемінде екі апта емделуім керек еді. Бірақ мен жұмысты тастай ал­ма­дым. Сондықтан өз кабинетіме қама­лып, жұ­мысты жалғастырдым. Дәл осы қарқын­мен шамамен үш ай жұмыс істеу­ге тура келді – 2020 жылдың маусы­мы­нан тамыз айына дейін. Қыркүйек айын­­да материалдық база құрылып, дәрі-дәр­мектермен және медициналық бұйым­дар­мен қамтамасыз ету біршама жеңілдеді.

– Атқарушы билік пандемиядан қандай сабақ алды? Тағы не өзгерту керек?

– Бірінші кезекте күн тәртібінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметті одан әрі күшейту мәселесі тұр. Вирус дегеніміз не? Оны көзбен көрмейсің, қолмен ұстай алмайсың, бірақ бұл – үлкен қауіп-қатер. Пандемия ұлттық биоқауіпсіздік мәселесін алға тартты. Сондықтан мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, ғылыми қызметті ұйымдастыру және білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ биологиялық қатерлерді болжау, анықтау, талдау және бағалау жүйесін дамыту мәселелеріне бірінші кезекте назар аудару маңызды.

Бұл халықтың денсаулығына ғана емес, ветеринария саласына да қатыс­ты. Ел аумағында ветеринариялық пре­параттардың 19 өндірушісі тіркелген. Мысалы, 2021 жылы вакциналардың 16 түрі өндірілді, бұл барлық қажеттіліктің 76,2%-ын құрайды, 2019 жылы – 12 түрі (66,7%), 2020 жылы – 14 түрі (70%).

Сыртқы сын-қатерлерге біз өзіміздің жарақтандырылған зертханаларымыз бен кәсіби ғылыми кадрларымыз болса ғана қарсы тұра аламыз. Осыған бай­ланысты, Мемлекет басшысының тап­сырмасымен Қазақстанда имму­нобиологиялық препараттар шығаратын жаңа биофармацевтикалық зауыт салынып, іске қосылды.

– Жоғарыда сіз коронавирус құр­бан­дары көбінесе созылмалы аурулары бар адамдар болғанын айттыңыз. Демек адамдар өз денсаулығына деген көзқарасын өзгерту керек қой?

– Менің ойымша, көпшілігіміз адам денсаулығының 50%-ы өмір салтына байланысты екенін түсіндік. Денсаулық­ты бірқатар фактор қалыптастырады. Бұл – экология, адамның қанындағы тектік ақпарат және жаман әдеттер. Сон­дықтан болашақта республикада ал­ғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру көлемі бүгінгі 54%-дан 64%-ға дейін ұлғаяды, «Дені сау ұлт» бағдарламасы қабылданады. Барлық күш-жігерді емдеуге емес, аурудың алдын алу­ға бағыттау маңызды. Өйткені емдеу – ол аурудың салдары, ал біз себебімен күресуіміз керек.

Бұл тұрғыдан біз бірқатар жүйелі шараларды қарастырдық: құрамында қанты бар сусындарға акциздерді енгізу (2023 жылдан бастап 20%-дан 2025 жылға дейін 45%-ға дейін); темекі өнімдеріне акцизді кезең-кезеңімен арттыру (2022 жылдан бастап 2025 жылға қарай 10,8%-дан 19,0%-ға дейін); аурулардың алдын алу мәселелеріне халықты кеңінен тарту. Осы және басқа да шаралар кешенді түрде 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 30%-дан 45%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Аурулардың алдын алу үшін бұ­қаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, 2025 жылға қарай спортпен айналысатындардың көрсеткішін 50%-ға дейін жеткізу міндеті қойылған. Жақын жерде спорттық инфрақұрылым болмаса да, күніне бес мың қадам күнделікті таза ауада серуендеу үлкен сауықтыру әсерін береді.

– Сіз адамдардың санасы өзгеруі керек деп айтасыз. Мүмкін, оның ішінде шенеуніктер де бар шығар. Өйткені бізде жақсы бағдарламалар көп, бірақ нәтиже аз.

– Мен келісемін, кемшіліктер бар. Бі­рақ тіпті бір отбасының балалары да әр­түрлі келеді емес пе? Екінші жағынан, би­лік пен халық арасындағы бүгінгі қа­рым-қатынас жүйесінде оң өзгерістер қалып­тасып келе жатқанын баршамыз көріп отырмыз. Бұл – Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының міндеттеріне сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыс. Қазір кемшіліктерді жасыру мүмкін емес. Шенеуніктің жұмыс барысында жіберген кез келген олқылығы міндетті түрде көрініп тұрады. Қазір журналистер мен блогерлер үшін тыйым салынған тақырып жоқ. Сондықтан мем­лекеттік қызметкерлер де өзгеріп келеді. Ал осы жүйелік өзгерістерге сәйкес келмейтін адам бұл ортадан кетеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»